1.08.2019, 20:19
Қараулар: 168
«ТЕРЕКТІГЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ШАҚЫРАМЫЗ»

«ТЕРЕКТІГЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІ ШАҚЫРАМЫЗ»

Өткен жылы бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған  аймақ ретінде  Теректі  ауданы республика бойынша бірінші орыннан көрініп, Елбасының қолынан марапат алған болатын. Теректіліктер  биыл да бірнеше бизнес бастаманы жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен.

Осыдан бірер ай бұрын біздің өңірге келіп кеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ауданды экономикалық тұрғыдан жақсы дамып келе жатқан өңір ретінде атап өткен еді. Сулы да нулы өңірде кәсіп жүргізу үшін инфрақұрылымның барлық түрі қарастырылған. Өйткені аудан аумағынан Еуропа мен Азияны байланыстыратын теміржол торабы, республикалық маңыздағы тас жолдары өтеді. Орал халықаралық әуежайы орналасқан. Ал аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ішінде үлес салмағы көп жайылым мал шаруашылығын, орталық пен солтүстікте егістік жерлердің басым болуы өсімдік шаруашылығын  түлетуге мүмкіндік береді. Теректі облыс орталығы мен Ақсай қаласының ортасында орналасқан аудан болғандықтан, қос қала тұрғындарын  сүт және сүт өнімдерімен қамтып отыр. Ал Жайық өзені мен Шалқар каналының аудан халқының бау-бақшамен айналысуына ықпалы зор. Осындай шұрайлы да шырайлы жерде инвестициялық жобалардың қарқынды іске асуы орынды да. Солардың бірнешеуін тілге тиек ететін болсақ…

Мәселен, аудандағы Алғабас ауылында «ABS-мұнай» ЖШС «Мұнай өңдеу зауытының құрылысы» жобасын қолға алды. Жобаның құны 400 млн. АҚШ доллары (152 млрд. теңге) болса, 2019 жылғы инвестиция көлемі 30 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Зауыт құрылысын 2021 жылы аяқтау жоспарда тұр. Қазір әкімшілік ғимараты мен 200 қызметкерге, инженерлік құрамға арналған жатақхана құрылысы жүруде. Зауыт құрылысына арналған алаңды дайындау аяқталған.

Ауыл шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосатын жобаның бірі әрі бірегейі ретінде «Ringo-Milk» ЖШС-ның сүт тауар фермасын атап өтуге болады. Подстепный ауылдық округінде іргетасы қаланатын фермада 600 бас ірі қара ұсталып, тәулігіне 25 тоннаға дейін сүт өндірілмек. Инвестиция көлемі кәсіпкердің өз қаражаты есебінен 3,9 млрд. теңгені құрап отыр. Ферманың құрылысын шілде айында бастап, 2021 жылы аяқтау  жоспарда тұр. Бұл нысан іске қосылғанда 39 адам жұмыспен қамтылмақ. Жоба жергілікті сүт зауыттарын сапалы және қажетті шикізатпен қамтамасыз етуімен тиімді. Ал Жайық стансасы маңында бой көтеріп жатқан 3 000 басқа арналған бордақылау алаңы, құрама жем зауыты «Сырым-KZ» ШҚ-ның жобасы. 1 млрд. теңгені өз қазынасынан шығарып отырған кәсіпкер болашақта мұнда 10 адамды жұмысқа алмақ. Құрылыс жұмыстары аяқталған бордақылау алаңының құжаттары рәсімделуде. Ал құрама жем зауытын салу 2020 жылға жоспарланған.

Бұл жоба облыс халқын ет өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі «Кублей» ЖШС-ға жылына 250 мың тонна ет тапсыруға жол ашады. Ал «Теректі» шаруа қожалығы инвестиция көлемі 200 млн. теңге болатын қоғамдық монша кешенін салуда.

Бұл жобада одан бөлек пиццерия мен бассейн де бар. Монша 100 орынға есептелген екен. Қазір мұнда нысанның ішкі жұмыстары жасалуда. Шаруа қожалығы жетекшісінің орынбасары Мансұр Төлегеновтің айтуынша, нысанды жыл соңына дейін ел игілігіне ұсыну жоспарда тұр. Сонымен қатар «Сұлтанова» жеке кәсіпкерлігі Жаңаөмір ауылында 100 орындық балабақша құрылысы үшін 0,5 гектар жер телімін аукцион арқылы алған болса, «Жайна» ЖШС көкөніс қоймасын салуды жоспарлауда. Жалпы алғанда, Теректі ауданы бойынша инвестициялық жобалар көлемі 165,8 млрд. теңгені құрайды екен. Ал биыл іске асыруға жоспарланған инвестициялық жобаларға 11 780 млрд. теңге қарастырылған. Шындығында, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін де халықтың  кәсіпкерлікпен айналысуға деген оң көзқарасы қажет-ақ. Ал теректілік ағайындар бұл мәселеге оң иығын тосуда. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Ихсанов та тұрғындардың бизнеспен айналысуға ынтаықыласы зор екенін айтады. Мәселен, өткен жылы 224 адам кәсіпкерліктің қыр-сырына  үйрететін курста оқыған. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып отыр.

– Ауданымызда басты басымдық мал шаруашылығымен айна-лысуға ғана берілмейді. Өндіріс орындарын  ашуға да қолдау білдіреміз. Мал бордақылау қолға алынуда,  ірі қара саны артып келеді. Бірақ  мал бағып отырған  шаруа қожалықтары  етті  сатылымға шығарып жатқанмен, ет өнімдерін  өндіріп  жатқан  жоқ. Біз  енді ауыл шаруашылығы  кешендері  жартылай  дайын  өнімдер, консервілер,  шұжық  секілді жергілікті өнімді шығарса дейміз. Оларға тиісінше қолдау көрсетуге әзірміз.  Ауданда  әуежай да, теміржол да, көршілес Ресей еліне шығатын аутокөлік жолдары да бар. Жол бойындағы сервистік қызмет көрсетуді қолға алуға мүмкіндік зор.

Яғни кемпинг, мейрамхана, техникалық қызмет көрсету стансасын  ашуға болады. Біз  ауданымызға  осындай игі істерді қолға алып, бизнеспен айналысатын  кәсіпкер-лерді  шақырамыз, – дейді Руслан Серғалиұлы.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»