5.08.2019, 19:46
Қараулар: 144
212 млн. жолаушы және 18 млн. тонна жүк

212 млн. жолаушы және 18 млн. тонна жүк

ҚР  көлік  саласы  қызметкерлерінің  күніне  орай  Ғ. Құрманғалиев  атындағы  облыстық  филармонияның  концерт залында  салтанатты  шара  өтіп, сала  қызметкерлерін  облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат  Азбаев  құттықтады.

– Көлік саласының қызметкерлері ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Соның арқасында біздің еліміз тәуелсіздік жылдарында мақтан тұтуға тұрарлық биіктерге қол жеткізді. Республикамызда аталмыш саланы дамытуды, инфрақұрылымды өркендетуді көздейтін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Ақ Жайық өңірінде көлік саласы табысты дамып келеді. Тасымалдаушы кәсіпорындардың аутобус парктері біртіндеп жаңартылып, соңғы екі жылда қала ішіндегі қозғалысты жақсарту мақсатында 50-ге жуық жаңа аутобус сатып алынды. Орал қаласының аутобекетін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа кеңселер салынып, көліктерге арналған заманауи жаңа тұрақ-орындар жабдықталған. 2019 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыс көлемінде 212 млн. жолаушы және 18 млн. тонна жүк тасымалданды.

Көлік саласы қызметкерлері мен ардақты ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, игі жақсылықтарды тілеймін! – деді Бағдат Оразалдыұлы.

Еңбекте озықтығымен ерекшеленген сала үздіктері облыс және қала әкімдерінің, «Nur Otan» партиясы, облыстық жолаушылар көлігі және аутокөлік жолдары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары мен салалық кәсіподақтың алғысхаттарымен марапатталды.

Шара соңында еңбек ардагері Нұрлыбек Бірманов көлік саласында тер төгіп жүрген барша әріптесін құттықтап, салтанатты кеш соңы облыс көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Нэйля СҰЛТАНОВА,

«Жиенбай» ЖШС-ның аға диспетчер-есепшісі,

Қазталов ауданы:

– Біздің мекеме жолаушылар тасымалымен үш жылдан бері айналысып келеді. Қазталов – Орал, Жалпақтал – Орал бағытында жергілікті тұрғындардың қалаға қатынау барысын ұйымдастырамыз. Ұжымымызда 50 шақты қызметкер жемісті еңбек етуде. Алдағы уақытта қосымша аутобус сатып алып, екі ауысымда жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел-жұрттың ақ батасын алып, ел дамуына үлес қосуда үнемі алдыңғы шептен, биіктен көрінулерін тілеймін.

Гүлсара  ЖҰМАҒАЛИЕВА,

«Орал»  теміржол  бекеті басшысының  орынбасары:

– Теміржол саласында жұмыс жасап жүргеніме 39 жыл болды. Алғаш еңбек жолымды Волгоград, Астрахань, Саратов теміржол бөлімшелерінен бастадым. Бүгінгі таңда «Қазақстан теміржолының» Орал қаласындағы бөлімшесінде еңбек етудемін. Теміржол саласында жолаушылар мен жүк тасымалын ұйымдастырудың түрлі саласына жауапты көптеген бөлімше бар. Әрқайсысы әр түрлі жұмыс атқарғанымен, баршамыздың міндет-мүддеміз ортақ. Біздің мақсат – алыстағы ағайынның арасын жалғап, олардың айшылық алыс жерлерге жетуіне көмектесу. Әріптестерімді айтулы мерекемен құттықтап, отбасыларына амандық, қызықты да қауіпті қызмет барысында жақсылыққа жолығып, әрдайым табысты болуларына  тілектестік  білдіремін.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар