30.07.2019, 0:23
Қараулар: 397
Табиғатты аялаған акция

Табиғатты аялаған акция

Өткен  сенбіде  өңірімізде  бастау  алған   «Birge. Taza Qazaqstan»  республикалық  экологиялық  акциясына 19  мыңға  жуық  адам  қатысып,   830 тоннадан  астам  қо­қыс  жиналды.

Аталған  шараға  144  ар­найы  техника  жұмыл­ды­рылып, өзен  жаға­лауларынан  жиналған  қатты  тұрмыстық қалдықтар сұ­рыптау  орталығына  жеткізіліп,  қай­­та  өңдеуге  жөнелтілді.

Орал қаласы бойынша атал­мыш акцияға 5 200 адам қаты­сып, 330 тонна қоқыс жиналды. Бұл күні өңір тұрғындары, ме­кеме-кәсіпорын ұжымдары, бел­сенді жастар мен аға буын өкіл­дері 15 аумаққа бөлініп,  өзен-көл жағалауларын тұрмыстық қалдық­тардан  тазартты.

– Еліміз бойынша өткізіліп отыр­ған маңызды акцияға батысқа­зақ­стандықтар да белсенді атсалысуда. Табиғатқа жанашырлық танытқан өңір тұрғындары ша­ра­-
ға өз еріктерімен қатысуда. Ак­ция­ның өтетінін естіген еңбек ардагерлері мен мекеме-ұжым қыз­меткерлері, өңір жастары мен кә­сіпкерлер маңызды іске бір кісі­-
дей қатысуда.  Облысымыз – та­­биғаты  өте әдемі және эколо­гиялық жағы­нан таза өңірлердің бі­рі. Оны осы деңгейде  сақтау – әр тұрғын­ның адами және аза­-
маттық боры­шы. Өкінішке орай, табиғат аясында демалушылар өз­дерінің соңына күл-қоқыс қал­дырып кетеді. Та­биғаттың оны ай­тар тілі жоқ. Сол ке­леңсіз жағ­дай
біздің қоршаған ортамызға кері әсерін тигізуде. Бұл – олардың экологиялық мә­дениетінің төмен­дігінің дәлелі. Бізге  көрікті жерлерді сыйлаған табиғатымызды аялауымыз қа­жет. Осының бәрі де ұрпақтарымызға қалады. Арты­мызда өсіп келе жатқан жас ұр­пақ­ты тазалыққа, та­биғатты ая­лауға баулуымыз керек, – деді жұрт­шылықпен бірге тазалық жұмыс­тарына  қатысқан облыс әкімі  Ға­ли  Есқалиев.

Айта кету керек, облыстың бар­­лық аудандарын қамтыған эко­логиялық акция апта сайын жалғасатын болады.

 

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

 

 

Жайсаң  АҚБАЙ,  өлкетанушы:

– Аға ұрпақтың өкілі ретінде айтарым, біздің ата-бабаларымызда қоқыс деген болмаған. Қазақ көшіп-қонып жүргенде, сол жерде киіз үй болғаны, мал ұстағаны еш байқалмайтын. Аталарымыз кез келген қалдықты кәдеге жаратып, айналасын таза ұстаған. Қазір көшелер мен өзен жағалауларында­ғы күл-қоқысты көргенде, сол ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі көзімізге елестейді. Әр адам өзі мекендеген жерді үйіндей таза ұстауы керек. Біздің өңірдің таза ауасы, өзен-көлдердегі мөлдір суы – денсаулықтың кепілі. Сондықтан осындай игі шараларға  бір  кісідей  атсалысып,  туған  өлкеміздің  табиғатын  аялайық!

 

Ольга  ХРОМУШИНА,

«Жайық»   экспедициясына  қатысушы,

Орынбор  қаласы:

– Күні кеше мәреге жеткен экспедицияға мүше болғаныма, осындай тазалық акциясына қатысқа­ныма өте қуаныштымын. Орал – жасыл желекке оран­ған, ауасы мен суы таза қала. Бүгінгі тазалық акциясына қала  тұрғындарының көп жиналғанына қуанып тұрмын. Адамзат табиғатты аялай білуі керек. Әр адам көшеде немесе жағажайларда тазалықты сақтауды өзіне абзал міндет санасын. Осындай әсем табиғатты тап-таза күйін­-
де  келер ұрпаққа жеткізу әр тұрғынның парызы деп білемін. Біз таза
әлем,  таза  ел,  таза  қала  үшін  жұмыла  атсалысуымыз  қажет.

 

19  тонна қоқыстан  арылды

 

Жақында Сырым ауданында «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті. Бұл шараға жым­питылықтар да ауқымды үлес­ті қосты. Ауыл тұрғындары, ме­кемелер­дің қызметкерлері жә­не жастар Жымпиты ауылының ір­гесіндегі Өлеңті өзенінің жаға­лауын, аутокөпірдің маңын қо­қыстан тазартты. Осындай игі істі алғабастықтар, шолақаңқа­тылықтар Аңқаты өзенінің жағалауында жалғастырды. Аудандағы ірі өзен Шідертінің жаға-лауын Бұлан мен Аралтөбе ауылының тұрғындары тазаласа, же-тікөлдіктер мен бұлдыртылық-тар Бұлдырты өзенінің жағасын тұрмыстық қалдықтардан арылт­ты.

Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Айболат Нұрмұхановтың айтуынша, акцияға аудан бойынша 1 500 адам қатысып, өзендер­-
дің жағалауы 19 тонна қоқыс­тан  арылған.

 

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы