30.07.2019, 0:18
Қараулар: 462
Cырым би (Тарихи дастан)

Cырым би (Тарихи дастан)

«Сырым би» – тарихи тақырыпқа қалам тербеп жүрген ақынның соңғы кезде жазған дастанының бірі. Екіншісі Әбілқайыр хан бейнесі хақында сыр шертеді. «Сырым би» дастаны ең алдымен «Орал өңірі» оқырмандарының назарына ұсынылып отыр.

Редакция  алқасы

 

 Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ

 

Cырым би

(Тарихи  дастан)

 

Тізгінқағар

 

Жүрген соң тыймай дауын ел,

Көрмеген алып тынымды,

Алысып өткен жауымен,

Батырдың бірі Сырым-ды.

 

Дәл ондай алып жоқ-ты адам,

Болаттай мықты сүйегі.

Сөзіне халқы тоқтаған,

Қазақтың төбе биі еді.

 

Үмітпен талай таң атқан,

Ергенде елдің көші ерге.

Аузына жұртты қаратқан

Шешен де өзі,

Көсем де!

 

Ұрысқа талай сайланған,

Болып бір пана далаға.

Қарадан ханға айналған,

Дара да өзі,

Дана да!

 

Ұрпағы қалар бір жасап,

Оқырман берер бағаны.

Несі айып енді жырласақ

Сырымдай батыр бабаны!

 

Билердің берген батасы

 

Қанға да бөккен дала бұл,

Қаншама ер елді қорғасты.

Болайын деген баланың

Бата алмай,

Жолы болмас-ты.

 

Жоңғарға қарсы айқасқан

Атасы оның Шолан-ды*.

Оралып қанды шайқастан

Қайран ер қайда жоғалды?!

 

Қапыда батыр төренің

Қолынан кеткен деседі.

Бере алмас ерге көмегін

Соры да елдің бес елі.

 

Кетпеген бұл да кек пе ойдан,

Дат еді іште қалған ұл.

Датым бар, тақсыр деп қойған,

Көреді ел басқа салғанын.

 

Ұл табу жақсы ырым ба,

Кім мұны, сірә, айыптар!?

Үш тоқал екен шынында

Төрт Шоланды** байытқан.

 

Даттан сол туған Сырлыбай***,

Бірі еді ұлдың жүректі.

Жар болып енді бір Құдай,

Ержетсем деумен күні өтті.

 

Бабадан қалған ырым ба,

Не сыйлар екен таң мына?!

Барыпты бір күн Сырым да

Бөкендей**** бидің алдына.

 

«Қасыңа дәйім көпті жый,

Сан қырдан аман өтерсің.

Жас емес ертең, депті би,

Бас болар бала екенсің!

 

Басқасын айтып қайтемін,

Болсаң да ерек алып бір,

Әріден ойлап әйтеуір,

Көздей біл қамын халықтың.

 

Арқаңа артып ел жүгін,

Сыртыңнан дүбір кетпесін.

Болғанмен аян ерлігің,

Алпысқа жасың жетпесін!»

 

Тағдыр ма сыйын тартар көп,

Болды ма бұл бір жайт төтен.

Қалыпты Сырым аң-таң боп,

Алпысты неге айтты екен?!

 

Бұл қазақ сөзге бейім бе,

Оздырған биді төріне.

Қадірі кетіп кейінге,

Қартаймай өлсін деді ме?!

 

Түсінер сөздің парқын кім,

Нұр тайса, көзге жас толар.

Пешенесіне әркімнің

Жазылып қалған жас болар.

 

Бұйырған дәмді татасың,

Үш сөзді түй деп жадыңа,

Сырымдай ұлға батасын

Беріпті Малайсары***** да.

 

«Басыңа бақтың қонғаны,

Тіксең де қайдан қонысты,

Ұмытпай жүрсең болғаны

Ұят пен обал, борышты!»

 

Айтты ма билер сырын кей,

Қыраннан көзін бір алмай.

Сырым да өтті-ау сүрінбей,

Сол сөзді естен шығармай!

 

«Сырым  шыққан  төбе»

 

Анық қой батыр екені,

Қадірі күнде артады.

Жымпиты – атамекені,

Бұлдырты бойы бар тағы.

Түн қатып талай жүрді ме ер,

Сөгілмей сауыт көбесі.

Замана сырын білдірер

«Сырымның шыққан төбесі»**

****.

Биіктен шолып жан-жақты,

Қарауыл тұрды төбеден.

Ілместен кірпік,

Барлапты,

Жау келсе,

Қол бар жөнелер.

 

Көрінсе қара Жайықтан,

Қанқұмар атты казак па?!

Бәрін де батыр байыптар,

Жақсылық ойлап қазаққа.

 

Бұл төбе ерек мекен-ді,

Тәу еткен кәрі, жасы да.

Елдің де рухын көтерді,

Ту іліп ұшар басына.

 

Сыр тартып кейбір сатқыннан,

Қас дұшпан тыныш жатпаған.

Сырымның елін шапқыннан

Сол төбе болар сақтаған.

 

Біледі оны ел осы,

Қырғидай тиген жауға қол.

«Сырымның шыққан төбесі» –

Кем емес биік таудан ол!

 

Халық кеңесі

 

Арылмай басы азаптан,

Түбіне дұшпан жеткен сол.

Береке қашты қазақтан,

Әз Тәуке хандар кеткен соң.

Шашылып әбден олжасы,

Жем болды жұрты жайынға.

Үш жүзге мәлім қолбасы

Жоқ еді Әбілқайыр да.

 

Нұралы ханға бұйырған

Әкеден қалған алтын тақ.

Табылып қалың жиыннан,

Сырым да жүрді жарқылдап.

 

Қас батыр кетті қосылып

Пугачев******* салған «бүлікке»

Жатты ма іздер жосылып,

Құлағын хан да түріп пе?!

 

Елі үшін жүріп жырақта,

Көз ашпай кілең «аттаннан».

Сытылып кетті бірақ та

Суворов******** құрған қақпан-

нан.

 

Сүйенгені оның халық-ты,

Күрестен қашан тыс қалған!?

Ханның да кегін алыпты

Ауылын шапқан дұшпаннан.

 

Сол үшін түскен қапыда

Қолына жаудың аңдыған.

Далада қалып аты да,

Ашылды түрме алдынан.

 

Айдалып солай Текеге,

Жатқан ол Қырықтұрбада*****

****.

Бұл, сірә, естен кете ме,

Кіл азап екен мұнда да.

Батыр деп, хан деп, бөлер ме

ел,

Қапаста жатса қыраны.

Туыс қой қанша дегенмен,

Босатып алды Нұралы********

**.

 

Патша, ұлық шеңгел салды ма,

Бекініс орнап, бекет мың.

Нұралы естен танды ма,

Арасында қалып екі оттың?!

 

Жаулары жатса жаныштап,

Қайтсын да қазақ тоналмай.

Кетті, әттең, хандар алыстап,

Халқына қорған бола алмай.

 

Бекініс толы айнала,

Тарылтқан елдің тынысын.

Көргені мазақ қайда да,

Бүйткен де күні құрысын!

 

Күдерін қалай үзбесін,

Айрылса малы, жанынан.

Әділет қайдан іздесін,

Болмаса қайыр ханынан?!

 

Сол үшін ханмен кетіскен,

Сырым би ашты майданды.

Тек казак емес шекіскен,

Арандап,

Башқұрт байланды.

 

Бірігіп батыр, билермен,

Көсемдігімен ол ұтты.

Тастүйін, қайтпас күйге енген

Бастады Сырым жорықты.

 

Қайтару керек қазақты,

Түрмеге жаппай қамалған.

Өзі де шекті азапты,

Жендеттер көп қой жан алған.

 

Асып бір айла, ақылы,

Ойлады ерек амалды.

Қайтты бір шауып ақыры

Таналықтайын қамалды********

***.

 

Жеңіс те еді бұл ірі,

Іс бітпес құр бос ырылмен,

Орыстың барон ұлығы*********

***,

Санасты сосын Сырыммен.

 

Қылыштарына қан жұққан

Дұшпанға азу батырды.

…Кеткен соң бедел хандықтан,

Кіші жүзді түгел шақырды.

 

Сырымның сөзін құп алып,

Жиылды халық кеңеске.

Мерейі өсіп тұрды анық,

Бұл да бір жеңіс емес пе!

 

Басса деп оңға ісіміз,

Би сайлағаны да шындық бұл.

Жиырма бес рулы Кіші жүз

Көтерді туын бірліктің.

 

Төбені қоршай тігілді үй,

Көрсетті ел биік өресін.

Ең алғаш құрды Сырым би

Хан емес,

Халық кеңесін!

 

Бөкейдің көші

 

Азаттық үшін алысқан

Сырымның көп-ті арманы.

Басынан елдің бақ ұшқан,

Тарылды әбден жан-жағы.

 

Қарамай желдің өтіне,

Жөнелсе батыр керек-ті.

Жайықтың арғы бетіне

Көшірсем жұртты деп өтті.

 

Отаршыл, озбыр заманның

Қазаққа батты тырнағы.

Айнала орнап қамал кіл,

Тікенек сыммен шырмады.

 

Құлақ бір қойып, тыңдаса,

Халықтың зары, мұңы көп.

Қасірет екен бұл да аса –

Жері жоқ елдің күні жоқ.

 

Қалмақтар қашып,

Бос еді

Еділ мен Жайық арасы.

Ал оған кімдер көшеді,

Жетеді кімнің шамасы?!

 

Хан менен қара өш болса,

Оп-оңай елді жау алар.

Татулықпенен көш қонса,

Дәл басқа қандай дауа бар?!

 

Ақылсыз емес шетінен,

Ниеттес жанды құртар кім!?

Алған жоқ Сырым бетінен

Алдына келген сұлтанның*****

********.

Патшаның тауып көңілін,

Жөн, деді, Бөкей, көшкенің.

Ұзарар сонда өмірің,

Көрсетер қазақ өскенін.

 

Келгендей сенің кезегің,

Береке болсын ісіңде.

Бармасам-дағы мен өзім,

Байбақты жүрер ішінде.

 

Хан ұлдарынан басқаға

Ақ патша мүлде сенбейді.

Еретін елді тастама,

Бағыңды сынап көр, дейді.

 

Құм Нарын әзір бос жатыр,

Келген ой осы көкейге.

Деп Сырым солай қосты ақыл,

Ат жалын тартқан Бөкейге.

Кеңейткен елдің өрісін

Бөкейдің сол бір көші еді.

Көрді жұрт соның жемісін,

Өлмейді қазақ,

Өседі!

 

Бір-біріменен кеңессе,

Бабаның ісі ғажап па!?

Атырау, Жайық емес тек,

Орал да қайтты қазаққа!

 

Хиуа сапары

 

Түртпектеп хандар қоймады,

Патша, ұлық қанша алдады.

Сырым би сонда ойлады

Бұлыңғыр күнін алдағы.

 

Кәуірмен ортақ күреске

Қосып бір түркі елдерін,

Бірігіп бәрі тірессе,

Көремін деді-ау жеңгенін.

 

Бұқарды көрген,

Барып ер,

Қабақтары оң секілді.

Келісіп Хиуа ханымен,

Қайтпаққа батыр бекінді.

 

Алпысқа жасы жеткенмен,

Ашпады көзін тартыстан.

Асып бір Хиуа кеткенмен,

Анталап тұрды сан дұшпан.

 

Қоштасып қалың елімен,

Қол жиып қайта келем деп,

Ұзап бір туған жерінен,

Кетті ме батыр елеңдеп?!

 

Тұсады тапқыр сөзбенен,

Хиуаның жеңіп ханын да,

Мақсатына жетпей көздеген,

Тек, әттең, соқты-ау санын да.

 

Отырған шығар қақ төрде,

Онда да құшақ жайған ел.

Ту алып барып жат жерге,

Уланып қайтты-ау қайран ер!

 

Қайтара алмай кегін де,

Ауылда, әлде далада,

Қалды ма өзбек жерінде,

Айналып «Ғайып бабаға»******

********.

 

Кетпейді ол бірақ ғайыпқа,

Өлмейді елдің батыры.

Ескерткіш*************** болып

Жайыққа

Оралды Сырым Датұлы!

 

Орнайды мәңгі азат күн,

Жүректі ұлдар көп болғай!

Бағына туған қазақтың

Көшбасшы батыр жоқ-ты он-дай!

Түзелер екен көш қашан,

Ертеңнен алар мол ма үлес?!

Тоқтаған емес ешқашан

Еркіндік үшін сол күрес!

 

Ұрандап шығар жас алға,

Жасалар әлі-ақ ерек той.

Турасын айтар қашанда

Сырымдай билер керек қой!

 

Отыр ма ол мәңгі тағында,

Өзі жоқ деме, көзі жоқ.

Оқырман, мұны қабылда

Сырымның соңғы сөзі деп!

 

Сырымның соңғы сөзі

 

Басыма құйын үйіре,

Ашты ма ажал аранын.

Қиуы қашқан дүние,

Қиналып кетіп барамын.

 

Хиуа ханы қол бермей,

Соғылды-ау тасқа маңдайым.

Тұрғанда әзір көрге енбей,

Ақырғы сөзді қамдайын.

 

Бас тіктім қауіп-қатерге,

Уға да төзер дене сол.

Түрмеге тіпті жат елде

Түссем де,

Уайым емес ол.

 

Жалғыз-ақ қайғым –

Қазағым,

Сол ғана менің туғаным.

Жалғанның тартып азабын,

Бармады қайда қу жаным!

 

Қайрылмай ұшты алдан қаз,

Далада мынау қалам ба!?

Ханшасын ерткен хандар мәз,

Қайыр жоқ одан

Маған да.

 

Мұраты ханның – тақ қана,

Тайдырдым көбін жолымнан.

Жасымнан міндім атқа да,

Ерген соң жұртым соңымнан.

 

Сиремей жаудың қатары,

Жан-жақтан төнсе қылышы,

Қалайша ел тыныш жатады,

Төгіле берсе ырысы.

 

Батыры тартып қиырға,

Патшаны ханы сағалап,

Айналып заман қиынға,

Құлады ұлы қағанат.

 

Сөгілді менің іргем де,

Күндерім өтті шалқымай.

Билеттің елді кімдерге,

Қайран да қамсыз халқым-ай!

 

Аһ ұрып шет ел асып ем,

Бәріне куә хақ шығар.

Өлді деп, бәлкім,

Асыл ер,

Мені де жерге тапсырар.

 

Көп емес елде кемеңгер,

Дұшпанға айтпас сырым бұл.

Алыста қалды демеңдер,

Намыстан кеткен

Сырыммын!

 

Түсіндім мына жалғанда,

Өтсем де сөзден тосылмай:

…Алып та жетпес арманға,

Халықтың басы қосылмай!!!

*Байбақты Шолан батыр – атақты Аңырақай шайқасына қатысып, қалың жоңғардың бетін қайтарған ердің бірі. Төрелердің қолынан қайтқан, сол кезде Сырымның әкесі Дат іште қалған бала екен. Содан  ырымдап,  Дат  қойған.

**Шоланды тоқал байытқан – Сырымның атасы Шолан батырдан Есенбай, Түкіш, Байторы, Дат есімді төрт бала туған. Ел ішінде «Төрт Шолан» деп те аталады. Осы төрт Шоланның Есенбайының Зе-ріп деген тоқалынан 9, Даттың Дүрдана деген тоқалынан 9, Тү-кіштің Кенжеқыз деген тоқалынан 8, барлығы 26 ұл туған. «Төрт Шоланды байытқан үш тоқал» деген сөз осыған орай айтылған. А. Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихында» жазылғанындай, Даттың бәйбішесінен – Адамбай, Ата-най, Жомарт, ал тоқалы Дүрданадан – Сырым (Сырлыбай), Дүйімбай, Жандыбай, Қалдыбай, Базар-
бай, Қорлыбай, Шегебай, Нұрлыбай, Барлыбай туған. Тарихшы Жа-
ңабек Жақсығалиев «Тектілік фе-номені» атты еңбегінде қазақтың талай мықтыларының тоқалдан туғандығына  арнайы  тоқталады.

***Сырлыбай – Сырымның шын  аты.

****Есентемір Бөкен би, *****Тана Малайсары би – Сырым батыр іздеп барып, батасын алған билер.

******«Сырым шыққан төбе» – Батыс Қазақстан облысы қазіргі Сырым ауданындағы төбе аты. Төбенің үстіне ту ілініп, қарауыл қойылған.

*******Емельян Пугачев – өзін патшамын деп жариялаған, 1773-1775 жылдардағы Ресейдегі шаруалар көтерілісінің басшысы. Сырым осы көтеріліске тікелей
қатысып, ұйымдастырушылардың ішінде жүрсе, Нұралы хан екіұдай жағдайда қалып, патша әскеріне қолұшын бермеген.

********Александр Суворов – Пугачев көтерілісін күшпен басқан орыс қолбасшысы. Суворов-шылар Пугачевті байлап әкетсе де, Сырымды  ұстай  алмаған.

*********Қырықтұрба – Оралдағы түрменің халық қойған аты. Сырымнан кейін Махамбет те, Құрманғазы да осында жатқан.

**********Нұралы хан мен Сырым батыр бір-біріне туыс болған.
Нұралы ханның өзі Орынбор әкім-шілігіне жазған хаттарында Сы-рымды құдам деп атаған. Сырым батырдың қарындасы Нұралының ұлына ұзатылған. Енді бір дерек-те ханның көп әйелдерінің бірі Сырымның қарындасы Ақлима делінеді. Әбіш Кекілбайдың «Шан-доз» атты деректі-тарихи баянында жазылғанындай, 1783 жылы Сырым Нұралы ханның ауылын шапқан Чаганов деген старшинаны қолға түсіріп, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Сол үшін тұтқынға түсіп, Оралдың түрмесіне қамал-ған оны 1784 жылдың көктемінде Нұралы хан 70 жылқы, 350 сом ақша  төлеп,  босаттырып  алады.

***********Таналық қамалы – казактар қазақ ауылдарын қайта-қайта шауып, маза бермегеннен кейін Сырым батыр өзінің айнымас серіктерімен бірге, қалың қол-
менен 1784 жылы ит арқасы қияндағы қамсыз отырған Таналық қамалына аттанған. Төменгі Жайық шебіндегі бекіністер сақадай сай отырғандықтан, алыстағы қамалға барып, ондағы атты казактарды айла-тәсілмен далаға шығарып алып, тас-талқан еткен. Қамал бастығы, майор Рештейнер бастаған біраз адамын тұтқындап әкеткен.

************Барон Осип Андреевич Игельстром – 1784 жылы Симбирск және Уфа наместнигінің генерал-губернаторы болып тағайындалған орыс ұлығы. Нұралы ханнан қайыр аздығын түсінген барон Кіші жүздің Сырым би сынды ықпалды адамдарына хат жазып, келісімге келуге үгіттеген. Сырым би шақырған халық кеңесіне өз  өкілдерін  жіберген.

*************Бөкей сұлтан Сырым бидің кеңесімен қалмақтар сыпырыла көшкен кезде бос қалған Еділ мен Жайық арасындағы жерді Астрахандағы казак әскері-нің атаманы П. Поповпен жақсы қарым-қатынасты жолға қойып, сол арқылы І Павел патшаның тілін тауып, емін-еркін қоныстануға сұрап алған. Кейін бұл өлке Бөкей хандығына айналды. Бөкей көшінде Сырымның руы байбақтылар (кейбір дерек бойынша 3206 түтін, 16025 жан) ең көбі болған. Соның  ішіне батырдың өз ағайындары да  аз  болмаған.

**************Ғайып баба – Өзбекстандағы Хорезм облысы Гүрлен ауданындағы қорымның аты. «Ғайыптап келген баба» ретінде Сырым би осында жерленген делі-неді. Әйтсе де Қарақалпақ астанасы Нүкістен алпыс шақырымдай Бестөбедегі «Гежекбаба» (Кезек –
әлім руының батыры деп те айтылады) қорымында жатыр деген де жорамал бар. Қалай еткенде де, бабаның сүйегі жат елде қалғаны анық.

**************2003 жылы Орал қаласындағы орталық алаңдардың бірінде Сырым Датұлына ескерткіш  орнатылды.