8.08.2019, 18:50
Қараулар: 123
Алтын құрсақ аналар алаңсыз өмір сүрсе екен

Алтын құрсақ аналар алаңсыз өмір сүрсе екен

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ биылғы жылдың мамыр айынан бастап көп балалы отбасыларға  2 пайыздық ипотека бере бастады. Бұл бағдарлама аталған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге негізделген. Оған төрт және одан көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар қатыса алады.

Аталған бағдарламаға сәйкес 12 млн. теңге займ көлемінде алғашқы 8 жылда төлем 60 мың теңге шамасында, ал қалған 11 жылда 44 мың теңге деңгейінде болады. Осы бағдарлама аясында құрылыс салушылардан жаңа пәтерді алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар аталған отбасылардың таңдауын кеңейту үшін ертеректе пайдалануға берілген пәтерлерді, жеке тұрғын үй түріндегі баспананы алу мүмкіндігі жасалады. Бұл бағдарламада бастапқы жарна 10 пайызға дейін төмендетілген. Аталған санаттағы отбасы 12 млн. теңге тұратын пәтерді сатып алу үшін салымда 1,2 млн. теңге болса жеткілікті.

Биылғы қыста Астана қаласындағы көп балалы отбасылардың бірінің кенеттен тап болған қасіретіне қоғам, ел болып қайғырдық. Шыны керек, сонау «тоқырау заманы» деп аталып кеткен тоқсаныншы жылдары ауылдық жерде жұмыссыз қалған ағайындарымыз жаппай қалаға қоныс аударды. Сол кездері басталған урбанизация қазір де бәсеңдей қойған жоқ. Кеңес заманында жағдайы дүркіреп тұрған ауылдардың бірқатары қаңырап бос қалса, біразының ажары қашты. Бірақ ауылдан үдере көшкен қандастарымыздың барлығын бірдей қалада «жайлы жағдай» күтіп тұрмады. Ауылдағы үйін, алдындағы азын-аулақ малын сатқан қаражатқа шаһардан баспана алудың өзі қиын. Онсыз да халық саны күн санап өсіп келе жатқан облыс орталығынан отбасын асырайтын жұмыс табудың өзі ақырет. Амал нешік, екі қолға бір күрек таба алмағандары базар жағалап, жүк түсіруші, арба сүйреуші болып еңбек  етулеріне  тура  келді.

Отбасының жарқын болашағын аңсап, қалаға көшкен бауырларымыздың біразы баспанаға қол жеткізе алмай, жатақхана немесе пәтер жалдауға мәжбүр болды. Жақсы жалақы алып, жағдайы жеткендері қаланың қақ ортасынан уақытша баспана тапса, енді бірі тұрмыс кешу үшін еш жағдай жасалмаған саяжайларды, біреудің ауласындағы лашықтарды жалға алуда. Тіпті көгілдір отын, электр жарығы, ауыз су, қатынайтын жолы жоқ қала маңындағы саяжайлардың өзі бүгінде қандастарымыз мекендейтін шағын ауылдарға айналды.

Биылдан бастап мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде аз қамтамасыз етілген азаматтарға қолдауды күшейтуге бағытталған жұмыстар жандануда. Әр облыста үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көп балалы отбасыларға жалдамалы пәтерлер салу, әр балаға атаулы әлеуметтік көмек беру  жұмыстары  атқарылуда.

Облыстық құрылыс басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда облыста тұрғын үйге мұқтаждар есебінде 25 635 азамат тіркелген. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының екі мүгедегі, 9 327 әлеуметтік жағынан аз қамтылған, 1 359 көп балалы отбасылар, 2 692 жетім бала, 11 825 бюджеттік және мемлекеттік қызметшілер, үйлері апатты деп танылған 430 азамат бар екен. Өткен жылы облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға 446 пәтер берілген. Яғни Орал қаласында 285 отбасы, аудан-ауылдарда 161 отбасы баспаналы болған. Оның ішінде 231 пәтер ата-анасыз қалған балаларға және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде 28 пәтер көп балалы жанұяларға берілген. Биыл облыс бойынша көп балалы отбасыларды сатып алу құқығынсыз жалдамалы 244 пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлініпті. Биылғы мамыр айында көп балалы отбасыларға жаңа  34 пәтердің кілті табысталды. Сонымен қатар маусым айының басында Қаратөбе ауданында көп балалы отбасыға пәтер берілді. Бұған қоса Теректі ауданында 23 пәтер басқа санаттар бойынша кезекте тұрған азаматтарға ұсынылған. Тамыз айында Орал қаласындағы көп балалы отбасыларға 46 пәтер және Бөкей ордасы ауданында 32 пәтер беру жоспарлануда.

Жалпы, биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес облыс бойынша 21 көп қабатты тұрғын үйдің, ал аудан-ауылдарда 434 пәтерді құрайтын 119 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тозығы жеткен апатты үйлерді бұзып, орнына жаңа үйлер салу бойынша төрт көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ облысымызда «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында нақты әлеуметтік шаралар қабылданып, бүгінгі күні жүзеге асырылуда.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Раушан Саттықованың айтуынша, біздің өңірде 6 912 көп балалы отбасы тіркелсе, олардағы бала саны 28 253-ті құрайды.

– Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, облысымызда атаулы әлеуметтік көмектің көлемі мен тағайындау тетігінің жаңа форматын қолданысқа енгізу бойынша ауқымды шаралар атқарылды. Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап жүйелі түрде ақпараттық-түсінік жұмыстары жүргізіліп, атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар қабылдау бойынша күн сайын мониторинг жасалуда. Осы жылдың 2 тамызына дейін 10 646 отбасына (қайта есептеуді қоса алғанда) оның ішінде 54 473 адамға, 31 223 балаға 2,7 млрд. теңге АӘК төленді. Бұл бағытты қаржыландыруға бюджеттен барлығы 5,2 млрд. теңге бөлінсе, оның 4,8 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 0,5 млн. теңгесі жергілікті қазынадан қарастырылды. Биылғы жылдың 1 сәуірінен АӘК алушылардың саны 4,5 есеге артты, жыл соңына дейін 58,5 мың адамды қамту күтілуде. Бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмекті көрсету механизмдерін жетілдіруде кемшіліктерді, алаяқтық жағдайлар мен проблемалық мәселелерді талдауды ескере отырып, облыста АӘК тағайындалу дұрыстығына ревизия жүргізілуде, – дейді Раушан Саттықова.

Міне, мемлекет қолға алған бағдарламалардың нәтижесі осындай. Әрине, бұл күні ертең көп балалы, табыс-кірісі мардымсыз отбасылардың барлығын бірдей тұрғын үймен немесе жәрдемақымен қарық қыламыз деген сөз емес. Дейтұрғанмен, жоғарыда аталған істердің барлығы соларға жақсы жағдай туғызуға бағытталып, жасалуда. Бірақ «Маған мемлекет беруі тиіс» деп қол қусырып, қарап жататын да заман емес. Әр адам нарықтың парқына бейімделіп, өз күнін өзі көруге,  «аз қамтылған» деген атауы жаман аттан ада болуға тырысқаны аб-зал.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар