5.08.2019, 20:21
Қараулар: 168
Делебені қоздырған Ұлы дала ойындары

Делебені қоздырған Ұлы дала ойындары

Ақжайық ауданының орталығында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының V фестивалі өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларына орай ұлттық спорт түрлерін дамытуды мақсат еткен Ұлы дала ойындары екі күн бойы даланы дүбірге бөледі. Орал қаласынан және өңіріміздегі 12 ауданнан келген командалар спорттың 11 түрінен бәсекеге түсті. Олардан 510 спортшы, 300-ге тарта жетекші өкілдер келді.

Меймандостық танытып, қонақ командаларға төрін ұсынған ақжайықтықтар жарысқа қатысушыларды ерекше салтанатпен қарсы алды. Осындай жоғары деңгейдегі спорттық шараның ашылу салтанаты тіптен ерек өтті. Жайықтың қос қапталын жайлаған жайсаң елден жалауларын желбіретіп келген командалардың шеруі шараның шырайын асырды. Дзюдо күресінен спорт шебері, кадеттер арасында Азия чемпионы, «Қазақстан барысы» жарысының облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы Темірлан Көлбай, Бөрлі ауданы, қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер, ұлттық дәрежедегі төреші Нұрбек Ғазизов, Бөкей ордасынан аударыспақтан облыстық жарыстардың жеңімпазы Қолғанат Серіков бастаған, төскейде малымыз қосылған іргелес Жаңақала ауданы, тағы да басқа майталман спортшылар бастаған аудандар, Орал қаласы командалары «Чистинкий» алаңында сап түзеп, сән-салтанатпен қатысушыларға сәлем жолдады. Бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату,  тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ  күресі, ұлттық жекпе-жек түрлерінен бақ сынаған барша қатысушыларға жиналғандар сәттілік тіледі. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әсия Аманбаева, мәртебелі ел қонақтары, еңбек, спорт ардагерлері, қалың жанкүйерлердің тілегі арнасынан тасығандай.

– Баршаңызды байрақты бәсеке – ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан V облыстық фестивальдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыздың салтдәстүрін, болмысы мен рухын әйгілейтін бүгінгі Ұлы дала ойындары ұлттық төл өнерімізді жас толқынға жеткізу, спортымыздың мәртебесін биіктету – баршамыздың зор міндетіміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақалалары баршаны осыған үндейді. Уақыт озған сайын қарқынды дамып жатқан әлемдік жаһандану дәуірінде ұлтымыздың ұлылығын танытатын рухани құндылықтарымызды кейінгі толқынға аман жеткізу ұлт алдындағы бұлжымас парызымыз. Осы орайда ауданымызға зор мүмкіндік пен сенім артқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына зор алғысымды білдіремін. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Қ.  Айтмұхамбетов. Сондай-ақ аудан басшысы Ақжайықтың жылдар жүзіндегі спорт саласында қол жеткізген жетістіктерін, самбо күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров, әйгілі альпинист Мақсот Жұмаев, қол күресінен чемпиондар Кенжеқыз Қаупенова, Жанна Қазтуғанова, шорттректен жеңімпаз Анита Нагай, ұлттық жекпе-жектен әлемдік деңгейге көтерілген Әліби Теміртасов сықылды аудан мақтаныштарын атады.

– Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде ұлттық спорт түрлерінен фестивальді өткізудегі басты мақсатымыз – тұрғындарды спортқа баулу, жас ұрпаққа бабалар аманатын жеткізу. Даланы дүбірге бөлеген бәсекелер жоғары деңгейде ұйымдастырылуға жанжақты қолдау көрсеткен ақжа-йықтықтарға алғысымды арнаймын. Осындай үлкен шаралардың көптеп өтуі өңірімізде ұлттық спорттың дамуына зор серпін береді, – деді Ә. Аманбаева.

Салтанатта жұртшылыққа сахналық көріністер ұсынылды. Мәдениет қызметкерлері түрлі көріністер арқылы ата-баба арманын, аманатын жеткізді. Сахна төріне Қыдыр ата көтеріліп, жиналғандарға бата берді. Бишілер ұлт-ұлыстар достығын әйгілеген билер орындады. Мәңгілік ел символы түрлі қимылдар, көрнекіліктер арқылы көрсетілді.

Жарыстың бірінші күні командалар алдымен көкпар ойындарын өткізді. Тасқала мен Қазталов, Жәнібек пен Орал, Шыңғырлау мен Бөрлі, Ақжайық-Қаратөбе-Жаңақала командалары арасында өткен тартысты ойындар жарыстың көрігін қыздырды. Ат жалына жармасқан жігіттер ортадағы көк серкенің көк етін сөгілдіріп, барларын салды. Әсіресе, Жәнібек, Шыңғырлау, Тасқала, Ақжайық көкпаршылары ерекше ойын өрнегін көр-сетіп, салым санын көбейтті.

Осы фестивальде жұртшылық үшін жаңалық болған – ұлттық жекпе-жек бәсекелері. Бұл спорт түрі басқа елдерде қарқынды дамығанымен, елімізде, соның ішінде өңірімізде енді-енді қанат жайып келе жатыр. Ауданымызда былтырдан бері «Алшын» ұлттық жекпе-жек спорт үйірмесі жұмыс жасап келеді. Осы сайыста ақжайықтықтардың үмітін арқалаған ұл-қыздар сенім үдесінен шықты десек,  артық  айтқандық  емес.

Он түрлі салмақ дәрежесінде сегіз бұрышты рингте атой салған қыз-жігіттер жекпе-жектен аянып қалған жоқ. 6 сағатқа созылған бәсекелерді тамашалаушылар да осы уақыт бойы бір орыннан тапжылмады. Әсіресе, 57 келі салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермеген ақжайықтық Әліби Теміртасовқа тең келер ешкім болған жоқ. Әлемдік деңгейде өнер  көрсетіп жүрген жүлдегер жерлесіміз жарыс барысында өз биігінде болды. Бұл спорт түрлерінен Бөрлі, Бәйтерек, Жәнібек аудандарының спортшылары анағұрлым қызықты сайыс көрсете білді.

М. Әуезов атындағы орта мектептің спорт залында асық ату, бес асық, тоғызқұмалақтан өткен жарыстарға қатысушылар саны аз болмады. Тоғызқұмалақ қатысушылардың ойлау қабілетін, әдіс-айласын көрсетсе, асық ату, бес асық жарыстары мергендікті дәріптеді. Қатысушылар бұл спорт түрлеріне де тыңғылықты дайындалып келген. Асық атудан бөкейордалық Ербол Ахметов, теректілік Өтеген Мүбәрак, бәйтеректік Мұрат Сағынов, ақжайықтық Қуаныш Телағысов пен Дина Бекмағамбетова, тоғызқұмалақтан ақжайықтық Санат Кәрімов, теректілік Бақытжан Бисенғалиев, бәйтеректік Думан Шанов, Алина Айтмұхамбетов, жәнібектік Сансызбай Кәуенов, Нұртілек Мизанбаев әдемі ойын көрсетті.

«Чистинкий» маңындағы Бәйгетөбеде өткен құнан жарысқа 20 сәйгүлік қатысты. 7 шақырымға шапқан жүйріктер арасынан Бәйтерек ауданынан келген Манарбек Кенжеғалиевтың «Байтөресі» – І орын, Ақжайық ауданынан қатысқан Сырым Санаулының «Кермаралы» – ІІ орын, қазталовтық Нұрболат Әдиетовтың «Сұлтаны» ІІІ орын алды. 16 шақырымдық тоқ бәйгеге жіптей тартылған жеті жүйрік жарысты. Мұнда ақжайықтық Жанғабыл Сәтбаевтың «Айқасқасы» І орынды, бөрлілік Берік Мұқашевтың «Громы» ІІ орынды, сырымдық Мұхтар Шүлеуовтың «Падишасы» ІІІ орынды еншіледі. 25 шақырымдық аламан бәйге тартысқа толы болды. Шапқан жерін орлап кететін он жүйрік он айналым бойы аянып қалған жоқ. Фестиваль облыстық болғанымен, аламанға ұйымдастырушылардың келісімімен көршілес облыстың аттары ақылы түрде қосылған-ды. Бастан-аяқ құйрық тістесіп келген аттар мәре сызығын қатарласа кесті. Атыраулық Алпамыс Өтеновтің «Горькасы» – І орын, жәнібектік  Нұрболат Шагировтың «Қарағызы» – ІІ орын, жаңақалалық Айбек Ишановтың «Ұлытауы» ІІІ орынды еншіледі.

Жиналғандар сол күні аудандық тарихи өлкетану музейі, балалар шығармашылығы орталығы, жергілікті қолөнершілер ұйымдастырған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Шара мерекелік концертке ұласып, елімізге белгілі өнер жұлдыздары Дәурен Сейтжанов, Тілек Базаров секілді әншілер, аудан көркемөнерпаздары өнер көрсетті.

Фестивальдің екінші күні көкпардан финалдық ойындармен басталды. Аударыспақтан, қазақ күресінен белдесулер, теңге ілуден сайыстар өтті. Жамбы ату сайысы жиналғандарға ерекше ұнады десек, артық айтқандық емес. Ат үстінде шауып келе жатып, садақпен арнайы нысаналарға жебе ату көп ешкімнің қолынан келе бермесі анық. Дегенмен ақжайықтық Жанәділ Ғазезов көпшілік көңілінен шыға білді.

Басқа қатысушыларға әлі де дайындала түсу, жылқымен жұмыс жасау керегі анық байқалып тұрды. Себебі спортшылар садақ атпақ боп тізгінді жібере салғанда, аттар басқа бағытқа ауып кете берді. Дайындық осы тұрғыдан керек.

Екі күнге созылған фестивальдің жабылу сәтінде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, белгілі самбошы Ерболат Байбатыров жеңімпаздарды марапаттады. Сайыстар нәтижесінде көкпардан бірінші орын Орал қаласы, екінші орын – Жәнібек ауданы, үшінші орын – Ақжайық ауданы, аударыспақтан бірінші орын – Бәйтерек ауданы, екінші орын – Жәнібек ауданы, үшінші орын – Ақжайық ауданы, теңге ілуден бірінші орын – Бәйтерек ауданы, екінші орын – Қаратөбе ауданы, үшінші орын – Жәнібек ауданы, тоғызқұмалақтан бірінші орын – Бөрлі ауданы, екінші орын – Жаңақала ауданы, үшінші орын – Сырым ауданы, асық ату, бес асықтан бірінші орын – Бөрлі ауданы, екінші орын – Ақжайық ауданы, үшінші орын – Теректі ауданы, қазақ күресінен бірінші орын – Бөрлі ауданы, екінші орын –

Сырым ауданы, үшінші орын – Қазталов ауданы, жамбы атудан бірінші орын – Бөрлі ауданы, екінші орын – Жәнібек ауданы, үшінші орын – Ақжайық ауданы, ұлттық жекпе-жектен бірінші орын – Бөрлі ауданы, екінші орын  – Ақжайық ауданы, үшінші орын Жәнібек ауданы  командаларына  бұйырды.

Жалпыкомандалық есепте Бөрлі ауданы командасы жеңімпаз болып танылды. Ақжайық ауданы командасы ІІ орынға, Жәнібек ауданы спортшылары ІІІ орынға табан тіреді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы