1.08.2019, 19:43
Қараулар: 629
«Құрбан айттың нақты уақыты қосымша хабарланады»

«Құрбан айттың нақты уақыты қосымша хабарланады»

Орал  қалалық  әкімдігінде  Қазақстан  мұсылмандары діни  басқармасының  БҚО  бойынша өкіл  имамы  Мұратбек  Қыстаубаевтың  және  қала  әкімінің орынбасары  Бақытжан  Нарымбетовтің  қатысуымен  күллі  мұсылман  қауымы  таяуда  атап  өтетін  Құрбан  айт  мерекесіне  қатысты  жиын  өтті.

Басқосу барысында қасиетті мейрамға орай облыс аумағында өтетін іс-шараларды ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

– Қазіргі сәтте Құрбан айттың дәл қай күні өтетіндігі нақты белгілі емес. Ел-жұрт арасында аталмыш мейрамның аталып өту күні туралы сан түрлі ақпарат тарап, осы мәселе бойынша бізге хабарласатын тұрғындар саны артты. Көрші тұрған елдердің күнтізбесін негізге алып, не болмаса өткен жылдағы ақпаратты биыл қайта таратып отырған азаматтардың әрекеті жұртшылық арасында жалған ақпар таралуына себеп болуда. Қасиетті мерекенің нақты күнін анықтау үшін жаңа айдың тууын күтеміз. Құрбан айттың нақты уақыты қосымша хабарланады. Сол себепті тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан таралатын нақты мәлімдемеге сүйену қажеттігін тұрғындар қаперіне саламын, – деп атап өтті Мұратбек  Мұхтарханұлы.

Былтыр құрбандыққа шалынатын малдарды союға бес орын бөлінсе, биылғы жылы осы мақсатта үш орын әзірленуде. Мұсылманның бес парызының бірін орындап, құрбан шалуға ниет білдірген жандар «Ел ырысы» базарының, «Кублей» және «БатысАдалЕт» ЖШС-ның аумағында орналасқан арнайы орындарды пайдалана алады.

Жиын соңында Бақытжан Хаберұлы жергілікті полиция қызметінің өкілдеріне таңғы айт намазынан бастап, күні бойы өткізілетін мерекелік іс-шаралар барысында кезекшілік ұйымдастыру арқылы тәртіпті қадағалауды, қалалық ветеринария бөліміне мал сою орындарындағы тазалық талаптарының сақталуын қадағалап, союға әкелінген малдың арнайы рұқсат қағаздарының болуын тексеруді  тапсырды. Сондай-ақ қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне әлеуметтік аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін жасақтап, оларға ет жеткізіп беру жұмысын ұйымдастыру, ішкі саясат бөліміне мерекелік шаралардың уақыты мен өтетін орны туралы ел-жұртты ақпараттық хабарландыру, ал қалалық мәдениет бөлімі өкілдеріне іс-шараларды ұйымдастыру  жүктелді.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар