1.08.2019, 19:55
Қараулар: 218
Мүрдемен бір ай түнеген

Мүрдемен бір ай түнеген

Өз жұмыстасын қасақана өлтіріп, мүрдесін бір айға жуық өзі жататын кереуеттің астына тығып ұстаған қылмыскер он жылға сотталды.

Сот ісінде келтірілген деректерге сүйенсек, Орал қаласындағы «Ғимарат» ЖШС-да біраз жылдан бері ет шабушы болып еңбек етіп жүрген 58 жасар Серікжан Әділов биылғы жылдың үшінші наурызы күні жұмыстасы, 38 жастағы Марат Шерниязовпен спирттік ішімдік ішкен.

Жұмыс орнында болған «көңілді» отырыс қыза келгенде бөтелкелес «екі дос» сөзге келіп қалған. Екеуара болған кикілжің барысында М. Шерниязов С. Әділовтің жағынан жұдырықпен ұрған. Жұмыстасының бұл әрекетіне шыдамаған жәбірленуші қарымта шабуыл жасап, бар күшімен қарсыласын оңдырмай соққан. Қатты тиген соққыдан М. Шерниязов бірден етпетімен еденге құлап, есінен айырылған. Сол мезетте С. Әділов жәбірленушінің үстіне отырып алып, жұдырығымен басынан бірнеше мәрте соққан.  Ауыр соққының салдарынан М. Шерниязовтың бас сүйегі уатылып, сол мезетте жан тапсырған. Қылмыскер о дүниелік болған жұмыстасының денесін жамылғыға орап, өзі ұйықтайтын кереуеттің  астына  жасырған.

Айта кетейік, қылмыскер С. Әділов белгісіз жағдайларға байланысты 2017 жылы үйінен кетіп қалып, жоғарыда аталған өзі жұмыс істейтін мекеменің бір бөлмесін паналап жүрген. Әріптесінің қолынан қаза тапқан М. Шерниязов та отбасынан ажырасып, жұмыс  орнында  тұрып  жатқан.

Істі тергеп-тексеру барысында анықталғандай, мекеме ғимаратын паналаған екі әріптестің арасында бұған дейін де бірнеше мәрте кикілжің орын алған. Қылмыскердің айтуынша, М. Шерниязов серіктестік басшысының туысы екенін алға тартып, С. Әділовті әрдайым кемсітіп, соққыға жыққан.

Қылмыскер осылайша өлі дене жасырынған кереуеттің үстінде 27 түн түнеп, жүре берген. Тек 30 наурыз күні сол мекемеде жүргізуші болып жұмыс істейтін М. Жүсіпов есімді азамат су ішетін ыдыс алмақ ниетпен С. Әділовтің жатын бөлмесіне кіргенде қолқаны қабатын қолаңсы иісті сезіп, кереуеттің астына үңілген. Артынша жамылғыға оралған М. Шерниязовтың өлі денесінің үстінен түсіп, мекеме басшысына қоңырау шалған. С. Әділов жасаған қылмысын сол бойда мойындап, қамауға  алынған.

Сәрсенбі күні БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыскерге  үкім  шығарды.

– Сот Серікжан Әділовті кінәлі деп танып, ҚР Қылмыстық Кодексі 99-бабының 1-бөлігі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Сонымен қатар аталған істі қарау барысында қылмыскердің өз кінәсін толық мойындағаны, аталған қылмысты мас күйінде қасақана жасағандығына өкінетіндігі ескерілді, – деді аталған соттың судьясы Бақыт  Ермаханов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар