5.08.2019, 19:35
Қараулар: 389
«Әбілқайыр  хан  және Бопай  ханым»  оқырманға жол  тартты

«Әбілқайыр  хан  және Бопай  ханым»  оқырманға жол  тартты

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Бекет атаның ұрпағы, Қазақстанның құрметті қажысы, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Ислам қажы Мырзабекұлының «Әбілқайыр хан және Бопай ханым» атты кітабы таныстырылды.

Жиынды аталмыш орталықтың директоры Бауыржан Халиолла ашып, авторға ақжарма тілегін арнады. Ал тұсаукесер рәсімін М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев пен белгілі журналист, «Dana.kaz» журналының бас редакторы Қазбек Қабжанов өткізді.

Тарихи деректер жинастырылған аталмыш кітапта Кіші жүздің ұлы ханы, ХVIII ғасырдағы қазақ сардарларының Бас қолбасшысы, сұңғыла саясаткер, мәмілегер Әбілқайыр хан мен оның жұбайы, ұлттың ұлы аналарының бірі Бопай ханымның тұлғалық қасиеттері жан-жақты зерделенген. Бұл еңбек қос тұлғаның дүниеге келгендеріне 325 жылдығына арналған.

– Қазақ тарихында 70 шақты хан болған. Хан жұбайларының ішінен отбасы, ошақ қасынан суырылып шыққан мәмілегер Бопай ханым екен. Бопайдың шын есімі – Бәтима Сүйіндікқызы. Орыс тарихи жазба деректерінде көп жазылғанына қарамастан, қазақ арасында танымал болмаған. Біз соның орнын толтырып, тарихымызды түгендеу үшін  ұлттың ұлы аналарының бірі, аса көрнекті тарихи тұлға Бопай (Бәтима) апамыздың басына зия-рат етіп, Ресейдің Орынбор облысы, Елек ауданы, Дмитриевка селосынан 30 шақырым жердегі әскери айлаққа арнайы сапар шектік. Болашақта бейітін елге алып кетуге барғанда оңай табылуы үшін қорымын жаңартып, құлпытастағы жазуларды  қазақ және орыс тілдеріне аудардық. Елге келген соң Әбілқайыр мен Бопай ханымның рухына Құран бағыштап, мал сойдық. Ақтау қаласында халықаралық деңгейде конференция өткіздік. Сондай жұмыстардың нәтижесі шығар, Орал қаласының Зашаған кентіндегі, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы бір көшеге, Жаңаөзен қаласындағы стансаға Бопайдың есімі берілді, – деді Ислам қажы Мырзабекұлы.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар