5.08.2019, 20:46
Қараулар: 175
223 борышкер іздестірілуде

223 борышкер іздестірілуде

2019 жылдың І жартыжылдығында облыстық әділет департаменті барлығы 1 556 мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында аталмыш департамент басшысының орынбасары Естай Рашқалиев мәлімдеді.

Өткен жылы адвокаттық және заң қызметі саласында реформа жүргізіліп, 2018 жылы 5 шілдеде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР заңы қабылданды. Заңда құрамында 6 адвокат, қоғамның 3 өкілі және доғарыстағы 2 судья бар тәртіптік комиссиялардың екі деңгейлі жүйесі көзделген, бұл азаматтардың шағымдарын шынайы және жан-жақты қарастыруды, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап адвокат пен заң кеңесшісінің кәсіби жауаптылығын міндетті сақтандыру институты енгізіледі. Жаңа заңда азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын заңгерлердің Заң кеңесшілері палатасына мүше болу міндеттілігі енгізілді. Бұрын бұл қызмет түрі реттелмеген болатын. Біздің облыста қазір заң кеңесшілерінің 3 палатасы тіркелген.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар адвокат немесе заң кеңесшісінен тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алуда. Бұл көмек өтініш жасаған уақыттан бастап іс бойынша шешім қабылданғанға дейін көрсетіледі.

Қазіргі кезде облыс бойынша адвокаттардың жалпы саны – 172. Өткен  жылмен салыстырғанда, 20 адвокатқа немесе 13%-ға көбейген. Әділет департаменті 107 адвокатпен кепілдендірілген заң көмегін көрсету туралы шарт жасасты. «Адвокаттардың заң көмегін көрсетуі» бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 62 966 000 теңге бөлініп, оның 36 453 000 теңгесі немесе 57,8%-ы игерілген.Соның ішінде 4 785 азаматқа тегін заң көмегі берілді, бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға көбейіп отыр.

Естай Елтайұлының айтуынша, нотариустардың қызметтеріне де бірқатар өзгеріс енгізілген. Қазіргі таңда облыс көлемінде жұмыс жасап жатқан нотариустардың жалпы саны – 99, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 6 нотариусқа немесе 6,1%-ға артқан. Бұдан былай жалақыны, коммуналдық қызметтер берешегін, жалға алу төлемдерін өндіріп алушылар сотқа бармай-ақ, нотариустарға жүгіне алады.

Есептік кезеңде мемлекеттік тіркеуге 237 нормативтік-құқықтық акті келіп түсіп, оның 236-сы тіркелген, ал біреуін мемлекеттік құрылым кері қайтарған. Сондай-ақ апостиль қоюға түскен құжаттардың барлық саны 274 болса, оның ішінде 77 құжатты АХАТ құрылымдары берген, 192-сі облыстың нотариустарынан, 5-еуі мемлекеттік құрылымдар тарапынан түскен.

Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында бұрын қағаз түріндегі азаматтық хал актілері жазбаларын автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өзектендірілген, яғни цифрланған азаматтық хал актілерінің саны – 1 170 531, яғни өзектендіруге жататын акт жазбалардың барлық санының 74%-ын (1 580 737) құрайды. Бұл жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.

Қазіргі уақытта облыста мемлекеттік сот орындаушыларының нақты саны 16 бірлікті құрайды. Мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде 16 669 880 119 теңгені құрайтын барлығы 1 183 атқарушылық құжат орындау сатысында жатыр. Барлық түскен атқарушылық құжат ішінен 539 құжат немесе 45,6%-ы аяқталған. Соңғы нүктесі қойылған атқару өндірісінің сомасы 10 586 499 117 теңгені құрайды. Есепті кезең аралығында мемлекеттік сот орындаушылары барлығы 17 602 борышкерге қатысты ҚР аумағынан шығуға уақытша шектеу қойған, 99 борышкер әкімшілік жауапқа тартылып, 26 борышкердің берілген арнайы құқықтары мен лицензияларының әрекеті уақыт-ша тоқтатылды, 223 борышкерге іздеу жарияланды.

Батыс Қазақстан облысында жеке сот орындаушыларының жалпы саны – 82. Соның ішінде Орал қаласында 61, ал аудандарда 21 жеке сот орындаушысы жұмыс жасауда. Олар есептік кезеңде 229 әлеуметтік маңызды санат бойынша (алимент өндіру) атқару өндірісінің есептерін қабылдады, аталған жұмыстар бойынша департамент 8 673 375 теңге төлем жасады. Әділет департаменті тарапынан жеке сот орындаушыларының жұмысына 36 жоспарлы, 36 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде 12 жеке сот орындаушысына ескерту берілген. Қазіргі уақытта ЖСО өндірісінде барлығы 103 242 атқару құжаты бар, оның ішінде 29 103 атқару құжаты орындалды, 74 139-ы орындалу үстінде. Жалақы өндіру бойынша өндірісте болған 106 атқару құжатының 66-сы, алимент өндіру бойынша өндіріске тапсырылған 8 575 атқару құжатының 778-і, мемлекет пайдасына өндіру бойынша 46 993 құжаттың 17 510-ы толықтай орындалды.

Аяужан  МАРАТҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар