5.08.2019, 19:45
Қараулар: 171
ҮЕҰ өкілдері бас қосқанда

ҮЕҰ өкілдері бас қосқанда

Облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  үкіметтік  емес  ұйым өкілдерімен  кездесіп,  еркін  форматта  әңгіме  өрбітті.  Облыстық  ішкі  саясат  басқармасының  басшысы  Нұрлыбек  Даумовтың  айтуынша,  облысымызда  655 үкіметтік  емес  ұйым  тіркелген.

– Оның 493-і Орал қаласында, 168-і облыс аудандарында жұмыс жасауда. Атап өтетін жайт – олардың 100-ге жуығы белсенді қызмет атқаруда. Жыл санап, өңірдегі азаматтық қоғам институттарының әлеуеті артып келеді. Облыстық, қалалық және аудандық бюджеттерден мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 912 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, әртүрлі деңгейлерде мемлекеттік құрылымдар 14 бағыт бойынша 204 әлеуметтік маңызды жобаны іске асырған. Мемлекет тарапынан азаматтық қоғамның дамуына тиісті жағдай жасалуда, – деді өз  сөзінде  Нұрлыбек  Даумов.

Басқосуда белгілі болғанындай, азаматтық маңызды бастамаларды қолдаудың негізгі тетігі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаржының көлемі алты есеге артқан.  Сондай-ақ әлеуметтік тапсырыс беруші мемлекеттік құрылымдар саны екі есеге көбейген. Тапсырыс алуға ниетті үкіметтік емес ұйымдардың қатары да жылдан-жылға артып келеді.  Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс байқауларына 154 қоғамдық бірлестік қатысқан. Жергілікті атқарушы құрылымдар бөліп отырған қаржының басым бөлігі, яғни 613 млн. теңге мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, бұл қаржы  жеке көмекшілерге, инватаксиге, оңалту және бейімдеу шараларына жұмсалады. Жыл басынан бері үкіметтік емес ұйымдар 60 мың адамды қамтыған 630 шара өткізген.

Жиында қоғамдық ұйымдардағы білікті мамандардың тапшылығы, ауыл-аймақтардағы қоғамдық ұйым жұмыстарының мардымсыздығы, әлеуметтік жобаларға кәсіпкерлердің демеушілік танытуы төмен деңгейде екендігі сияқты өзекті мәселелер де айтылды.

 – «Асар»  форумы – кәсіпкерлердің қолдауымен үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын жүзеге асыруға бағытталған алаң. Біз Атырау, Талдықорған қалаларында өткен екі жобаға да қатыстық. Өзге өңірлер тыңғылықты дайындықпен, қаржылай көмекпен келген. Бір өкініштісі, біздің жобаларымызға қолдау жоқ, тек қағаз түрінде ғана,  – дейді «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мерует Санкаева.

Бүгінде қоғамдық ұйымдар өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге белсенді атсалысуда.  Дөңгелек үстелде бас қосқан үкіметтік емес ұйым өкілдері өздерін толғандырған мәселені ортаға салып, азаматтық қоғамның дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін өңір басшылығының назарына ұсынды.

Жиында әлеуметтік мәселелер, өңіріміздегі мәдениетті, ішкі

туризмді дамыту, жастарды Отанды сүюге тәрбиелеу жолдары, отбасылық құндылықтарды насихаттаудың кемшіндігі азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосып жүрген жандардың назарынан тыс қалмады. Әрқайсысын мұқият тыңдаған облыс әкімі Ғали Есқалиев ұсыныс-пікірлердің орындалуына бар мүмкіндікті қарастыратындығын  айтты.

Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара  байланыстың маңыздылығына тоқталған өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізіп,  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тиімділігінің  сапасын арттыруды тапсырды.

Басқосу соңында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Салиева Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың алғысхаттарымен марапатталды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар