30.07.2019, 0:27
Қараулар: 443
Жайықтың жағдайы оңала ма?

Жайықтың жағдайы оңала ма?

25-26 шілде аралығында Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-да ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, РФ Орынбор облысы әкімдігінің қолдауы және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жайық өзені бассейнінің экологиясын сақтаудың бірлескен институционалдық және экономикалық механизмі бойынша ұсыныстар дайындау және халықаралық тәжірибелерді зерттеу мәселелері» тақырыбында семинар өтті.

Батыс Қазақстан, Атырау және Ресейдің көршілес Орынбор облыстарында бірдей аталып өтетін «Жайық кү-ні» қарсаңында ұйымдастырыл-ған халықаралық семинарға ҚР
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Нұрлыбай Сәбит, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы, елші Дьердь Сабо, облыс әкімі Ғали Есқалиев, Орынбор облысы губернаторы орынбасарының міндетін атқарушы Павел Самсонов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев, Ерболат Мұ-қаев, Сәрсенбай Еңсегенов, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Тарасенко, қос елдің ғалымдары, халықаралық және отандық сарапшылар қатысты.

— Трансшекаралық  Жайық өзені Қазақстан ғана емес, Ресейдің де ерекше мемлекеттік маңызды су күретамыры болып табылады. Өзеннің екі ел үшін де тарихи, экологиялық және мәдени мәні зор. Сонымен қатар Жайық өзенінің бассейні экожүйесінің мәсе-лелері, оның ішінде су сапасының нашарлауы, орман қорының кемуі, биологиялық ресурстардың, әсіресе, бағалы бекіре тұқымдас балықтардың азаюы байқалады. Бассейннің жағдайы үлкен алаң-даушылық тудырады.

Күні бүгінде Жайық өзені Орал қаласын сумен және жылумен қамтамасыз ету үшін пай-даланылады. Осы мақсаттағы су тұтынудың жылдық көлемі 17 млн. текше метрді құрайды. Биыл өзеннің деңгейі едәуір төмендеді. Бұл тұрғыда сумен қамтамасыз етуде баламалы қуат көздерін қолдану жолдары қарастырылуда. Ауыз судың жерасты көздерін қолдануды жоспарлап отырмыз, қазіргі таңда салалық министрлікпен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жайықтың жағдайы бұған дейін әр түрлі деңгейлерде, соның ішінде Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары, үкімет және парламент мүшелері деңгейінде бірнеше рет қаралды. 2016 жылы Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ Өңіраралық ынтымақтастық фору-
мының (Астана қаласы) қорытындылары бойынша Жайық өзенінің экожүйесін сақтау туралы келісім-ге қол қойылды. Бұл құжат көп жылғы тығыз байланыстың жемісі болып табылады.  Осы келісім аясында еларалық тұрақты комиссия жұмыс істейді. Бірлескен комиссиялардың ұйымдық құрылым-дарының алуан түрлілігіне қарамастан, шешім қабылдау орган-дарымен қатар, комиссияда қабылданған шешімдердің бірізділікпен орындалуын қамтамасыз ететін атқарушы және жұмысшы құрылымдарды (органдарды) құру да маңызды. Біз тарих тамырластырған қос елді біріктіретін өзеннің суын сақтап қалуға бірлесіп қол жеткізе аламыз, сонымен қатар барлық саладағы үкіметаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, тату көршілік қатынастардың жаңа деңгейіне шығамыз деп сенемін, – деген  облыс басшысы Ғали Есқалиев тұрақты бірлескен құры-
лым – Жайық өзенінің мемлекетаралық қорын немесе Жайық өзені бассейнінің форумын құруды және бірлескен кешенді бағалау мен ғылыми негізделген жан-жақты зерттеулер жүргізуді ұсынды.

Жиында сөз алған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Нұрлыбай Сәбит үкіметаралық комиссияның жұмысы туралы баян-дап берді. Жайықтың жағдайын жақсартуға бағытталған халықаралық іс-шаралар жоспары түзілгеніне қарамастан, нәтиже әзірге мардымсыз. Бір кездері балығы мол арналы өзеннің қазіргі халі тым мүшкіл. Әсіресе, трансше-каралық өзеннің төменгі сағасы, яғни қазақстандық бөлігінің арнасы тартылып, су көлемі азайып, тым тайызданып кетті. Былтыр Атырау облысында бекіре тұқымдас балықтардың жаппай қырылуы тіркелді. Қазір аталмыш экология-лық апат бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу-тексеру жүріп жатқанын атап өткен министрлік өкілі әлгіндей экологиялық апатқа ұрындырған әрекетке құқықтық баға  берілетінін  мәлімдеді.

– Жайық өзенінің табиғи экожүйесінің тозуына оның су, өсімдіктер, жануарлар мен балық қорын пайдаланатын шаруашы-лық қызметтері де кесірін тигізуде. Елді мекенді жерлердегі жағалаулары мен су алатын алаңдар да, тасқын кезінде өзенге шайылатын қалдықтар да ерекше маңыз аударатын жағдайлар. Бірінші кезекте өзенге сарқынды, өндірістік қалдықтарды төгуді тоқтату керек. Бүгінгі жиында екі елдің өкілдері отыр. Өзен жағасында орналасқан шаруашылықтардың қызметін жүйелі реттеу және бақылауды басты назарға алуымыз керек.

Ең бастысы, Жайық өзенінің мәртебесін қайта қарауымыз қажет. ҚР Экология, геология жә-не табиғи ресурстар министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, «ҚР Су кодексінің» 20-бабына сәйкес, Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының тізбесіне енгізу және сәйкесінше қорғауға алу туралы ұсыныстар дайындауда. Қазір ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының қатарында Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан көл-дері, Алакөл көлдер жүйесі мен Ертіс өзені бар. Оған қоса нақты нәтижеге қол жеткізуіміз үшін Жайық өзені мәселелеріне арналған барлық комиссияның жұмысын синхронды түрде жүйе-леуді ұсынамын, – деді Нұрлыбай Сәбитұлы.

Тұма бастауын Ресей аумағындағы Орал тауларынан алатын Жайықтың мәселесі тек біздің облыста ғана емес, көршілес Орынбор облысында да өткір. Жиында сөз алған Орынбор облы-сы губернаторы орынбасарының міндетін атқарушы Павел Самсонов өткен жылы өзеннің экожүйе-сін сақтауға 430 млн. рубль бағытталғанын, алайда бірлескен кешенді іс-шаралар болмайынша, жағдайдың жақсармайтынын ерекше атап өтті. Семинардың алғашқы күні қазақстандық және ресейлік ғалымдар өзара ақпарат алмасуда бюрократиялық кедергілердің орын алуы салдарынан өзеннің экологиялық жағдайын нақты анықтау қиындық тудырып отырғанын айтқан еді. Осы жайтты негізге ала отырып, қос мемлекетке ортақ бірыңғай цифрлық ғылыми-ақпарат орталығын құру-ды ұсынды. Оның құрамына әр өңірдегі экологиялық жағдайды ғылыми тұрғыда сауатты және сапалы жеткізе алатын жергілікті ғалымдарды енгізу қажеттігін атап өтті.

РФ Мемлекеттік думасының депутаты Юрий Мищеряков мем-лекетаралық комиссиялардың жұмысын жетілдіру және құрамына Орынбор, Челябинск, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Башқұртстан Республикасының бірінші басшыларын енгізу және тұрақты жұмыс тобын құруды ұсынды. Екі мемле-кеттің заңнамасы аясында трансшекаралық Жайық өзенінің жағасындағы аумақ басшыларының жауапкершілігін және қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысты міндеттерін нақтылау қа-жеттігіне де тоқталып өтті. Өзеннің барлық сағасының нақты жағдайын бейнелейтін заманауи цифрлық карта жасақтау күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенін айтты.

Мемлекетаралық комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Жайықтың суы молайса, оны пайдаланып отырған екі елдің де ырысы артатынын шегелеп айта келе, өзеннің ең төменгі сағасында орналасқан Атырау облысын-да жағдайдың аса мүшкіл екенін жеткізді. «Бұл – тек экологиялық қана емес, әлеуметтік мәселе. Жайық Аралдың аянышты тағдырын қайталамас үшін сөзден нақты іске көшу қажет. Өңірлік деңгейде мәселелерді ашық айтамыз, бір-бірімізді естиміз және түсінеміз. Алайда жоғары деңгейде, әсіресе, Ресей тарапынан тиісті көңіл бөлінбей келеді. Бір ғана мысал – мемлекетаралық комиссияның ресейлік төрағасының сай-лануын бір жыл күтуге тура келді.  Ғалымдардың жанайқайын естір құлақ табылғанымен, нақты жүзеге  асыруда  керітартпалық  басым.

Атырау облысында экологиялық мәселе өте өткір. Өзен дең-гейінің түсіп кеткені соншалықты, оның кей жерін жаяу кешіп өтуге болады. Өзен маңындағы орман жойылып барады.

Ең әуелі өзеннің бойында жаңа су қоймалары мен бөгеттерді салуды тоқтату керек. Жайық өзенінің саласында да салуға болмайды. Жайық өзеніне су аз келгендіктен, өзен ағысы баяулайды, кейіннен мүлде Каспийге құюын тоқтатады. Егер РФ басшылығы Жайықтың төменгі сағасы бізден қашықта, бұл экологиялық өзге-рістердің бізге қатысы жоқ деп ойласа, қатты қателеседі», – дей келе, Ғұмар Ислямұлы ресейлік әріптесі, депутат Юрий Мищеря-ковтің пікіріне қолдау танытты. Алайда мемлекетаралық комиссияның жұмысын өңір басшыла-рының емес, қаражат көзін табуға ықпал ететін тиісті министрлік басшыларының деңгейінде жүйелеуді ұсынды.

– Біз өзеннің мәселесін ұзақ жыл бойы айтып келеміз, бірақ оқиғаның себебін толық түсіну үшін кең көлемді ғылыми зерттеу қажет. Мұндай зерттеулер соңғы отыз жылда жасалмаған. Мұны атқару үшін екі елдің билігі мем-лекет деңгейінде шешім қабылдауы қажет. Қаражат, зерттейтін мамандар табу керек. Тек содан кейін ғана өзеннің ахуалын жақ-сарту бойынша қандай да бір жоспарлар жайлы айта аламыз, — дейді «Орыс географиялық қоға-мының» вице-президенті, ғалым Александр Чибилев.

Халықаралық сарапшылар Сергей Виноградов, Болат Есекин, ҚР ұлттық сарапшысы Мейрам Арыстанов, Ресей тарапынан ұлттық сарапшы Жанна Савохип Жайық өзені бассейнінің экожағдайын жақсарту, өзен жайылмаларына ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру, түбегейлі ғылыми зерттеулер жүргізу, ортақ инвестициялық қор құру сияқты маңызды мәселелерге қатысты нақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында «Ресей эколо-гиялық қоғамы» АҚБ мен «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысы» ҚБ арасында келісімге  қол  қойылды.

Динара ӘЛПЕЙІСОВА,
«Орал өңірі»