30.07.2019, 0:02
Қараулар: 376
«Жүрдектің» зиянын да білген жөн

«Жүрдектің» зиянын да білген жөн

Орал қаласындағы көпбейінді қалалық аурухананың политравма бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Асылбек Әлібековтің айтуынша, қазтабандықтың, майтабандықтың пайда болуына бірнеше себеп бар. Туабітті пайда болатын түрі құрсақ ішіндегі даму ауытқуының салдарынан екен. Жалпы, туабітті майтабандық өте сирек кездесетін көрінеді. Келесісі, мешелдік (рахиттік), яғни бір жасында рахитпен ауырған балаларда кездеседі. Дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеуі де себеп болуы мүмкін. Жарақаттанудан кейін пайда болатын майтабандық – толарсақ, өкше және тобық сүйектерінің сынуынан кейін қалыптасады. Сәбилердің табанындағы тері асты майы қалың болғандықтан, үш жасқа дейін майтабандық бойынша нақты диагноз қойылмайды екен. Үш жасынан бастап ортопед-дәрігерлер аяқ-қолының ұзындығын, табан күмбездерінің жағдайын толық тексереді. Яғни табанындағы майлар біртіндеп ысылып, сіңірлер мен бұлшық еттер жиырылып, қатайғаннан кейін. Сондай-ақ дәрігердің айтуынша, сәби аяғын нық баспай, «жүрдекке», яғни «ходунокқа» отырғызбау керек. Өйткені аяғын шала басқан сәбидің тобығы мен тізесі қисық бітеді. Балаға аяқ киім таңдаған-да сірісінің қаттылығына, өкшені нық ұстайтындығына, тақасы жар-
ты сантиметрден кем немесе көп болмауына және ішкі бетінде серпімді жұмсақ ұлтарағына назар аудару қажет. Үш жасар балада майтабандықтың белгілері анықталса, сегіз жасына дейін ортопедиялық қалыптар кигізіп, сылап-сипау, емдік гимнастика, физиотерапия әдісі арқылы емдеу шаралары жүргізіледі. Ал сегіз жасына дейін табан сүйектері деформацияланбаса, науқастың келісімімен ота жасалады екен.

– Жалпақтабандық қыз-келіншектерде де жиі ұшырасады. Әсіресе, дерт нәзікжандылардың  40-50 жас аралықтарында күрт белең алады. Себебі сол жастағы аналарымыз артық салмақ қосуға, биік өкшелі аяқ киім киюге бейім бола-
ды. Негізі, аяқ киім кигенде салмақ табанға тегіс түсуі керек. Ал биік тақалы туфли кигенде бар салмақ башпайларға тікелей қатысты сүйектерге түсіп, олар шамадан
тыс салмақты игере алмай деформацияланады. Үлкен башпай қисайып, қасына төмпешік секілді сүйек пайда болады. Бұл – бір сүйектің ішке, екіншісінің сыртқа қарай өсуінен жамалған дерт. Оны бірден емдемесе, уақыт өте келе жағдайы нашарлап, табан сүйегі едәуір қисайып, жүрген сайын аяқты ауыртады. Тобық қисайған соң тізе, одан кейін жамбас сүйектері өзгеріске ұшырайды. Кейін осы өзгерістердің бәрі айналғанда омырт-
қаға әсер етеді. Сондықтан аяқ киім аларда міндетті түрде табан  күмбезіне сәйкес арнайы ойығы бар, жайындылары  (стелька) төселген сапалысын таңдаған аб-
зал. Одан бөлек 40 жастан асқан әйелдерде климакс (етеккір циклі) тоқтаған кезде зат алмасу үрдісі өзгереді. Сүйектің құрамын-дағы минералды заттар шайыла бастайды. Содан сүйек босаңсиды. Босаңсыған сүйек артрит, артроз дерттерін туындатады. Майтабандықты болдырмаудың ең тиімді жолы – жалаң аяқ жүру. Әр адам денсаулығы үшін күніне бірер сағат болса да табиғат аясында немесе тастардың үстімен, дымқыл шөпте қара жердің қасиетін сезініп,  жалаңаяқ  жүруі керек, – дейді бөлімше меңгерушісі Асылбек Әлібекұлы.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,
«Орал   өңірі»