5.08.2019, 20:28
Қараулар: 165
Киелі жерлер 3D картасында

Киелі жерлер 3D картасында

Кеше Орал қаласындағы теміржол бекетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «TorusMaps»  интерактивті 3D картасының таныстырылымы өтті.

«TORUS.KZ» компаниясының директоры Дәурен Ғабдоллаевтың айтуынша, аталмыш жоба БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының тапсырысымен жасалған.

– «TorusMaps»  интерактивті 3D картасы – заманауи технологияға сай жабдықталған үш тілді алғашқы сенсорлы терминал. Терминалды толықтай өзіміз жасақтадық. Астыңғы құрылымы Қазақстанның 3D картасын жарықтандыру негізінде LED экран арқылы жабдықталған, өзі сенсорлы терминал. Терминалдың құны 1,8 млн. теңгені құрайды. Мұнда Қазақстанның жеті киелі жері толықтай цифрландырылып, бес элементке қатынау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ мәліметтерді, фотогалереялар, графикалық бейнематериалдарды, виртуалды, 360 градустық панорамалық турларды және 3D форматында жәдігерлер немесе ескерткіштерді шолып қарауға болады. Өңірімізге келген туристер демалыс орындарын, киелі жерлерді, әлеуметтік маңызы бар нысандарды оңай табуы үшін толықтай цифрлық форматта іздеуді жүйеге келтірдік. Болашақта элементтерді толық қалыптастырып, әлі де тың мәліметтер енгіземіз. Туристік агенттіктерді жапырақты технологияға енгізу үшін мағлұматтар жинауымыз керек, – дейді компания директоры.

Қазақстанның аталмыш картасы  өңіріміздің киелі жерлерінің туристік әлеуетін, шаһардың қонақжайлылығын арттырып, қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын оятары сөзсіз.

– Қазіргі таңда ақпараттандыру аясында электронды терминалдар дайындалуда. Соның бірі – бүгін теміржол вокзалына орналастырылды. Күні бүгінде туристердің өңірімізге келуі 18 пайызға артып отыр. Осы бағытта туристерді нақты ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында аталмыш электронды панельдің маңызы зор. Электронды панельде облыстық киелі жерлері мен туристерге қажетті ақпарлар толық бар. Мәселен, мейрамханалар мен қонақүйлер туралы мәліметтермен қамтылған. Өткен жылы республикалық тізімге енгізілген облыстағы киелі жерлерге арнайы туристік бағдарлар жүзеге асырылды. Сол бойынша туристерге экскурсиялар ұйымдастырылады, – дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының бас маманы Әсел Әжмұханбетова.

Айта кету керек, алдағы уақытта дәл осындай «TorusMaps» интерактивті 3D картасы қаладағы «Сити центр» сауда орталығы мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына орнатылмақ.

Нұрбек Оразаев,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар