5.08.2019, 20:01
Қараулар: 511
Елін сүйген ер

Елін сүйген ер

Мақала кейіпкері өзінің асқақ тұлғасымен, ұшқыр ойымен, сөз саптаудағы  сауаттылығымен ерекшеленеді. Бөкей ордасы десе, бүйрегі бұрып тұратын, еліне абыроймен қызмет жасап жүрген Лавр Рашидұлы Хайретдинов 60 жасқа толып отыр.

Ол Жәңгір негізін қалаған ауылда дүние есігін ашады. Балалық  шағы осы қасиетті Орда жерінде өтіп, ата-анасы күткен үмітті ақтап, мектепті ойдағыдай бітіріп шығады. Орда кеңшарының директоры болған Мырзағалиев Тауасих ағамыз  «Дөңгеленген дүние» атты кітабында «Лавр үйдің ішкі-сыртқы жұмысын істеп үйренді. Шыңдалды. Шынықты. Мектепте оқуы үздік, үлгілі шәкірт атанды. Кітаптан бас алмайтын. Үйіміз көрші болғанда жиі көретінмін: жанына өзі құралпы қара дома-лақтарды жинап алып, түннің бір уағына шейін оқыған кітаптарындағы тамаша деректерді, қызықты оқиғаларды, мінезі әртүрлі кейіпкерлердің бейнесі мен іс-әрекеттерін өзіндік көркем тілмен сипаттап, шын беріле әңгімелейтін. Әкесіне тартып бойшаң, ірі, дене бітімі мен денсаулығы мығым, қуатты болып өсті. Бәзбіреулердей бұлаңдап, жасында уақытты босқа өткізген жоқ. Дер шағында оқып, жоғары білім және мамандық алды» деп жазыпты. Лавр ағамыз әлі күнге дейін ұстаздарын: «Ұстаздарым өз мамандықтарының шебер иесі еді. Математика пәнінен Газим Борисович, химия пәнінен Әлима Каримқызы, тарихтан Сәту Иманғалиұлы, орыс тілі мен әдебиетінен Зоя Сергеевна, сынып жетекшіміз Мұқсина Темірғалиқызы болды. Орыс сыныбынан 16 оқушы болып бітірдік», – деп мақтанышпен, үлкен бір тебіреніспен  еске алады.

1976 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылығы институтына түсіп, экономист мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын өзінің туған жері Ордада агроном болып бастайды. Кейін мамандығы бойынша Орда кеңшарының жоспарлау бөліміне экономист болып орналасады. Сол кездегі кеңшар басшысы Мүлкай Зұлқашев жас маманды жылы қарсы алып, бірден қиын жұмыстарға жұмсаған. «Жас келсе, іске» де-гендей, Лавр Рашидұлы да аянып қалмаған.

«Мүлкай Шамшиденұлы мен үшін мықты басшы болды. Сол кезде қандай шаруа, жұмыс болса да, еш санаспастан, білек сыбана кірісіп кететінбіз. Көптеген жұмыстың басына жауапты қылып  міндеттейтін, тіпті жұмсаған жерден де тартынуды білмеппіз. Сөйтсем, шаруашылықты білсін деп, бағытбағдар көрсетіп, тәрбиелеп жүр екен. Ол кісіден көп тәлім-тәрбие алдым, тәжірибе жинақтадым», – деп ризашылық лебізін білдірді Лавр ағамыз.

1985 жылы оны кеңшардың №1 бөлімшесіне меңгеруші етіп тағайындайды. Ворошилов елді мекенінде төрт жыл қызмет жасағанда көптеген жетістіктерге жетіп,  шаруа оң нәтижесін бере бастады. Бөлімше осы жылдарда аудан көлемінде ауылшаруашылығы бойынша екі мәрте жеңімпаз болып, ұйымшылдығымен көзге түсті.

Кейін әр жылдары аудан-ауылдарда түрлі сала бойынша басшылық қызмет атқарады. Өзінің білікті басшы екенін көрсете білген Лавр Рашидұлы 1996 жылы аудан әкімі болып тағайындалады. Ол уақыт жас мемлекетке  өте ауыр жылдар болғаны баршамызға мәлім. Бұл кездегі негізгі мақсат – халықты аумалы-төкпелі заманда жұмыспен қамтамасыз ету, елді мекендердегі ақсап жатқан шаруашылықтарды ретке келтіру, тығырыққа тірелген, күнде бір мәселенің ушығып тұрған уақыты еді. Өтпелі кезеңдегі әр іс өз орнымен шешіліп, жүзеге асырамын деген біраз ойы оң нәтижесін тауып, жұмыс алға басты. Өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқару аудан әкіміне оңай болмады.

Лавр Рашидұлының алғашқы игі бастамасының бірі – Бөкей ордасының құрылғанына 200 жыл толуына орай өткізілетін іс-шаралардың жоспарларын 1996 жылдан бастап (5 жыл бұрын) жасақ-тап, облыс әкімдігіне қаулыны бекітіп, әзірлік жұмыстарын бастап кеткен. Сонымен қатар Сайқын ауылының кіреберісіне «1801 жылы Бөкей ордасы құрылды» деген белгі жасатты. Орда ауылында Жәңгір хан кесенесінің қайтадан бой көтеруі жөнінде ауыл ағаларымен, Орда музейінің директоры Темірболат Махимовпен ақылдасты. Нәтижесінде құлпытасы сақталған бұрынғы мазар орнына «Қазақгазөнеркәсібі» концернінің төрағасы Есет Рабатұлының демеушілігімен жаңа кесене салынды. Кесене авторы маңғыстаулық белгілі сәулетші Көпбол Демесінов болды. Бүгінде өңірге келген меймандар алдымен кесене басына барып, дұғасын оқытып, естелік фотосуретке түсіп жатады. Еліміздің елдігін таныту мақсатында өлкеміздің байырғы «Бөкей ордасы ауданы» атауы өзіне қайтарылып, ұмыт болған Жәңгір есімі қайта жаңғыртылып, мектеп, көшелерге өңірімізден шыққан тұлғалардың есімі берілді.

Қазіргі таңда барша қазақ халқына мәлім, алыс-жақын шет ел таныған, ауылдың айнасына ай-налған Хан ордасы музей-қорығын дамытудағы Лавр ағаның еңбегі елеулі.  Ең алғаш музейге тарихи атын беруді ұйғарып,  тұншығып жатқан музейді жандандыруға Т. Мақымұлымен жоспар құрып,  талқылай түсті. 1978 жылдан 2009 жылға дейінгі мерзімде Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің директоры болған Темірболат Махимов «Тарих тамыры үзілмейді» атты мақаласында «Бөкей ордасының 200 жылдығын атап өту туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Қ. Жақыпов пен Орда ауданы әкімі Лавр Хайретдиновтің шешімдеріндегі ауқымды мәселелерге сай мұражай ұжымы көптеген шараны жоспарлап, оларды іске асыруда. Нарықтық заманда біз өз мүмкіндігімізше мұражай экспозициясын қайта жасақтап, онда Бөкей хандығы территориясына кірген жерлердің тарихын көрсетпекпіз. Соған орай мұражай атын да «Бөкей ордасының тарихы мұражайы» деп атамақпыз» – деп жазған екен. Осы жоспар жүзеге асып, музей атауы «Бөкей ордасы тарихы музейі» болып өзгертілді.

1997 жылы Тұңғыш Елбасы-мыздың өңірімізге келуі үлкен бір серпіліс болды. Бөкей ордасының құрылғанына 200 жыл толу мерейтойының жоғары дәрежеде өтуі, елімізге тарихи атаулардың қайтарылуы, ескерткіштердің, кесенелердің салынуы, тарихи орындардың қайта жаңғыртылуы – барлығы тайға таңба басқандай кө-рініп тұр.

Кейіпкеріміз 2011 жылы Жаңақала ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұл ауданда да  рухани саланы дамытуға баса мән беріп, кесенелер мен музейдің ашылуына, тарихи естелік кітаптардың жарық көруіне мұрындық болды. Халқының мүддесі үшін былтыр Жабасовтар отбасымен бірге ауылдың шетіндегі зиратты қоршатқан болатын.

Ол «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Бөкей ордасына 210 жыл» «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» секілді бірнеше мерекелік медальмен және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне 10 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталды.

Лавр Рашидұлы – жағымпаздануға жаны қас, артық сөзді көп ұната бермейтін, тікесінен нық әрі нақты сөйлеп, адамның еңбегін әділ бағалай білетін өз ісінің білікті маманы. Аршындап 60 жастың асқарына шығып, жоралы жолдан өтіп, сындарлы сәттерде сағы сынбаған, тағылымды тәжірибе жинақтаған атпал азаматқа жұртының жүк көтерген ұлы болғанынан асқан мұрат бар ма? Ұрпағыңызбен өрбіп, еңбегіңізбен өрлей беріңіз!

Шолпан КУЖАНОВА,

облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының қызметкері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар