1.08.2019, 19:53
Қараулар: 167
Кәсіподақтың қауқары қандай?

Кәсіподақтың қауқары қандай?

«Батыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қатарында 75 мыңға жуық адам бар. Жалпы мұндағы 15 салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының құрамында 1000-ға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы тұрақты жұмыс  істеп келеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз  мәслихатында  аталмыш  бірлестіктің  төрағасы Аманкелді Таспихов биылғы бірінші жартыжылдықтағы атқарған іс-шаралары жөнінде  баяндаған болатын. Оның сөзінше, ең алдымен,  кәсіподақ ұйымдарының  сапалық құрылымын және олардың белсенділігін арттыру қажет. Облыстық кәсіподақтар орталығы  ірі салалық, жергілікті, аудандық кәсіподақ комитеттері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіріп отыр. Кәсіподақтардың аясы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Соңғы бір жылда «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы және «Ынтымақ» орта және шағын бизнес жұмыскерлерінің кәсіподағы құрылған. Сонымен қатар 59 бастауыш кәсіподақ ұйымы жаңадан құрылып, кәсіподақ мүшелері 10 755 адамға артқан.

Спикер айтып өткендей, кәсіподақ назар аударатын мәселелердің бірі ұжымдық шарттар болып отыр. Өңіріміздегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар еңбек ұжымдарының барлығында ұжымдық шарттар бар. «Әдетте жалақыны кешіктіру, қызметкерлердің құқығын бұзу, олардың арыз-шағымдарын елемеу сияқты әлеуметтік шиеленістер кәсіподақ ұйымдары жоқ еңбек ұжымдарында туындайды. Батыс Қазақстан облысы бойынша еңбек инспекциясының мәліметіне сүйенсек, барлық тіркелген ұжымдық шарт саны 1 545 болса, ұжымдық шарттармен 130 мыңнан  астам адам қамтылған», – дейді  спикер. Кәсіподақтар ұжымдық шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын бақылауға да назар аударуда. Сондай-ақ жұмысшылардың жалақысына қатысты мәселелермен де жұмыстануда. Өз сөзінде еңбек қауіпсіздігі ең өзекті мәселе екенін атап өткен спикер жұмыс берушілердің жауаптылығын міндеттейтін норма енгізу бойынша жұмыстар  жүргізіліп  жатқандығын  айтты.

– Еңбек қатынастарындағы аса көңіл аударарлық мәселе –  жазатайым оқиғалардың орын алуы. 2019 жылдың І жарты-жылдығы ішінде облыс бойынша 24 жазатайым оқиға орын алған. Нәтижесінде 28 адам зардап шегіп, 3 адам қаза тапты. Мекеме-кәсіпорындардағы еңбек жағдайын жақсарту, өндірістік жарақаттану мен кәсіби ауруларды азайту мақсатында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, 2019 жылды «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жылы» деп жариялады. Жыл аясында облыстық еңбек инспекциясы басқармасымен бірлесе отырып облысымыздағы бес ірі кәсіпорынмен 2019-2021 жылдарға арналған  өндірістік жарақаттарды және еңбек жағдайларындағы зиянды және қауіпті  жұмыс орындарын азайту бағытында жол картасы бекітілді, – деді Аманкелді Таспихов. Кәсіподақ мүшелерін оқыту, біліктіліктерін арттыру мәселесі де басым бағыттардың бірі болып отыр. Сондай-ақ спикер кәсіподақтардың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыс орнатқанын атап өтті. Мәселен, жұмыс барысында құқығы бұзылған, түрлі мәселе туындаған жағдайда әрбір жұмысшы және кәсіподақ мүшесі хабарласуы үшін 8 708 434 30 91 нөмірлі жедел телефон қызметі іске қосылған.

Баспасөз мәслихатында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық  филиалының төрағасы Махамбет Құсайынов та баяндама жасады. Оның сөзінше, «SENIM» кәсіподағының  10 140 мүшесі бар.  Соның ішінде 581  студенттен мүшелік төлем алынбайды.  Кәсіподақ мүшелері Манкент, Ақжайық, Көктем, Мерке, Шортанды, Сарыағаш шипажайларына демалысқа жолдануда. Аталмыш кәсіподақтың  жарғысына  сәйкес, бастапқы ұйымға 65% мөлшерінде мүшелік жарналарды қайтару көзделген. «Бұл бастауыш ұйымның кәсіподақ көшбасшыларының рөлін арттыруға ықпал етеді», – дейді М. Құсайынов. Сонымен қатар  «SENIM» кәсіподақ құрамындағы медициналық колледж студенттеріне ай сайынғы атаулы ақы төленіп келеді. Туберкулезбен ауырған және амбулаториялық емделуде жүрген медициналық ЖОО мен колледж студенттеріне әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылған.

Облыстық және аудандық медицина-лық ұйымдардағы  төрт  жас маманға  500 мың теңге көлемінде көтермеақы түрінде материалдық көмек көрсетілген екен. Ал екі жас маманға тұрғын үй құнының 20%-ы мөлшерінде материалдық көмек берілген.  Спикердің сөзінше, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ететін ақысы төмен санаттағы қызметкерлердің  жалақысын көтеру, 1 маусымнан бастап жұмыскерлердің жеке санаттарына  үстемақы белгілеу бойынша шаралар қадағалануда.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар