1.08.2019, 19:40
Қараулар: 151
Елбасының сый-құрметі

Елбасының сый-құрметі

Шораев Асқар Ишанұлы – Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласындағы металлургия комбинатында 33 жыл бойы табан аудармай тер төккен еңбек ардагері. Ересен жалын-жігер мен ерен қажыр-қайратты талап ететін өнеркәсіп саласында жылдар бойы еңбек ете жүріп, Асқар ағай спортпен де белсенді айналысты. Ол – шаңғы мен велосипед спортынан қазақ жастарының арасынан шыққан КСРО-ның тұңғыш спорт шебері. Әсіресе, А. Шораевтың отандық велоспортты дамытуға сіңірген еңбегі зор. Ол спорттың осы түрінен КСРО-ның 30 спорт шеберін һәм Кеңес Одағының халықаралық дәрежедегі бір спорт шеберін даярлаған елімізге еңбегі сіңген білікті бапкер. Сөйте тұра, Асқар Ишанұлы үшін жас кезінде еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп жұмыс істеген Қазақстан магниткасының орны бөлек. Өткен айдың он үшінші жаңасында сексеннің сеңгіріне шыққан Асқар Ишанұлы осыдан бірер күн бұрын еліміздің бас қаласынан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жазбаша құттықтауын алып қайтты. Арнайы құттықтауға қоса, Елбасы құрыш білек металлургтың қолына циферблатына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қолы қойылған атаулы сағат тақты.

*   *   *

80 жасқа толуына орай Асқар Ишанұлын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали  Есқалиев, Қазақстан велосипед спорты федерациясының президенті Дархан Қалетаев және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бас директоры Парамжит Калон да құттықтады. Ал Словения Республикасының қайраткер азаматы, «Карич» халықаралық қорының президенті Драгомир Карич еңбек және спорт ардагері Асқар Шораевты мерейтойына орай «Елдер арасындағы ынтымақтынығайтқаны үшін»  медалімен марапаттады.

Бауыржан  ӘЛЖАНҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар