1.08.2019, 20:24
Қараулар: 664
Марқұмның тірілей көмілуіне кім кінәлі?..

Марқұмның тірілей көмілуіне кім кінәлі?..

Биылғы бесінші шілдеде «Зашаған» бау-бақша серіктестігінің аумағындағы үйлердің біріне су құбырларын жүргізу жұмыстары кезінде қайғылы оқиға орын алды. 1955 жылғы азамат әзірге белгісіз себептермен қазылып жатқан ордың ішіне тірілей көміліп қалған.

Облыстық полиция департамен-тіне хабарласқанымызда баспасөз хатшысы Болатбек Белгібековтен «2019 жылғы 6 шілдеде шамамен сағат 17.30-да Зашаған кенті Сарыарқа көшесінен  шұңқырды қазу кезінде 1955 жылы туған ер адамның денесі табылды. Қазіргі уақытта Зашаған полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексі 104-бабының 1-бөлімі  бойынша іс қозғап, тергеп-тексеру амал-дары жүргізіліп жатыр» деген мәлімет алдық.

Әрі қарай «Адамды тірілей көміп тастапты, жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған саяжай серіктестігінің төрағасы кінәлі» деген бағыттағы ел ішіндегі әңгіменің анық-қанығын білмек ниетпен аталмыш саяжай қауымдастығына арнайы бардық. Ең алдымен, қапыда қаза болған азаматтың үйін тауып алдық. Үй есігін ашқан жасы шамамен алпысты алқымдап қалған апай: «Бұл мәселеге байланысты ешнәрсе айта алмаймын» деп терең күрсінді. Тіпті аты-жөнін айтудан да бас тартқан отанасы: «Елдің аузына қақпақ бола алмаймын. Бұл оқиғаға ешкімді кінәламаймын», – деп қысқа қайырып, есікті жауып алды. Әрі қарай оқиға орын алған, су құбыры жүргізіліп жатқан үйлерді аралап, ешкімнен мардымды жауап  ала  алмадық.

«Аяқ  астынан болған  қате»

«Зашаған» бау-бақша серіктестігінің кеңсесіне келгенімізде төр-аға Асылбек Қабесов өз орнында екен. Ол кісінің сөзінің мағынасын бұзбай,  сол күйі бергенді жөн көрдік.

 –  Бұл – Сарыарқа көшесіндегі үйлердің біріне су құбырын жүргізіп жатқан кезде болған оқиға. Марқұм – Талғат Абдрахманов деген азамат. Күнде жұмысқа келетін жалдамалы жұмысшы. Ол құрал-саймандар мен алып келген құрылыс материалдарын қарап отыратын қарауылшы болып жасады. Енді жаңағыдай оқиға болғанда  мен қасында болған жоқпын. Оның қалай болғанын ешкім нақты білмейді. Мен сізге «Былай болды, олай болды» деп айта алмаймын. Қауіпсіздік ережелері сақталмаған деген сөзді мен түсінбеймін. Ол жерде қате болып тұр ғой. Кісі ішіне құлап кетті ме? «Жауып тастаңдар» деп, артқа шегініп жатқан кезде шұңқырдан секіріп өтіп кетем деді ме екен? Жұмыста үш адам болған.

Аяқ астынан болған қате. Ешкім ешкімге әдейі қас қылған жоқ.

Өзі азғантай 5-6 метр қазған. «Ұйықтап қалған» дейтіндей болған жоқ. Көму кезінде болған нәрсе ғой. Сол күні түстен кейін іздедік. «Түскі асқа кетті, келмей қалды» деп іздеп-іздеп, таба алмағасын, «Осы жерден қате болмады ма екен?» деп келесі күні полиция қызметкерлерін шақырып, сол жерді қайта қарадық. Марқұмның туыстарына олар келесі күні хабар берді.

Біздер «Соңғы рет осы жерде болды» деп айттық. Полицияның «Үш күн күтіңіз» деген уақыты бар ғой, біз соны күтпестен, «Ашып қарайық» деп, сол жерді қарадық.

Қазір тергеу жүргізілуде. Қорытындысын сосын шығарады. Бұл енді заңмен шешілетін мәселе  ғой, – дейді төраға.

Жалпы, ел ішінде «Құс фабрикасы» аталып кеткен «Зашаған»  бау-бақша серіктестігі тұрғындарының шешілмеген түйіні көп.

Осы мақаланы жазу барысында «Батыс қақпасы» ЖШС директоры Игорь Имашев редакцияға келіп, өз ой-пікірін айтқан еді.

– 2014 жылы «Құс фабрикасы» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Асылбек Қабесов маған үйлерге су құбырларын өткізу жөнінде ұсыныс  жасады. Біз жұмыс жасай бастадық. Ол 30 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем жасауы керек болды. Бірақ «Халық жинап жатыр, сен жасай бер» деп, ақша төлеген жоқ. Екі жылдай  жұмыс істедік. Осы жылдар ішінде ол маған 10-12 миллион  теңге  төледі. Мен 60 миллионның жұмысын жасадым. Шамамен 100 шақты үйге, нақтырақ айтқанда, 165 мың теңгеге су құбырларын жүргізіп, тартып бердім. Бережақ ақша туралы әңгіме айтылғанда төраға: «Халық ақша жинамай жатыр» деп жауап беріп жүрді. Біреуден техника, біреуден ақша алып, өзім қарызға кіріп кеткендіктен, жұмысты тоқтаттым. Осы кезде ол өзі су құбырларын жүргізу жұмыстарын бастап кетті.

Негізі, арнайы лицензиясы жоқ  адам су құбырларын өткізбеуі керек. Мен оларда лицензия баржоғын білмеймін. Білетінім, біріншіден, арнайы лицензия болуы керек. Екіншіден, жұмыс барысында қауіпсіздік ережесі қатаң сақталуы тиіс, – дейді Игорь  Имашев.

Үш   жылда 130   жазатайым   оқиға орын   алған

Біз осы мақаланы жазу барысында облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармаға хабарласып, көкейдегі сұрақтарды жолдаған едік. Басқарманың берген мәліметі бойынша, облыста соңғы үш жылға жуық уақытта 130 жазатайым оқиға орын алып, 122 адам зардап шегіп, 15 адам мерт болған. Осы уақытта 28 топтық жазатайым оқиға болған.

Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары мекеме-кәсіпорындарда 172 тексеріс жүргізген. Осы тексерістің нәтижесінде еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау мәселесі бойынша 20 заңбұзушылық анықталған. Сондай-ақ мекеме-кәсіпорындарда ішкі бақылаудың жоқтығы, жұмыс беруші тарапынан қызметкерлерге арнайы киімдер мен қорғаныш құралдардың берілмеуі, әрі қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша арнайы курстардан өтпегені белгілі болған.

Бұған қоса, халықты жұмыспен қамту бойынша 4 заңбұзушылық, яғни  бос жұмыс орындарының бар болуы туралы мәліметтерді уәкілетті құрылымға уақтылы ұсынбау анықталған. Жалпы тексерістің нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою туралы 254 нұсқама беріліп,  50 лауазым иесі  5 млн.  681 мың теңгеге әкімшілік жауапқа тартылды. Еңбек инспекциясының талабы бойынша жұмыс берушілер 4 лауазымды тұлғаны жұмыстан шеттетіп, құқық қорғау құрылым-дарына 36 материал  жолданды.

Осы мәселеге қатысты «Зашаған» бау-бақша серіктестігінің тұрғындарын әңгімеге тарттық. Әңгіме барысында бау-бақша серіктестігі дегеннен көрі үлкен ауылға айналып келе жатқан саяжай тұрғындарының басым бөлігінің  төраға жасап жатқан жұмыстарға көңілі  толмайтындарын  байқадық.

Ботакөз ЕМРАНОВА,

«Зашаған» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны:

– Біздің бау-бақша серіктестігінде су құбырын қазған кезде қауіпсіздік шаралары сақталып жатқан жоқ. Шұңқырды қазып тастап кетпей, ең құрығанда, арнайы аққызыл лентамен қоршап қоюы керек қой. Қазір жаз мезгілі, балалар сыртта көз байланғанша  ойнап жүреді. Өз үйіме су өткізгенде шұңқырды қазып, кетіп қалды. Мен ашық жатқандықтан, балалар түсіп кете ме деп алаңдап, сол жерде жарты сағат тұрдым. Болмағасын, бау-бақша серіктестігінің төрағасы Асылбек Қабесовке «Балалар ойнап жүр ғой, жапсаңдаршы» деп хабарластым. Шын мәнісінде, қазылған шұң-қырларды қарап жатқан ешкім жоқ. «Үлкен кісіні тірілей көміп тастапты» дегенді естігелі одан әрі мазамыз кетті. Қасында жүрген адамды қалай байқамай қалуға болады? Сол жерде кішкентай бала құлап кетсе, не болады? Бұған кім жауап береді?

Дархан БАЙМҰҚАНОВ,

«Зашаған» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны:

– Қазіргідей түрлі технологияның дамыған заманында адамды тірілей көміп тастау деген ақылға сыймайды. Қайғылы жағдай бәрімізді шошытты. «Зашаған» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Асыл-бек Қабесов өзі қолға алып, су құбырларын жүргізіп жатыр. Бұндай жауапты  жұмыстарды арнайы мамандар жасауы керек. Алайда ол кісі өз білгенімен жасауда. Осы жұмыстар барысында қауіпсіздік ережесі ескеріліп жатқан жоқ. Экскаватор қазған кезде бір адам жалаушамен көрсетіп тұруы керек. Қазылған жер арнайы лентамен қоршалуы тиіс. Бұл да сақталмайды. Қазып-қазып, құбырларды көміп тастайды. Басында екі үйге бір су жүйесі құдығының сақиналарын өткізбек болып келісілгенімен, кей жерлерде он үйге бір су жүйесі құдығының сақинасын салып жатқанын көріп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Ертең апат болған кезде тұрғындарға қиындық тудырады. Әр үй 165 мың теңгеден төлегеннен кейін дұрыс өткізілуі керек. Мен сондықтан өз үйіме су құбырын тарттырмай, өзім құдық қазып алдым. Бұл жерде зейнеткер мен тәжірибесі жоқ жас маманды жұ-мысқа тартып, арзан жұмыс күшін пайдалануды мақсат еткен жұмыс беруші  кінәлі  деп  ойлаймын.

Нәсіпқали ИМАНҒАЛИҰЛЫ,

ҚР Еңбек және халықты әлеу-меттік қорғау министрлігі Еңбек қорғау ғылыми-зерттеу институты БҚО филиалының директоры:

– Осындай жағдай бұрындары Бөкей ордасы және Шыңғырлау аудандарында орын алғандығын ескеріп, кешенді шара қабылдап, дұрыс қорытынды жасалуы керек.

Бұл жерде жұмыс берушінің кінәсінен болып отырған жағдай екенін теріске шығаруға болмас. Өйткені ҚР Еңбек кодексінің 23-бабында «Жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттерінде» айқын көрсетілген. Мәселен, жұмыс беруші 9-тармаққа сәйкес, жұмыскерлерге ҚР еңбек заңнамасына, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жұмыскерлерді жабдықпен, аспаптармен, техникалық құжаттамамен және еңбек міндеттерін атқару үшін қажетті өзге де құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге міндетті. Егер жұмысты жалғастыру жұмыскердің және өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса, жұмысты тоқтата тұруға, жұмыскердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауы кезінде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды осы кодекске және ҚР-ның өзге де заңдарына сәйкес өтеуге міндетті екендігі тайға таңба басқандай жазылған. Ал 190-бап 2-тармақта тергеп-тексеру материалдарына сәйкес акт рәсімделуі тиіс екендігі көрсетілген. Егер комиссия еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе оның ұлғаюына себеп болғандығын анықтаса, комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданады және жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды. Осындай оқыс оқиғалардың орын алуы еңбек қорғау мен еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне атүсті қараудың, оны тыңғылықты оқып, іс жүзінде сауатты қолдануға мән бермеудің салдары екенін мықтап ескергеніміз жөн. Бұндай өрескел жағдай облысымызда үш рет қайталанып отырғаны масқара емес пе?! Еңбек заңдылықтарын оқып-үйренуге жауапты қызметтегі лауазым иелерінің, тұлғалардың ынтасы төмен екенін қанша рет көтеріп жүрсек те, жауапты адамдар жүре тыңдап, көңіл бөлер емес. Сондықтан бұл мәселеге облыс көлемінде баса көңіл бөліп, қатаң бақылауға алмаса, жағдай ушығып бара жатқаны ақиқат! Кінәлілерді, әсіресе, жұмыс берушілердің жауапкершілігін қатаң талап етпесе, мұндай жағдайлар толастар  емес.

*  *  *

Негізі, қауіпсіздік шаралары талапқа сай тыңғылықты ескерілсе, көлденең оқиғаларға жол берілмейді. Өйткені қауіпсіздік шаралары – адамның денсаулығы мен өмірінің арашашысы. Осы тұрғыда шетелдік компаниялардың қауіпсіздік сақтау шараларын бәрінен биік қоятыны бізге айнымас үлгі-өнеге болуы шарт. Тіпті баспалдақпен көтерілгенде де «Құлап қалмаңыз! Ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатып, құлап қалсаңыз, мүгедек болып, арбаға таңыласыз!» деп арбаның суретін іліп, жазып қоятын немесе қызметкерлеріне күн сайын «Күн райына сай киініңіз, жаурап қалмаңыз» деп хабарлама жіберіп тұратын шетелдік мекеме-кәсіпорындардың адамның денсаулығы мен өміріне аса жауапкершілікпен қарайтындығы  адам тағдырына атүсті қарайтындарға үлгі боларлықтай-ақ. Бұл дүниедегі ең қымбат қазына – адамның өмірі. Қапияда тірілей топыраққа көміліп, жантәсілім болған бір үйдің арыстай азаматын енді ешкім қайтарып бере алмайды. Адам өміріне  абай  болайық!

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

 

 

Бет  қатталып  жатқанда  «Зашаған»  бау-бақша серіктестігі  тұрғындарының  бірі  су  құбырын  жүргізу барысында  қауіпсіздік  шаралары   ескерілмейтініне  алаңдап,  осы  фотоны  жолдады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар