1.08.2019, 21:07
Қараулар: 453
Шойынжолда шыңдалған

Шойынжолда шыңдалған

«Шойынжолда шыңдалған» деген сөз тіркесін естіген кезде әдетте ойымызға бірден пойыз машинисі мен жолсеріктердің сап ете түсетіні сөзсіз. Осылайша жыл он екі ай бел жазбай, теміржол саласында еңбек етіп жүрген өзге мамандық иелерінің еңбегі елеусіздеу қалып жататыны рас. Жыл сайын елімізде тамыз айының алғашқы жексенбісінде аталып өтілетін ҚР Көлік қызметкерлері күні қарсаңында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің Вокзал шаруашылығына қарасты Орал учаскесінің мақтаулы мамандары туралы жазғанды жөн көрдік.

ВОКЗАЛ  КЕЗЕКШІСІНЕ  ТАЛАП ЖОҒАРЫ

Тоғыз жолдың торабы тоғысқан Орал қаласы – еліміздің Еуропаға шығатын батыс қақпасы. Соның ішінде тәулігіне мыңдаған жолаушының барыс-келісі мен алыс-берісін жеңілдететін теміржол торабының шоқтығы биік. «Театр киім ілгіштен басталады» дер болсақ, шаһарға алғаш табан тіреген жолаушының алғашқы әсері теміржол вокзалында қалыптасады. Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі Вокзал шаруашылығының Орал учаскесіндегі жүзге жуық маман вокзалға келген халыққа тәулік бойы тік тұрып қызмет атқарады. Жолаушыларды жылы шыраймен қарсы алып, кез келген сұрағына жауап беріп, сәтті сапар тілейтін әр қызметкердің атқаратын маңызды міндеті мен орасан зор жауапкершілігі бар.

1992 жылы Орал теміржол училищесін станса кезекшісі мамандығы бойынша тәмамдаған Ғалия Оралованың  тағдыры теміржолмен тамырлас. Жоғары білім алу мақсатында Орал ауыл шаруашылығы институтын, кейін Қазақ қатынас жолдары университетін тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану мамандығы бойынша тәмамдаған Ғалия Ақмырзақызының теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі  – 12 жыл. Ол вокзал басшысының кезекші көмекшісі ретінде пойыздардың уақтылы қозғалып, қалыпты жүрісінен жаңылмауы, ал жолаушылардың діттеген жерлеріне еш қиындықсыз аттануы сынды міндеттерден бөлек билет кассасы, күзет қызметі, тағы да басқа біраз нысанның мінсіз жұмыс атқаруын қадағалайды.

– Экономиканың күретамыры саналатын теміржол – өте күрделі сала. Сол себепті теміржолшыға бір сәтке де қателесуге болмайды. Мәселен, сырттай қараған адамға пойыздар күнделікті кестеге сәйкес жүріп, теміржол еш кедергісіз жұмыс жасап, вокзал кассалары бекітілген тәртіп бойынша қызмет көрсетіп жатқандай көрінеді. Теміржолдың барлық қызметін қалтқысыз ұйымдастыру – вокзал басшысының кезекші көмекшісінің тікелей міндеті.

Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бекітілген логистика бойынша жолаушылар ағынын реттеу, кешен аумағының санитарлық жағдайын, құралдардың жұмыс істеу жарамдылығын бақылауда ұстау, қауіпті аймақта жолаушылар мен азаматтардың жүру тәртібі сақталуын қадағалау, пойыз бригадаларының санитарлық аймақ бойынша атқаратын талаптарды орындауын бақылау, билет кассирлерінің жұмыс тәртібін тексеріп, қызметтік киім-кешек пен атыжөні жазылған бейдждерінің болуына мән беру, касса немесе электронды билет алу кезегін реттеу, диктордың ақпараттарды өз уақытында хабарлауына назар аудару сықылды жауапкершіліктің бәрі вокзал кезекшісіне жүктелген, – дейді Ғалия Оралова.

Жолаушылардың барлық талап-тілегі мен арыз-шағымын тыңдап, орын алған олқылықтарды реттеу және кескін-келбеті күдік тудыратын адамдарды назарда ұстап, желілік сақшылармен тығыз байланыста болу вокзал кезекшісінен кәсіби шеберлік пен мол тәжірибені талап етеді.

– Біз халықпен тікелей байланыс жасап, үнемі ел-жұрттың көз алдында жүреміз. Сондықтан да вокзал басшысының кезекші көмекшісінің жеке мінез-құлқына,  жүріс-тұрысына, тіпті сөйлеу мәнеріне де ерекше мән беріледі. Әрине, толассыз ағылып жататын жолаушылардың арасында жүргендіктен, жеке бас әдептілігін де ұмытпауымыз қажет. Сыртқы бет-бейнемізді де жинақы ұстауымыз керек. Кезекшілерге жеңіл макияж жасауға болады. Салпыншақ әшекейлер тағуға, тырнақты қанық қызыл түспен бояуға тыйым салынады. Арнайы бекітілген киім-кешек пен қара түсті классикалық туфли кию керек. Вокзал басшысының кезекші көмекшісі болу сабырлы және мәдениетті болуды талап етеді.

Маусым айында Арыс қаласындағы әскери қоймада болған жарылыстың салдарынан пойыздардың кестеден 15 сағатқа кешігіп келгені белгілі. Теміржол вокзалында сарылып күтіп отырған жолаушыларға жайлы жағдай туғызуға, болған жағдайды түсіндіруге, барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсадық. Кейбір балалы жолаушылардың телефон нөмірін алып қалып, үйлеріне жібердік. Пойыз қалаға жақындаған кезде хабарласып, діттеген жеріне аман-есен жетуі үшін уақытпен санаспай қызмет еттік, – деп еске алады бүгіндері осыдан бірер ай бұрынғы қарбаласты Ғалия Ақмырзақызы.

МІНДЕТІ  –  ЖОЛАУШЫҒА  ЖӨН  СІЛТЕУ

Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып кеткен тағы бір замандасымыздың есімі – Майра Қапиева. Алыс сапарға шыққан әрбір жолаушының бірінші кезекте іздейтіні – теміржол вокзалындағы анықтама қызметі мен билет кассасы.

Ақпараттық-анықтама бөлімінің анықтама беру бойынша кеңесшісі болып қызмет атқаратын Майра Қайроллақызының теміржол саласында қызмет еткеніне биыл 10 жыл толған.

– Вокзал – кездесу мен қоштасудың мекені. Адамдар осы жерде бірін-бірі қарсылап немесе шығарып салып жатады. Яғни бірі жақынын, бірі  досын, бірі ата-анасын дегендей… Мәселен, біздің Орал теміржол вокзалы арқылы күніне мыңға жуық жолаушы өтеді. Менің міндетім – жолаушының сапарын оның уақыты мен қаржысын үнемдей отырып ұйымдастыру. Жолаушылар анықтама бөліміне түрлі мәселелерімен келеді. Біреуге шұғыл билет керек, енді бірі пойыздан кешігіп қалады. Діттеген жеріне жету үшін келесі пойызға отыруы тиіс деген сияқты. Міне, сондай сәттерде жолаушыларға қажетті ақпаратты дер кезінде ұсынамыз. Әрине, кезекте тұрған адамдардың мінезі әртүрлі. Бір жолаушының мінезі жайлы, ал енді біреулері мәселенің байыбына бармай жатып, ашуға берілгіш. Кейде «Пойыз кешігіп келеді» деп хабарласаң да, «Неге кешігеді, себебін айт, сендер неге білмейсіңдер?» деп айқай-шу көтеретін адамдар да ұшырасады. Бірақ өз басым бәрінің де тілін тауып, сыпайы сөйлесуге тырысамын. Өйткені біз әр жолаушыға дұрыс бағыт-бағдар айтып, жөн сілтеуге міндеттіміз, – дейді өмір тәжірибесіне сүйенген маман.

Алдымен Ақтөбе қаласындағы көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде, одан соң Д. Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетінде кәсіби білім алған Майра Қапиева мамандық таңдауда еш қателеспегенін айтады. Анасы Марфуға апай да теміржол саласында еңбек еткен екен, қазір құрметті зейнет демалысында.

– Теміржол саласында қызмет істеу – абыройлы да жауапты міндет. Аракідік біздің тарапымызға мақтау  да айтылады,  мін де тағылады. Өздері көлеңкеде қалып жатқанымен, вокзал қызметкерлері жолаушыларды сапарға шығарып салу және қарсылап алу үшін өте ауқымды жұмыс атқарады. Кәсібіне адал қызметкерлердің жедел әрі тәртіпке негізделген жүйелі жұмысының арқасында біздің вокзалдың қызметі ешуақытта ақсаған емес. Көлік қызметкерлері күніне орай ел мен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, күнделікті тірлікті берекелі бірлікке ұластырып отырған барлық әріптесімді, шойынжолда шыңдалған теміржолшыларды кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Әріптестерімнің баршасына амандық-саулық, еңбекте жаңа жетістіктер, өмірде отбасылық баянды бақыт тілеймін, – дейді Орал теміржол вокзалының  басшысы  Қайырболат  Ғайнеденов.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар