30.07.2019, 0:14
Қараулар: 364
Жылыжайларда

Жылыжайларда

Теректі ауданына қарасты Әйтиев ауылындағы «Теректі өнімдері» ЖШС-ның басшысы Тұрсынбек Бақтығалиев 2018 жылы жылыжайының іргетасын қалап, биылғы ақпан айында алғашқы өнімін жинап бастаған. Күні бүгін алты тоннадай қиярды базарға көтерме саудамен өткізіп отыр.

Тұрғындар тарапынан қиярға сұраныс жоғары. Ресейлік «кураж», голландтық «бион» түрлерін егудеміз. Биыл тоғыз тонна өнім алуды жоспарлағанбыз. Алла қаласа, мақсаты-мызға жетеміз деп ойлаймын. Ауданда бағбандықпен айналысатындардың көбі  қияр егуде. Негізі нәзік көкөніс. Шығару қиын. Қиындықты да көрдік. «Ауыра» бастағанда, уақтылы емдеп отыру қажет. Қыста дымқылдан сақ болу керек. Қазіргідей өнім алуы-мызға Орал қаласындағы «Семена» дүкенінің сатушылары көп кө-мегін тигізді. Бұрын жылыжайда, бау-бақшада жұмыс істеген олар қиярды қалай баптау керектігін үйретті. Арнайы тапсырыспен «етті», қызғылт қызанақ өсірудеміз, – дейді Тұрсынбек Бауыржанұлы.

Бүгінде ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отырған кәсіп-кер өнім шығып, бау-бақша тірлігі қызған кезде қосымша жұмыс күшін жұмылдырған. Жаз маусымында  алған өнімінен банка жауып, қыста саттыққа шығару да ойында бар. Жалпы 4-5 жылдық жоспарын айқындап алған ол  келер жылы алма ағашы мен лимон егуді қолға алмақ. Биылша бұл жеміс ағаштарының қыс мезгіліне қаншалықты төзімді екенін бақы-лап отыр. Тамшылатып суару әдісін қолданатын ол жылыжайдың қасына бау-бақша екпекші. Ең үлкен жоспары болашақта ағаштан жылыжай салу екен. Екінші жылыжайына қызанақ отырғызумен жұмыстануда.

– Бұл кәсіппен айналысуды екі жылдай ойланып жүрдім. Қолым-нан келмей, еңбегім зая кете ме деген қорқыныш та болды. Бірақ «көз қорқақ, қол батыр» деген-
дей, ойымды  жүйелеп, кәсіпке біржола ден қойдым. Келер жылы саттыққа шығаратын өнімдерімізге сауда белгісін саламыз. Осылайша көрші облыстарға да саудалау ойымызда бар. Кәсібім кеңіген сайын жұмысшылар саны  да көбейер еді. Кәсіпті өз қаражатыммен қоса, былтыр «Ауыл шаруашылығын қаржылай  қолдау қоры» АҚ-дан алған 6 млн. теңге несиемен бастадым, – дейді кәсіпкер.

Қияр жылы жерде өсетіндіктен, қыста отын үзбей жағылып, көктем мен күзде де жылы температура сақталу керек. Кәсіпкер жылыжайын көгілдір отынға желтоқсан айында қосқан екен. Бес ай жа-ғылған  жылу үшін  700 мың теңге қаражат төленген. Ал жарық үшін қыс мезгілінде 30-40 мың теңгедей қаржы шығындалады екен. «Қияр қыс бойы қала базарларына Самара, Атырау мен Ақтөбе қалалары мен Иран елінен әкелінеді. Олармен тайталасуға біздің, яғни облыстағы бау-бақша иелерінің күші жетпейді. Жергілікті жылыжайлар күшейсе, аспандап тұрған  бағаны «құлатуға» болады. Ал әзірше шекара асып келетіндермен бәсекелес бола алмай отырмыз», – деген уәж айтады Тұрсын-бек  Бақытжанұлы.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағдат Жол-дығалиевтің сөзінше, ауданда бұл жылыжайдан басқа «Ернұр» ШҚ, «Жасыл желек» ЖШС, «Умбетьяров И. И.» ЖК-дағы жылыжайларда қияр егілуде. Алайда жылыжай иелерінің айтуынша, олар облыс халқын түгел дерлік қиярмен қамтитындай деңгейге жете қоймаған.

Бүгінде облыста маусымаралық кезеңде ішкі нарықта ерте пісетін көкөністермен қамту мақсатында жалпы аумағы 69,6 мың шаршы метр 100 үлкенді-кішілі жылыжай жұмыс істейді.

Былтыр 60 жылыжайда қияр, қызанақ және жуа секілді көкөніс дақылдары егілген екен. Олардан 863,7 тонна көкөніс өнімдері алынған. Жылыжай кешендерінің басым көпшілігі Орал қаласы мен Бәйтерек ауданында орналасқан. Бүгінде облыс орталығының өзінде 38  жылыжай болса, Бәйтерек ауданында осындай 29 кешен бар. Алынған өнімдер Орал шаһарындағы көтерме сауда орындарына немесе сауда орталықтарына тапсырылуда. Бірінші жиналатын дақылдардан 355,6 тонна өнім алу жоспарланып отыр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының құқықтық және ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Нұргүл Мұқанованың сөзінше, тұрғындарды жаңа піскен өнімдермен қамта-масыз ету үшін жылыжай кешендері көптеп салынуда. 2017 жылы «Орал Жылыжай» ЖШС жалпы аумағы 1,2 га жылыжай кешенін іске қосқан. Ал «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС  болса, құны 4 млрд. теңге тұратын, жалпы ау-мағы 5,6 га жылыжай  кешенінің құрылысын жүргізуде. Құрылысты биылғы жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланған. Бұл кешен іске қосылған жағдайда жылына  2,5 тонна өнім алынып,  50 жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Ал «WorldGreenCompany» ЖШС болса, 2021 жылы Бәйтерек ауданында аумағы 10,5  га, 5 тоннадан астам өнім беретін жылыжай кешенін пайдалануға беруді  мақсат етіп отыр.

Бас маманның айтуынша, облыстағы жылыжайларда дәл қазір заманауи үлгіде жұмыс істеп тұр-ғандары жоқ. Бірақ алдағы күндерге жоспарлап, жаңа технология-
ларды қолдануды мақсат етіп отырғандар бар. Мәселен, Теректі аудандық кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметінше, Әйтиев ауылында «Rich Valley» ЖШС аумағы 15 гектарды алатын  жылыжайлар салу жоспарлауда. Онда голландтық  технологиялар  бойынша қияр мен қызанақ өсіру көз-делген. Қазір кәсіпкер газ және электр жабдықтау мәселелерін қарастыруда. Жалпы инвестиция көлемі 8 млрд. теңге құрап отыр. Ал осы аудандағы «Жайық – жасыл желек» ЖШС-ның басшысы Арман Ғаббасов жылыжайына көктемде қияр еккен. Күз түсе күн суытқанда итальяндық Blowtherm фирмасының жылы ауа айдайтын генераторын пайдаланбақшы. Кә-сіпкер бұл құрылғыны пилоттық жоба ретінде қолданып көрмек.

Орал қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінң басшысы Жалғас Ғұмаров шаһардағы жылыжай кешені қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Орал қаласының Самал шағынауданында орналасқан «Орал жылыжай» ЖШС-да маусымында 10-ға жуық қызмет-кер жұмыс істейді екен.  Серіктестікте агротехнологияны сақтау жақсы жолға қойылған. Өсім-діктердің қауіпсіздігін қорғау мақсатында зиянды және аса қауіпті зиянды ағзаларға қарсы тексерулерді мерзімінде жүргізіп тұрады. Өз өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға сату мақсатында жыл сайынғы ауыл шаруашылығы тауарларының кеңейтілген жәрмеңкесіне белсенді қатысып жүр. Қуандық Ақболатовтың серіктестігіндегі жылыжайдың 13 160 шаршы метріне бірінші және екінші айналымдарда қияр және қызанақ дақылдары отырғызылады. Әр айналымнан  өнім  алған сайын  балалар үйіне көмек көрсетуді дәстүрге  айналдырып келеді.

Соңғы үш жылда облыстағы  жылыжайлардың аумағы 25,5 шаршы метрден 69,6 мың шаршы метрге  ұлғайған.

Ясипа   РАБАЕВА,
«Орал   өңірі»