5.08.2019, 20:35
Қараулар: 1206
Қалдығайтыны қайтсек қалпына келтіреміз?

Қалдығайтыны қайтсек қалпына келтіреміз?

Қалдығайты – Қаратөбе ауданындағы ең үлкен өзен. Қалдығайтыны жағалап балық аулап, бала кезінде жағасында асыр салып ойнап, суына шомылмаған қаратөбелік кемде-кем шығар. Бала күнімізде Қалдығайтының ауыл маңына жақын Көктерең, Қошқаркеткен деген салаларына барып, суға шомылатынбыз. Табанымыз жарылып, денеміз ақсортақталғанша таңның атысы, күннің батысы сол жерде жүретінбіз. Арамыздағы ересек балалар кішкентайларын ұстап алып, суға лақтыратын. Сол кезде бала бойынан асатын суда қалқи жүзіп, батып-шығып, ересектерден қашып жүруші едік. Өзен суы тұп-тұнық болып, мөлдіреп жататын. Дәл сол жерге қазір барсақ, тізеге жетер-жетпес су баяу ағып жатқанын көреміз. Өзеннің тартылып бара  жатқаны соңғы жылдары қатты байқалуда.

Қалдығайты арнасының тарылып, суының тартылуына алаңдаушылық танытып, өзен суының қалпына келуіне аз да болса, көмегіміз тисе деген ниетпен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың жастары бастама көтерген болатын. Туған жердің табиғатына қамқорлық танытуға барша қаратөбелікті шақырған  жастар «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясын жүзеге асырмақшы. Ізгілікті істі қолға алған жастарды аудан басшысы Жанат Асылханұлы да қолдап, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің ауданға келген жұмыс сапарында аталған мәселе айтылған болатын. Өңір басшысы жастардың бастамасын қолдайтындығын жеткізді.

Өзен атауының тарихы Қалдығайты – облыстың Шың-ғырлау, Қаратөбе аудандары арқылы ағатын өзен атауы. Гидроним моңғол тіліндегі «хандағай»  сөзінен қалыптасқан. Моңғолша-қазақ-ша сөздікте хандағай – «бұлан» (бұғының бір түрі) деп түсіндіріледі. Демек, хандағай мен қалдығай сөздерінің айырмашылығы «н-л» дыбыстарының алмасуында ғана.

Қазақ тілінің диалектілік ерекшеліктерін зерттеуші ғалым С. Аманжолов мұндай дыбыс алмасуларының Батыс говорларына тән екендігін айтады.

Бұлан – Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай облыстарын мекендейтін жануар. Олар ертеде Қалдығайты бассейнін мекендегенін Сырым ауданындағы Бұлан елді мекенінің атауы да дәлелдей түседі. Ал «ты» қосымшасы – Жымпиты, Бұлдырты, Аңқаты, Шідерті, Өлеңті атауларында кездесетін көне решектілік жұрнақ. Сонымен, Қалдығайты атауы этимологиясын Хандағай+ты – Қалдығай+ты – Бұланды деп түсіндіруге болады. «Хандағай» сөзінің қатысымен жасалған топоним моңғол тілінде де, түркі тілдес Сібір халықтары  тілінде де кездеседі. Аңқаты, Жымпиты атаулары моңғол шапқыншылығынан бұрын, түркі-моңғол тіл бірлестігі дәуірінде бар атаулар саналса, Қалдығайты гидронимі туралы мұндай жорамал жасауға болмайды. Араб саяхатшысы Ахмед Ибн-Фадлан еңбегінде Қалдығайты топонимі Аңқаты атауынан кейінірек, моңғол тіліндегі кірме сөзге «ты» қосымшасы жалғану арқылы қалыптасқан деп  қорытынды  шығаруға  болады.

Өзеннің  тартылуы толғандырады

Қалдығайты өзенін үш аймақта қарастыруға болады. Бірінші аймағы – өзен бойын тоғайлы деп атайды, бұл аймақта Талтоғай, Едіге тоғай, Нүрекен тоғай, Қали тоғай деп аталатын тоғайлы аймақтар бар.

Екінші аймағын жазықты аймақ деп алсақ, өзеннің бұл аймағына Жарлы, Жақсыбай, Шілдебай, Сарқұмақ, Ақшағыл, Мантай, Шөмішкөл деп аталатын жерлері бар.

Үшінші аймағы – өзен бойында суармалы шабындықтар үшін бөгеттер немесе лимандар жасақталған.

«Су – тіршілік көзі» демекші, ертеректе суы бар жерлерге ауыл қоныстанып, мал жайылымына қолайлы жер ретінде таңдалып отырған. Өзен суы ауданның ауыл шаруашылығының дамуына да үлкен септігін тигізеді. Аудан халқы Қалдығайты өзенінен балық аулап, суармалы шабындықтар үшін жасалған лиман жүйесі арқылы мал азығын дайындап алатын. Биыл Қалдығайтыға су келмеуінің салдарынан көлтабандарының арнасы кеуіп, шөп шықпай қалды. Мұның өзі күнкөрісі мал шаруашылығына негізделген аудан халқы үшін үлкен соққы болып отыр.

Қалдығайты өзенінің тартылуы өзін осы мекеннің перзенті санайтын әр адамды ойлантуы тиіс.

Соңғы жылдары өзенде адами фактор, діни антропогендік, техногендік әрекеттердің нәтижесінде қайраңдану немесе құм басу процесі жүріп жатыр. Соның салдарынан өзен арнасының тарылуы, ұзындығының қысқаруы, кей жерлерде кеуіп кетіп, жойылу  қаупі туындауда. Аталған процестердің орын алуы халық шаруашылығына кері әсерін тигізеді және өсімдіктер мен жануарлар дүниесі азаяды. Ақыры сол жердің ланшафты көп өзгеріске ұшырайды.

Соңғы он жылда сукцессия құбылысы орын алуда. Яғни өсімдіктің бір түрінің бірнеше жылдан кейін басқа өсімдікке жерді өздігінен босатып беруі. Мысалы, сүттіген, адыраспан орнын ошаған, қаңбақ басып алуы кездеседі. Жазғы желдің шығыстан батысқа  қарай соғуының салдарынан ауылға  құм  көшкіні  жақындап  келеді.

Жастардың   бастамасы – құптарлық   іс

Осы орайда аудан жастарының ізгілікті іске бастамашы болып, «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясына барлық жасты, еріктілер мен ауыл тұрғындарын шақыруы, елдегі өзекті мәселеге үн қосуы –  қуантарлық  жайт.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың маманы Маралбек Амантаевтың айтуы бойынша, қазіргі таңда барлық ауылдық округтен бұлақ көздері бар жерлердің мәліметтері сұратылып алынған. Ендігі жерде аудан әкімдігінің қолдауымен барлық округті аралап, елді мекендердегі бұлақ көздерін ашып, ол жерлерге белгі орнатуды қолға алып отыр. Белсенді жастар қол қусырып отырмай, ауылдардағы көнекөз қариялардан бұлақ бар жерлер туралы толық ақпарат алуға да білек сыбана кіріскен.

– Бастамамызды әлеуметтік желі арқылы қолдап жатқан ел азаматтары көп. Қолға алған жұмысымыз турасында аудан әкімі Жанат Асылханұлының қабылдауында болдым. Аудан басшысы Қалдығайты өзеніне Қараөзен мен Сарыөзенге Жайықтан су тартатыны сияқты аудан көлемінде су ресурсы жоқ болуына байланысты жер табанын жақсы білетін ақсақалдардан сұрастырып, бұлақтардың  тізімін, картасын жасақтап алған жөн  екендігін  тапсырды.

Осы мәселе бойынша Егіндікөл ауылына барып, ауыл ақсақалы, батагөй қария Ертай Нығыметұлымен кездесіп, батасын алдық. Барғанымызда Ертай атамыз бірнеше бұлақ көзі турасында білгенін жеткізіп, жол бастайтындығын айтты. Бұл – көппен бірге бітетін іс. Сол себепті барша жасты, аудан тұрғындарын ерікті ретінде акцияға белсене қатысуға шақырамыз, – дейді жалынды жас  Маралбек.

Қалдығайты өзенінің тартылуына байланысты 2017 жылы облыстық балалар туризмі және экология орталығы «Табиғат ескерткіштері» атауымен облыстық экспедиция ұйымдастырған. Осы экспедицияға облыс аудандарының барлығы қатысып, Қалдығайты өзеніне экологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген. Тартылу, кебу салдарынан өзен арнасы тарылып, кей жерлері мүлде таяздап кеткендігі анықталған. Экспе-диция құрамы өзеннің таяз жерлеріне ылғалдылықты ұстап тұратын 1 500 түп тал  отырғызған.

Ауданымызда  табиғатты қорғау бүгінгі күн  талабында  басты мәселе болып қала бермек. Бұл – баршаның міндеті. Қай кезде де табиғат – біздің асыл қазынамыз. Өлкеміздің сұлу да әсем табиғатын қорғау, оны экологиялық  жағдайға душар етпеу – әрқайсысымыздың парызымыз. Қоршаған табиғатқа зиян келтіруіміз ол өзімізге, келешек ұрпаққа, жан-жануарға, тіпті болашаққа балта шапқанмен тең. Сондықтан өз өлкеміздің баға жетпес байлығын сақтай  білген  абзал.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Ертай  СЕРДАЛИН, Егіндікөл  ауылының  ақсақалы:

– Қалдығайты өзені суының деңгейі төмендеп, кеуіп бара жатыр. Өзен суының азаю себептерінің бірі – бұрынғыдай қар мол жаумағасын, сең жүріп жатқан жоқ. Сосын өзен суының тартылуына қоғаның өзенге көп шығуы сеп болуда. 1994 жылдан 2010 жылға дейін осы жердің балығын аулап отырдық. Қазір бұл жерді қоға басып кетті. Ол суды бойына сорып алады. Қалдығайтының бастауы Алмастаудағы кішкентай бұлақтардан шығып жатырған су, оған қар суы қосылады. Әлденбай деген жер бар, оған Баянастың суы келіп қосылады. Бұл арада Қаратал деген орман бар, соның ортасында бұлақ бар.  Сол үш жердің суымен Қалдығайты молығады. Бұлақ көздері Табанталда және Қараталда бар. Өзен бастауын алатын Алмастаудың да бұлақтарын қарауға болады. Ақтайсай жақта Жарлы өзенінің бойында бұлақ көздері бар. Оны сол жерде отырған малшылар жақсы біледі. Жастардың бастамасы құптарлық іс екен. Бірақ өзен бойларындағы бұлақтар туралы өздері нақты білмесе, жер табанын жетік білетін адамдармен бірге шығу қажет.

1993 жылы қыс қатты болды, тіпті аудан орталығымен қатынас та болмай қалды. Сол жылы Қалдығайтының суы тасыды. Өзенде сең жүрді. Сең жүргенде қоғаны тамырымен түйіп, жағаға шығарып тастайды екен. Қоға болмағасын су молайды. Сол уақыттан кейін өзен суы тасымады. Қазір қайта қоға басып кетті.

Бұлақсай деген жерден де су шықты кезінде, ол жерді Кеңес үкіметінен байлар қызғанып, киізбен бітеп тастаған деседі. Қалдығайты арнасынан толып тасығанда Өлеңтіге құяды, Өлеңті Жайыққа құяды.

Жасұлан  СҰЛТАН, аудан  әкімінің  орынбасары:

– Жастарымыздың ел үшін белсенділік танытып отырғаны қуантады. Жалпы Қаратөбе жерінде бес өзен бар. Қалдығайты, Жақсыбай, Шилі, Тян, Қуақашты. Оның ең көлемдісі – Қалдығайты. Қалдығайтының ерекшелігі – кейбір жерлері құмның ішімен ағып жатыр. Сарқылмайтыны – жерасты  бұлақтарымен байланысы бар. Үлкен қара сулардың сарқылмауы сол себепті деп ойлаймын. Бірақ бұлақ көздері көзге көрінбейді. Ақтайсай ауылының іргесінен ағып жатқан Таян өзені бойында жеті бұлақ бар деп марқұм Құттыбаев Құспан ақсақалымыз айтатын. Көзіміз көрді, Комсомол деген жерде Таян өзенінің іргесіндегі бұлақтан жылғалап су ағып жататын. Көзкөрген қарттарымыздан сұрастырып, бұлақтардың тізімін, картасын жасақтауымыз керек. Бұл мәселеге ел болып атсалысуымыз қажет. Әркім білетін бұлағын көрсетсе, сол жерге белгі қойып, бұлақтар картасы жасалады. Тарихи деректерде Мұхит бабамыз жерленген Ақбақай көлі, Қаратау би жерленген Көкөзек өзені қандай болған? Мыңғырған малдың, қиқулаған құстың мекені болған деп айтылады. Баршамыз  «Су – тіршіліктің көзі» десек, бұлақ көзін ашуға ел боп атсалысайық. Көтерілген  мәселе  бойынша  қажетті  іс-шаралар  жасақталуда.

 

Қалдығайты өзені Қаратөбе ауданының негізгі су көзі болып табылады. Жайықтың шығыс алқабында. Ұзындығы – 243 шақырым, су жиналатын алқабы – 5 800 шаршы шақырым. Басын Алмастаудың оңтүстік-батысынан алып, Төлен көліне құяды. Аңғары кең, арнасы тік жарлы. Жерасты, жауын-шашын суымен молығады. Әрқайсысының  ұзындығы 10 шақырымдай 40 шақты саласы, олардың ішінде Баянас, Жарлы сияқты ірі салалары  бар. Өзен ауданымыздың  жайылымына су шығарып, шөп шабатын шабындықты құрайды. Өзен суында шортан, қарабалық, алабұғы, сазан, ақбалық, Жігерлен бетінде су шаяны мен тасбақалар, сүлік те мекендейді. Суда балдыр, айылқоға, нар қамыс сияқты шөптер бар. Судың ағысы жай, тереңдігі қайсыбір жерлерде 2,5-3 метрге дейін жетеді. 

Судың жалпы кермектілігі – 4-5 мг  экв/л, рН – 7,2-7,6. Судың химиялық құрамы гидрокарбонатты, хлорлы, кальций-натрийлі немесе натрий-кальций негізінде болады.