1.08.2019, 19:37
Қараулар: 537
Бесіктен береке кетпесін!

Бесіктен береке кетпесін!

«Мен үш нәрседен қорқамын. Біріншісі –  бесік жырын айта алмайтын келіндердің, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын».

Бауыржан  МОМЫШҰЛЫ

«Айым болып тудың ба, күнім болып тудың ба?» деп басталар әннің әуені ана құшағын көрген әр жанға жақсы таныс болуы керек. Тек бүгінде бесіктегі баласына бұл әнді айтар аналардың қатары сиреп кеткені болмаса. Дегенмен бесік жырын тыңдау түгілі, бүгінгінің баласы бесікке жатып жүр ме екен? Жас аналардың бесіктен безуінің себебі не?

Жақында әлеуметтік желіде көшедегі қоқыс жәшігіне тасталған бесіктің суретін көріп, көпшілік жағасын ұстаған. Қарапайым тұр-мыстық қалдықты тастай салғандай қоқыс арасынан табылған қос бірдей бесік көзге расымен-ақ оғаш көрінген-ді. «Байып кетсең де, ескі шапаныңды тастама» дегендей, «Ең болмаса, бала күтіп жүрген отбасына бермеді ме?», «Бала-шағасын қоқысқа тастап жатқан қазаққа бесік не тәйірі?», «Қоқысқа тастағанша, мектепке бере салмады ма, Наурыз мерекесінде бесік таба алмай жүреді ғой» деген желі қолданушылардың пікірлері көптеп жазылды. Өкініштісі, оларға жауап қайтарып, қайдан келген бесік, иесі кім екенін айтар адам болмады. Осыдан соң-ақ «Халқымыз жаңа туған сәбидің алғаш төсегі деп қадірлеген бесіктің қадір-қасиетін бағамдай алып жүрміз бе?» деген сауал санадан шықпай қойғаны…

Бесік туралы не білеміз?

Аңызға сүйенсек, ең алғашқы бесік Жетісу өлкесі мен Алтайдың баурайын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған. Айдархан бидің әкесі, төңірекке белгілі Мизам баба қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысса керек. Елге сыйлы Мизам баба 150 жыл өмір сүріпті. Өзі сүрген ғұмырында еккен көшет-талдардан үлкен бақ жайқалған көрінеді.

Мизам бабаның о дүниеге сапар шеккенінен хабардар қытайлар бақилық бабаның еңбегін көре алмаушылықпен өртеп жібереді. Сол уақытта оның баласы Айдархан алыс ауылға сапар шегіп кеткен екен. Би түсінде әкесін көріп, лезде бір сұмдықтың болғанын сезіп, үйге қарай аттың басын бұрады. Ауылға асығыс жетіп, ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп, қатты күйінеді. Бірақ жылдар өте береді. Айдархан би үйленіп, тұңғышы дүниеге келеді. Алайда туа сап, сәби тоқтамай жылай береді. Оған шартарапқа аты шыққан емшілер де көмектесе алмайды. Бір күні бала жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Оның орнында қалған ағаш бұтағымен Айдархан қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасаған көрінеді.

Жалпы, бесік – түбек, шүмек, құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, қос тартпа сияқты жабдықтардан тұрады. Сондай-ақ ұрпағының тәрбиесіне үлкен мән берген халқымыз бесікке байланысты жөн-жоралғылардың сақталуына, соған байланысты айтылған  тыйым  сөздерге  құлақ асқан.

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады»

Жарық дүниеге келген сәбидің бесікке алғаш жатуының өзі –  ел ішінде үлкен рәсім. Бұл туралы исі қазақтың білері анық. Жаңа туған нәрестеге бесікті нағашы жұрты сыйлайды немесе әкесі жасап беруі тиіс. Бесікке салу жолы ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты аналарға, өнегелі әжелерге тапсырылады. Бұл туралы есімі елге сыйлы, көпті көрген ақ жаулықты Роза Бейісқанова апамыздан сұрап білдік.

– «Заманына қарай адамы» демекші, уақыт өткен сайын жаңа дүниелер ойлап шығарылуда. Осы өзгеріс біздің салт-дәстүрімізге де соқпай өткен жоқ. Жалпы, бесікке салу рәсімінің баланың келешек өміріне тигізетін әсері мол. Сондықтан оған жауапкершілік танытқан жөн. Бесікке саларда арнайы ұсақ бауырсақ пісіріледі. Оны баланы бесікке салған соң әжелер бесіктің түбегінен үлестіріп береді. Қазір жастардың көпшілігі тыштырма десе, жиіркенгендей кейіп танытып жатады, ал оның өзіндік мағынасы бар. Тыштырма – бұл баланың көпшілікке деген шашуы болып есептелген. Яғни бұл дәстүрдің «Менің қуанышыммен бөліскендеріне алғысым, дәл осындай бақыт сіздерге жұғысты болсын, өмірге келер бауырларым көп болсын!» деген мәні бар, –  деген Роза апамыз одан әрі бесікке байланысты айтылатын ырым-тыйымдарды түсіндіріп берді.

Апамыздың айтуынша, халқымыз, ең алдымен, бесіктің жасалуына үлкен мән берген. Бесік тек қана ағаштан жасалып, сондай-ақ ағаш шегемен ғана бекітілген. Өзге шегені бесікке қағуға қатаң тыйым салынған. Жын-пері жақындамай, тіл-көзден аман болсын деп бесікті отпен аластап, баланың тыныш ұйықтауына жағдай жасаған.

– Бесіктің сол жағынан отырып, оң жаққа қарап тербетеді. Бұл осы бесіктегі сәбидің өмірде жолы болсын, ғұмырлы болсын дегенді білдіреді. Сондай-ақ қазір бесіктің беті ашық тұрады. Күнұзағына ашық-шашық тұрған бесікке баланы жатқызамыз да, сәби шошып оянады, тыныш жатпайды деп таң қаламыз. Себебі бесікті аластаған жоқпыз, тазалаған жоқпыз, бұдан соң бала қайдан ғана тыныш жатады? Қазір баланы құндақтамайтынды шығарған. Қол-аяғын сермеп жатқан сәби өз денесінен өзі шошитыны бар. Ал бұрындары баланы құндақтап, бесікке салып әлдилейді. Сонда бала тыныш, жылы әрі таза болып жатады. Жас сәби құстың көлеңкесінен  де  тоңады, –  дейді.

Жалпы, Роза апамыз бүгінде баланы тәрбиелеп өсіру түгілі, оның өмірге келуінің өзінде олқылық көп екендігін тілге тиек етті. Жаңа жеңілденген ананың кеудесіне баласын жарық дүниеге шыққан күйі салып қоятын көрінеді. Апамыздың айтуынша, анасы бойын жиып, жуынып-тазаланып, әрі дәретін алып қана баланың аузына сүт апаруы тиіс.

Ғаламтор желісінен көрген қоқыстағы бесік туралы айта келіп, Роза апамызға «Бәлкім, сол бесікте жатқан сәби шетінеп, иесі жаман ырымның алдын алған болар» деп едім. Оған апамыздың берген жауабы: «Үйде бір адам өмірден өтті екен деп, үйіңді өртеп жібермейсің ғой. Бесікті лақтыруға, сындырып, отқа жағуға болмайды. Әр адам Алланың берген ғұмырын сүреді. Сондықтан шетінеп кететін сәбиді халық «ғайыптың құсы» деген. Бесікте бір сәби шетінесе, отпен аластап төрге іліп қойған, келесі балаларын жатқыза берген».

– Аяғы ауыр келіншек өзін-өзі күту керек. Бұл анаға да, ертең өмірге келер бала үшін де қажет. Әжем аяғы ауыр келіншектің жалаң аяқ жүрмеуін қадағалайтын. Себебі ондай анадан туған бала алысқа бара қоймайды. Сондай-ақ Наурыз мерекелерінде мектеп оқушыларының салт-дәстүрді сахналаған болып, ойыншық қуыршақты сәбидің кейпіне енгізіп, әлдилейтінін көреміз. Мұның өзі – өте нашар ырым. Жалпы, қазіргі балалардың жағдайы жақсы дейді. Ал мен ол пікірмен келіспеймін. Өйткені шетінен ауру-сырқауы көп.

Негізі, салт-дәстүр ұлттық құндылық қана емес, ол адамның тәрбиелі әрі дұрыс қалыптасуына жағдай жасайды. Әттең, қазір ескеріле бермейді, – дейді Роза Бейісқанова.

Бесіктің сәби  денсаулығына пайдасы

Бесіктің құрылымы алып жүруге жеңіл, ықшам және берік. Баланы бесікке бөлеу тек оның денсаулығына емес, үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға да қолайлы.

Ал нақтырақ айтсақ, бесікте жатқан баланың қан айналым жүйесі жақсы дамиды. Яғни тербеліп өскен бала атпен шапқанда немесе көлікке мінгенде жүрегі айнып, лоқсымайтын болады. Екіншіден, бесікте жатқан баланың аяғы түзу, дене бітімі келісті болып өседі. Неге десеңіз, тартпа бау аяқ-қолын байлап, үнемі бір қалыпта ұстап тұрады. Дәл осы себептен баланың аяқ-қолы түзу, қимылы ширақ болып қалыптасады. Үшіншіден, бесікте шүмек және түбек деген гигиеналық құрылғылар бар. Осының арқасында баланың жамбасы құрғақ, денесі таза күйінде қалады. Төртіншіден, шалқалап жатқан баланың бел омыртқасы түзу, еңсесі тік болады. Бесіншіден, бесіктің үстіндегі жабу баланы шыбын-шіркейлерден, ызғар жел мен күннің аптап ыстығынан, түрлі қауіп-қатерлерден сақтайды.

Алайда қазіргі кезде бесіктің заманауи түрлерінің көп екенін көріп жүрміз. Сәбиді шайқап қана қоймай, оған ыңылдап ән айтатын, баланың қозғалысы мен даусына әсер ететін «smart» бесіктер көп. Олардың қаншалықты пайдасы бар? Бұл жөнінде он саусағынан өнер тамған шеберлермен сөйлескен болатынбыз. Тасқалалық Дәулетқали Кенжебаевтың айтуынша, аталмыш кәсіппен айналысқанына 25 жылдай болған. Арнайы тапсырыспен жасайтын шебер бесік құрастыруда қарапайым ағаш құралын қолданатынын айтады. Бағасы 22 мың теңгеден басталып, әрі қарай тапсырыстың күрделілігіне байланысты өседі. Ал көрші Бәйтерек ауданының Новенький мектебінде еңбек ететін Бейбіт Мұқанәлиев осыдан екі жыл бұрын 9-сыныпта оқитын шәкірті Нұрдәулет Рулановпен бірігіп, «smart» бесік жасап шығарған. 13 жылдан астам уақыт еңбек пәнінен сабақ беретін ұстаздың айтуынша, өздері жасаған әмбебап бесіктің қазіргі таңда пайдасы көп.

– Бүгінде жаңа заманға сай жасалып жатқан дүниелер көп қой. «Монеж, коляска» дейтіндер тіпті көбейіп кетті. Соны көріп, өзіміздің ұлттық бесігіміз жоғалып кететіндей сезілді. Жалпы, шәкіртім екеуміз 5 айдай уақыт жасаған бесік – аты айтып тұрғандай, әмбебап дүние. Оны алдымен баланы тербетуге пайдаланса, соңынан тамақ ішуге арналған үстел ретінде қолданады. Ал балбөбек жүре бастағанында итермелі жүру құралы ретінде баланың буынын бекітуге ықпал етеді, – дейді Бейбіт Маратұлы.

Шебер ұстаз бесік жасағанда алдымен оның қатты шайқалмауына назар аударғанын айтады. Мұнан соң жерден аса биік болмауын қадағалаған. Осыдан-ақ шебердің бесікті жай құрал емес, бала өміріне аса қажет дүние деп санайтынын аңғардық.

Әсемгүл   БЕКЕШЕВА,

Тасқала   ауданы

P.S. Қазақ  әлі үйленбеген  жігітке  қарата,  «Есік  көргенді  емес, бесік  көргенді ал», – дейді. Яғни  әке-шешенің  алдын  көрген, тәрбиелі де инабатты қызды  меңзегені.

Осыдан-ақ  «бесік»  сөзінің  халқымыз  үшін  қаншалықты  маңызды  екенін  байқасақ болар.  Бесіксіз  үйде  береке  болмасын  естен  шығармайық!

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар