30.07.2019, 0:11
Қараулар: 191
Қадыр алаңындағы қадірсіз ғимарат

Қадыр алаңындағы қадірсіз ғимарат

Сырым ауданының орталығы – Жымпиты ауылында «Қадыр алаңы» аталып кеткен ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткіші орналасқан алаң бар. Аталмыш алаңға ауданға келген меймандардың бәрі аялдап, Қадыр ақынның ескерткішіне тәу етеді. Елдің сүйікті орнына айналған «Менің жүрегім – Жымпиты» композициясы да осы жерде. Сәні келісіп, гүлмен, жасыл желекпен көмкерілген алаңның ажарын тайдырып тұрған бір ғимарат бар. Ол – мәдени-спорт кешені. Әбден тозып, ескірген спорт нысанының бүгінде Қадыр алаңындағы қадірсіз ғимаратқа айналып тұрғаны өтірік емес.

Жымпитыдағы мәдени-спорт кешені 1978 жылы «Самал» кино-театры ретінде салынып, халықтың пайдалануына берілген. Кейін ки-нотеатрдың жұмысы тоқтаған соң, ғимарат 2011 жылы мәдени-спорт кешеніне бейімделіп, ауданның спорт саласын дамытуға үлес қосатын нысанға айналды. Ғимарат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне, кейін «Қайсар» спорт клубына тиесілі болды. 2016 жылдың 24 қарашасында мәдени-спорт кешенін күрделі жөн-деу жөнінде жобалық-сметалық құжаттар жасақталған болатын. Күрделі жөндеу үшін қаржы сұра-лып келеді. Жоба құны 55 млн. 668 мың теңгені құрап отыр. Биыл күрделі жөндеуден өтпесе, үш жылға жасалатын жобалық-сметалық құжаттың мерзімі өтіп кетеді. Біздің дабыл қағуымыздың да себебі осы.

Бүгінде күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған ғимараттың жайынан аудан, облыс басшылығы хабардар екен. Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісовке осы мәселе  жөнінде арнайы барып жолықтық.

– Мәдени-спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаржыны біздің ауданның бюд-жеті көтермейді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқар-масына арнайы хат жазып, қаржы сұрадық. Хатымызға келген жауапта біздің ауданда 2015 жылы са-
лынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені басқа аудандарда да салынуы тиіс екендігі, қаржы бас-қа аудандарға дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін жұмсалатындығы айтылған. Облыс әкімінің халыққа есеп беру жиындарында да бұл мәселе кө-терілді. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов ауданға іссапармен келгенде де мәселенің мән-жайына қанықты, – дейді С. Нұрпейісов.

Бүгінде мәдени-спорт кешені ғимаратында «Қайсар» спорт клубы орналасқан. Аудан аумағында бұқаралық спорттың қанат жаюына «Қайсардың» қосып жүрген үлесі зор. Қай мереке, қай шара болмасын, «Қайсардың» спорттық ойындарынсыз өтпейді. Ұлттық ойындар, ат спорты, жастар мен мекеме қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер және әйелдер, ардагерлер арасында үздіксіз жарыстар өткізіп келеді. Мейрам сайын ауто-велошерулер өткізуді де сырымдықтар үйреншікті үрдіске айналдырды. Қыс мезгілін-де Қадыр алаңындағы мұзайдынында тұрғындардың күнделікті конькимен сырғанап, демалуын қамтамасыз етіп, шаңғы жарыстарын ұйымдастырды. Тұрғындарды таңертең ертемен жүгіруге шақырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруларына да септігін тигізіп келеді. Кешқұрым жастар, мекеме қызметкерлері мұнда үстел теннисі, волейбол, футбол, тағы басқа ойындар ойнауға жиналады. 2018 жылы спорт клубы 382 шара ұйымдастырып, 12 365 адамды қамтыды.

Осы жерде «Жымпитыда су жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар емес пе, тағы бір спорт кешені не үшін керек?» деген сауал туындауы мүмкін. Бұл сұраққа өзінің пікірінде белгілі бапкер, ардагер спортшы, Сырым колледжінің директоры Санат Берсебаев жауап берді.

– Сырым колледжіндегі басты мәселенің бірі – спортзалдың жоқтығы. Сондықтан колледждің спорттық сабақтары мәдени-спорт кешенінде өтіп келеді. Бұл жөнінде зал иесі мен білім беру мекемесі арасында келісімшарт бар. Студенттерден бөлек, педагогтер де аптасына 2-3 рет осы залға ба-рады. Қоғамның күн тәртібінде халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту мәселесі тұр. Спорттық нысандардың сырты адам-ның спортқа деген ниетін артты-ратындай ажарлы, ал іші шынығуға қолайлы болуы керек. Өкінішке орай, мәдени-спорт кешені бұл екі талапқа да жауап бере алмайды. Соңғы жылдары сырымдық-тардың, соның ішінде жастардың спортқа деген көзқарасы қатты
өзгерді. Ел ынталы түрде спортпен айналыса бастады. Аудан орталығындағы су жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені түнгі сағат 12-ге дейін келушілерден босамайды. Спортшы ретінде аудан орталығында тағы бір спорт нысанына зәруліктің бар екенді-гін байқап жүрмін. Кешен жөнделсе, бұқаралық спортпен айналысушылардың саны артатынына сенімдімін. Әрі ауданға аса қажет армрестлинг, кір тасын көтеру үйірмелерін ашуға да мүмкіндік туар еді, – дейді самбодан ха-лықаралық дәрежедегі төреші, Сырым колледжінің директоры С. Берсебаев.

2015 жылы салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде көбінесе ересектер шағын футбол, баскетбол, волейбол ойнайды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені орталықтан алысырақ, ауыр жүк көліктері толассыз қозғалыста болатын күре жолдың бойында болғандықтан, «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» тәрбиеленушілері мәдени-спорт кешенінде жаттығады. Бұл жер орталықта, көлік қозғалысы да аздау, қыстың суығында да жасөспірім спортшылардың келіп-кетуіне қолайлы. Мұнда бокс, самбо, дзюдо, қазақша күрестен күніне 70-ке жуық ұл-қыз жаттығады. Жас спортшылар облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүр.

«Қайсар» спорт клубының директоры Ерболат Мұқановтың айтуынша, мекеме қыста кішкентай балаларға суық, дұрыс жылынбайды. Терлеп-тепшіп, жаттығып, денсаулығымызды нығайтамыз деп жүрген оларға суық тиіп қалуы әбден мүмкін. Киімдерін ауыстыратын бөлме де салқын. Терезелерінің түгелге жуық әй-нектері сынып тұр, ашып жөндеу-ге келмейді. Ашса, әйнектері шашылып қалады. Жылы болсын деп
жапсырмамен (скотч) жамап қой-ған. Ағаш едендердің де тозығы жеткен. Жаздың осынау аптап ыстығында дәліздің бір терезесі «Жаңа жылыңыз құтты болсын!» деген үлкен плакатпен жабулы тұр.

– Жылу жүйесі түгелдей жа-ңадан ауыстыруды қажет етеді. Тренажер залына арнайы бөлме бөліп, құрал-жабдықтармен қамту да ойда бар. Ғимараттың алдын кеңейтіп, жалғап, оны да игі мақ-сатта пайдаланып, бір керегімізге жаратқымыз келеді. Үстел ойындарына арналған арнайы бөлмелер де жоқ. Жаттығудан соң жуынып-шәйіну үшін міндетті түрде сусебер (душ) болу керек. Ол үшін кәріз жүйесін орнату қажет. Күрделі жөндеу жүргізілсе, біраз мәселе шешілер еді. Ғимарат 2001 жылы мәдени-спорт кеше-ніне бейімделіп берілгенімен, спортшылар үшін толыққанды жағдай жасалмаған, – дейді Ер-болат Наурызбайұлы.

Мәдени-спорт кешені, яғни «Қайсар» спорт клубының ғимараты үш қабатты. Мұнда спорт залы, киінетін бөлме, қойма, кеңселік бөлмелер орналасқан. Жалпы аумағы 764,1 шаршы метрді құрайды. Жыл сайын әктеу, сырлау сықылды ағымдағы жөн-деу жүргізіліп келеді. Әйтсе де, салынғанына 41 жыл болған ғимарат ағымдағы жөн-деуді жұғын көрмейді. Күнделікті сынық тере-зені, көктемгі, күзгі жаңбыр кездері су ағып тұ-
ратын төбені жамап, қабырғаның құлаған жерін әктеу қашанғы жалғассын? Сөйтіп, тесік біткенді жамап жүргенде даңғарадай ғимарат мүлде жарамсыз болып, апатты жағдайға ұшырамасына кім кепіл?

Шынар   МОЛДАНИЯЗОВА,
Сырым   ауданы

 

Нұрымжан   ҒАББАСОВ,

самбо  мен  дзюдодан  спорт  шебері, Қазақстан  Республикасының  чемпионы,
Азия  чемпионатының  жүлдегері:

–  Батырдың елінде туып-өскен ер азаматтың спортқа деген құштарлығы, палуандық қасиеті, батырға тән табиғаты болмауы мүмкін емес. Мен де жастайым-нан күреске бейім болдым. Мек-теп жасымда ауылдағы мәдени-спорт орталығында жаттықтым. Ол кезде онда «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» орналасқан еді. Жаттықтыру-шым Ержан Чукуровпен бірге биік белестерді бағындыра алдық. Самбо мен дзюдодан спорт шебері, Қазақстанның чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері атандым. Спорттан әлі де қол үзген емеспін, сүйікті залыма бас сұғып тұрамын. Ауданымызда дарынды жас палуандар баршылық. Өсіп келе жатқан жас буын заманауи, талапқа сай жаңа, әдемі, жылы, барлық жағдайы жасалған залда жаттықса екен деймін. Мақтануға, мақтауға тұрарлық спортшылардың біразы Сырым ауданынан шыққан, сондықтан ауданның жас спортшылары дайындалатын зал да осал болмауы тиіс.