1.08.2019, 19:36
Қараулар: 381
ӘУРЕ-САРСАҢҒА САЛҒАН 3 МИНУТ һәм ЖИРЕН ЖАМАН ӘДЕТТЕН!

ӘУРЕ-САРСАҢҒА САЛҒАН 3 МИНУТ һәм ЖИРЕН ЖАМАН ӘДЕТТЕН!

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А. Сақошевтың назарына!

Дүйсенбі күні редакция есігін қағып «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдар Сатыбаев бастаған бір топ аудан жастары келді. Олар редакцияға базыналарын арқалап келген екен. Кіре сөз алған Айдар Сатыбаев Орал қаласында өткен шағын футбол лигасында орын алған әділетсіздікті әңгімелеп, әділдікке жету жолында редакциядан көмек сұрады.

Енді бәрін орны-орнымен, рет-ретімен баяндасақ. Айдар мен ауыл жастарының сөзіне сүйенсек, Жаңақала ауданы жастары  «Жаңақала жастары» командасын құрып, өз қаражаттарына Орал қаласында Жастар жылына орай өткізілген теңбіл доп додасына барып қатысқан. Жарыс мамыр айында басталған. Жарысқа қатысушы 20 команда бес командадан төрт топқа бөлініп ойнаған. Әр топтан І және ІІ орын алған командалар ¼ ширек финалға жолдама алады. Жаңақала ауданының «Жаңақала жастары» командасы қарсыластарының барлығын жеңіп, ¼ ширек финалдық ойынға өз топтарынан бірінші орынмен шыққан. Ширек финалдық ойында Орал қаласының «Ақжайық жастары» командасымен кездеседі. Міне, барлық әділетсіздік осы ойында орын алған.

– Біздің жігіттер ойнап жатқан кезде мен ойынды ұялы телефонымнан «Іnstagram» әлеуметтік желісіне тікелей эфирге түсіріп жүрдім. Бірінші голды біздің команда салғанымен, соңынан қарсылас команда есепті 2:1-ге жеткізіп, ұтып жатты. Сол кезде ортадағы төреші ысқырып, ойынды тоқтатып, бірінші таймның біткендігін хабарлады. Сол сәтте мен уақыт есептеп отырған ұйымдастырушы жігіттің  қасында тұр едім. Оның уақытына көз салсам, ойын 17-ші минутта тоқтатылыпты. Негізі ереже бойынша әр тайм 20 минуттан ойнатылып, жалпы ойын 40 минутқа созылуы керек. Сол бойда мен уақыт есептеп тұрған жігіттен ойын неге межелі мерзімнен бұрын тоқтатылғанын сұрадым. Ал ол болса уақытты үш минут кейін қосқанын айтып ақталды. Одан әрі ойынның екінші таймы жалғасып кетті. Ойын соңында 3:3 есебімен тең ойнаған командалар пенальти тепті. Пенальтиде біздің команданың жолы болмай, жеңіліп қалды. Сонымен, қолдың ұшында тұрған жеңістен айырылып қалған біз  көңіл күйіміз түсіп, ауылға қайттық. Бірақ кешкісін команда мүшелері маған қоңырау шалып, менің «Іnstagram» бетінде сақтаулы тұрған сол ойынның тікелей эфирін қарап шыққандықтарын, үзіліссіз түсірілген видеода ойын расымен 17 минутқа созылғандығын айтты. Артынан бәріміз бірігіп қарағанымызда, расымен де ойынның бірінші таймы 17-ші минутта тоқтатылған екен. Бұндай әділетсіздікке шыдамай, мен уақытты есептеген жігітке қоңырау шалдым. Ол сол жерде барлығы қарап тұрғандықтан, қысылып, өтірік айтқандығын, ойын расымен өз уақытынан 3 минут бұрын тоқтатылғандығын мойындады. Осыдан соң ойындағы әділетсіздікті алға тартып, команда мүшелерінің ұсынысымен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А. Сақошевке «Ақжайық жастары» командасымен қайта ойнатуын сұрап хат жолдадық. Хатқа дәлел ретінде өзім түсірген видеоны қосымша қылып тіркедік. Өкінішке орай, хатымызға ешқандай жауап ала алмадық. Хатымыз жауапсыз қалғандықтан, кешкісін А. Сақошевтың ұялы телефонына қоңырау шалдым. Ол өзінің еңбек демалысында екендігін айтып, міндетін уақытша атқарып отырған маманына  сілтеді. Ол күні телефонын көтермеген маманымен екінші күні телефон арқылы тілдесуге мүмкіндік туды. Дегенмен  ұйымдастырушылар 3 минут үшін ойынды қайта өткізбейтіндігін мәлімдеді. Енді аудан жастары бұндай әділетсіздікке төзбейтіндіктерін айтып, сіздерден көмек сұрап келіп отырмыз. Мұндай жағдай тек біздің ғана ойында емес, Орал қаласының командасымен ойнаған басқа да командаларда болған екен. Оны бізге «WhatsApp» желісі арқылы басқа командалардың мүшелері де айтып, аудиожазба жолдап отыр. «Бұға берсең, сұға береді» дегендей, біз осы жерде бұғып қалуды  жөн көрмедік, – деп әділдік жолында командасы үшін шырылдаған Айдар Сатыбаев ұйымдастырушылар  тарапынан әділ шешім қабылданбайтын жағдайда, облыс басшысына дейін баратындықтарын ашына айтты. Айдар Сатыбаевтың сөзін шуласа қолдаған аудан жастары «Біз жеңілгендіктен шу шығарып отырғанымыз жоқ. Біз әділетсіздік үшін шырылдап жүрміз. Шағын футболда 3 минутта кем дегенде 4-5 мәрте шабуыл жасауға болады. Ал нәтижелі шабуыл жасасаң, ойын барысын бір-ақ минутта өзгертуге болады. Бізге осы мүмкіндікті бермей, уақытты ерте тоқтатып тастағаны үшін ренжуліміз. Ұйымдастырушылар барлық 40 минутты қайта ойнатпаса да, ең болмағанда қысып қалған үш минутымызды ойнатса екен. Біз сол үш минут үшін Орал қаласына өз қаржымызбен барып ойнауға дайынбыз», – дейді.

Иә, Елбасымыз бұл жылға Жастар жылы деп айдар таққан еді.  Осыған орай елімізде, өңірімізде, қала берді аудан-ауылдарда да жастарға көптеп көңіл бөлініп, қолдау білдірілуде. Жастар жылына орай ауқымды іс-шаралар өткізіліп, көптеген жобалар қолға алынуда. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ та Жастар жылын тек айдар немесе тек іс-шаралар тізбегі ғана деп түсіну қателік. Бұл жыл – жастарымыздың өз қарым-қабілеттерін жарқыратып көрсетуге берілген мүмкіндік. Осы орайда «Ел болашағы жастардың қолында» деп ел болып жастарға зор үміт артып, жастарды бірлікке, достыққа шақырып отырғанымызда мынандай жағдайдың орын алуы үлкен сын.

Жай әншейін жасыл алаңдағы жарыстың өзінде «Бармақ басты, көз қыстыға» бейім кей жастардың күні ертең қызмет бабында жең ұшынан жалғасар сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмасына кім кепіл?!

Нұрғали  ҒАББАС,

Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар