5.08.2019, 19:36
Қараулар: 422
«Вардавар» мерекесі

«Вардавар» мерекесі

Өткен сенбіде қалалық мәдениет және демалыс саябағында  армян халқының «Вардавар» дәстүрлі мерекесі өтті. Бұл – су мерекесі ретінде тойланатын армян халқының ұлттық мейрамдарының бірі. Шараға этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, тұрғындар, «Қоғамдық келісім» КММ мамандары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

– Бес мың жылдық тарихы бар бұл мерекені әлемнің әр түкпірінде жүрген армян халқы атап өтеді.

Су – молшылық көзі, суға деген құрмет армян халқында ерекше.

Сондықтан да бір-біріне су шашып қуанудың астарында адамдардың жақсы тілегі мен ырыздық, несібең мол болсын, жаның тазарсын, деген ақ тілеуі жатыр, – дейді “Масис” армян мәдени бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян.

Алаңға жиналған жұртшылыққа махаббат пен тазалықтың белгісіндей болған «Вардавар» мерекесінің мәні мен мазмұны айтылды. Сонан соң би билеген жұртшылық  жақсы тілектермен қошталған су шашу ойынына қатысты.

– Бұл шара – халықтар достығын нығайтып, ынтымақ пен бірлікті, достықты паш етіп, Отанға деген патриоттық сезімді күшейте түскені анық. Өзге ұлттардың дәстүріне  құрметпен қарап, бауырмалдықтың үлгісін көрсеткен ізгі мереке болды, – дейді аталмыш шара туралы өз ойын түйіндеген «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар