8.08.2019, 18:39
Қараулар: 382
Қылышын сүйретіп қыс келеді…

Қылышын сүйретіп қыс келеді…

Сәрсенбі  күні  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиевтің  төрағалығымен  өткен  селекторлық  жиында  өңірде орын алған  табиғи  төтенше  жағдайдың  салдарын  жою жұмыстары  мен  қысқы  жылыту  маусымына  дайындық барысы  пы-сықталды. Облыстық  төтенше  жағдайлар департаментінің,  коммуналдық  кәсіпорындардың,  білім беру,  денсаулық  сақтау  басқармаларының  басшылары  және  барлық  аудан  әкімдері  қала  мен  даладағы  жағдайды  баяндап,  шешімін  күткен  мәселелерді  ортаға  салды.

– Осыдан екі күн бұрын облыс аумағында болған дауыл бірқатар мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне зиян келтірді. Ең алдымен, біз зардап шеккен әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіруіміз керек. Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Кезекті жылыту маусымының басталуына да аз уақыт қалды. Қолға алынған іс-шараларды анықтап, орын алған күрделі мәселелерді бірлесе шешу үшін жиналып отырмыз, – дей келе өңір басшысы Ғали Есқалиев облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтан 5-6 тамыздағы жойқын дауылдың салдарын жою жұмыстары жөнінде сұрады.

– Қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, тәулік бойы қызмет көрсететін қауырт желі іске қосылды. Оған қоса  «112» және «109» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтеріне келіп түскен хабарламалар бойынша да шаралар қабылданды. Жойқын дауыл астында қалған 5 адам, оның екеуі бала, түрлі дәрежедегі жарақат алғаны белгілі. 2011 жылы туған қыз бала ауруханада, қалған зардап шегушілер амбулаториялық ем-дом алу үшін үйлеріне жіберілді.

Облыстағы 20 ғимараттың төбе жабынын қатты жел ұшырып әкетті (Орал қаласында – 4, Бәйтерек ауданында – 4, Қазталов ауданында – 5, Жәнібек ауданында – 4, Тасқала ауданында – 3). Бүгінгі күні комиссия құрылып, келтірілген шығын нақтылануда.

Теректер мен ірі бұтақтардың құлауы бойынша 60 оқиға тіркеліп, салдарынан 10 аутокөлік зақымданған. Қазір төтеншеліктер мен коммуналдық кәсіпорындардың күшімен көшелер мен аулаларды құлаған ағаштардан тазалау жұмыстары жүргізілуде, — деді Жасұлан  Жұмашев.

Табиғаттың тосын мінезінен Орал қаласы мен аудан-ауылдардың халқы бірнеше күн сусыз және жарықсыз қалғаны белгілі. Облыс басшысы селекторлық режімде байланысқа шыққан барлық аудан басшысынан әр аудандағы қазіргі жағдайды тәптіштеп сұрады.

Жетінші  тамыздағы мәлімет бойынша, аудандардағы жағдай қалыпты. Тек Ақжайық ауданының үш және Бәйтерек ауданының екі елді мекені әлі күнге электр жарығынсыз отыр. Дауылдан соң облыс орталығында барлығы  4 мың абонент жарықсыз қалса, қазіргі уақытта шаһардың бірнеше ауданында жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жиында Ғали Есқалиев облыс орталығының алдағы жылыту маусымына дайындығын да пысықтады. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиевтің мәлімдеуінше, 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген жоспар мен кестеге сәйкес жүргізілуде.

– Ұзындығы 4,3 шақырым күретамыр (магистральды) және орамішілік жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 3,6 шақырым немесе 83,7 пайызға орындалды. Орал қаласының жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын 2 өтпелі жобаны жүзеге асыру қайта басталды. «Батыс су арнасы» ЖШС ұзындығы 4,7 шақырым су құбыры және 1,4 шақырым кәріз желісін жөндеуде, – деді  Қайрат  Мұхамбетқалиев.

Алдағы жылыту маусымында облыстағы әлеуметтік нысандардың көмірге қажеттілігі – 3,1 мың тоннаны, ал сұйық отынға қажеттілігі 0,4 мың тоннаны құрайды. Білім беру нысандарының қазіргі дайындығы – 56,7 пайыз. Мәдениет нысандары 70 пайызға,  денсаулық сақтау мекемелері 73 пайызға дайын. Алайда Бөкей ордасы, Жаңақала және Тасқала аудандарының мәдениет бөлімдері, Қазталов ауданының білім беру бөлімі, Теректі ауданының денсаулық сақтау бөлімі көмір жеткізу бойынша, ал Бәйтерек және Қазталов аудандарының білім бөлімдері сұйық отын жеткізу бойынша келісімшарт жасауда жайбасарлық танытып отырғаны айтылды. Ғали Есқалиев аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына, сонымен қатар коммуналдық кәсіпорын жетекшілеріне қыстың қамын жазда ойлап, жылыту маусымына дайындықты ширатуды тапсырды. Облыс аумағындағы барлық әлеуметтік нысандардың жылыту қазандығын тексеруден өткізіп, қажетті отынмен қамтылуын қадағалау қажеттігін баса айтты. Шаһардағы көп қабатты үйлерге жылу түгел және уақытында берілуі үшін, әсіресе, басқарушысы жоқ көппәтерлі баспаналардың тұрғындарымен кездесіп, бірлесе жұмыстануды  міндеттеді.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар