5.08.2019, 19:49
Қараулар: 157
«Таза жағалауда»

«Таза жағалауда»

Өткен  аптада  өңіріміз  бойынша  «Таза жағалау»  сенбілігі  өтті.  Республикалық  «Birge. Taza Qazaqstan»  экологиялық  акциясы аясында  ұйымдастырылған  шара  барысында Жайық,  Шаған,  Деркөл,  Қараөзен, Сарыөзен  жағалаулары  400  тонна  қоқыстан тазартылды.

– «Таза жағалау» шарасының қатысушыларына алғысым зор. Бұл шара «Birge. Taza Qazaqstan» акциясы аясында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен аптадағы сенбілікте біраз жағалау қалдық-қоқыстан тазартылды. Облысымызда жалпы 230-ға жуық су нысаны бар. Облыс әкімінің бастамасымен тамыз айында тағы да сенбіліктер жоспарлануда. «Таза орман» акциясы да ұйымдастырылмақ. Осындай шаралар арқылы біз қоршаған ортаны қорғап, табиғаттың тазалығына өз үлесімізді қосудамыз, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы  басшысының  орынбасары  Махамбет  Мәтенқожа.

Өңіріміз бойынша 15 мың тұрғын атсалысқан сенбілікке 125 дана арнайы техника, сондай-ақ шаруа қожалықтары мен бизнес құрылымдарының техникалары тартылған. Ал облыс орталығы – Орал қаласында өткен  сенбілікке 1 800-ден астам адам қатысып, су жағалауларынан 41 тонна қоқыс жиналған. Қоқыс-қалдықтарды тасуға 21 техника, оның ішінде алты трактор тіркемесімен, 15 жүк көлігі жұмылдырылды. Табиғат қорғаушылары алдымен Чапаев атындағы затоннан «Металлист» зауыты аумағындағы жағажайға дейінгі аралықты тазалады. Содан соң аталған аумақтағы көпір арқылы өтіп, Мәңгілік алау алаңына дейінгі қашықтықты қамтыды. Алаңнан Ескі шіркеуге дейінгі, ал Ескі шіркеуден Хан тоғайына дейінгі аралықта тазалық жұмыстары жүргізілді. Хан тоғайындағы жағажайдан Шаған өзенінің сағасына дейін барған тазалықшылар ең соңында Коминтерн ауылында болды.

– Орал –  400 жылдан астам тарихы бар, Жайықтың жағасындағы жасыл желекпен көмкерілген қала. Бұл өлкенің ауасын жұтып, қасиетті қара топырағын басқан әр адам табиғатын да қорғауы тиіс. Қаланың тазалығы үшін ұйымдастырылатын осындай шаралардан ардагер ұстаздар қауымы тыс қалған емес. Өйткені біз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуіміз керек, – деді ардагер ұстаз  Софья  Иманғалиева.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Борис  СИЛЬВЕСТРОВ,

еңбек  ардагері:

– Орал қаласындағы «Достық» мекемесінде бірнеше жыл жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықтым. Қалада ұйымдастырылып жүрген дәстүрлі сенбіліктерге жыл сайын қатысып келемін. Былтыр да  Жайықтың жағасын тұрмыстық қалдықтардан тазалаған едік.  Тұрғындар жаз шыға жағалауда демалғанды ұнатады. Солардың ішінде ішімдік ішіп, құты секілді тұрмыстық қалдықтарын тастап кететіндері де жоқ емес. Табиғат – біздің ортақ үйіміз және сол үйді таза ұстау барлығымыздың міндетіміз екенін тұрғындар ұқса деймін. Жасым жетпіске таяса да, кейінгі буынға үлгі көрсету үшін сенбіліктен қалмаймын. Екіншіден,  табиғат  аясында  ұзақ  жүру  денсаулығым  үшін  пайдалы.

Бақтыгүл  АГИЛМАНОВА,

облыстық  әділет  департаменті  басшысының орынбасары:

– Республикалық «Birge. Taza Qazaqstan» акциясын қолдау мақсатында ұжымымызбен сенбілікке қатысудамыз. Қоршаған ортаға, оның ахуалына қамқор жандардың қатары жыл сайын артып келетіні  көңілге қуаныш ұялатады. Жайықтың жағасында орналасқан әсем қала –  Оралымыз гүлдеп, көркейе берсін деп тілеймін. Табиғи ортаны болашақ  ұрпаққа  ластамай  аманаттауымыз  керек.

Дарина  ИСИНОВА,

Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-дың  студенті:

– Биыл Теректі ауданының Сарыөмір ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепті тәмамдаған едім. Жуырда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға мал дәрігері мамандығы бойынша  грант негізінде оқуға қабылдандым.  «Таза жағалау» сенбілігіне тобымызбен  келдік. Тазалық шарасына алғаш рет қатысудамыз. Болашақта көне Орал қаласының гүлденуі үшін бұл бағыттағы жиындарға жиі қатысамыз деп ойлаймын.

*  *  *

«Birge. Taza Qazaqstan» акциясының шеңберінде Деркөл өзенінің бойында өткен экологиялық тазалық шарасына Бәйтерек ауданының 110 тұрғыны қатысты.

Сенбілікке МТЗ техникасы жұмылдырып, арнайы полигонға 10 тонна  күл-қоқыс  шығарылды.

– Жасыл желек жайқалған өлкемізді таза ұстау – басты міндетіміз.

Табиғатты күл-қоқыстан тазалап, тұрғындар үшін таза ауада демалуға өз үлесімізді қосып жатқанымызға ризамын. Алдағы уақытта да осындай акция жалғасын тапса деген ниетім бар, – дейді Переметный ауылының тұрғыны Данияр Қалмияр.

Шыңғыс  НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,

Бәйтерек  ауданы