29.07.2019, 23:57
Қараулар: 399
Көпке ұнаған «жекпе-жек»

Көпке ұнаған «жекпе-жек»

Өткен аптада Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен облыста тұңғыш рет жекпе-жек айтыс өтті.  Бұл күні Қадырсарайдың  амфитеатрына айтыссүйер көрермен көп жиналды.

Жыр додасы қызылордалық суырыпсалма ақын, екі дүркін «Алтын домбыра» байқауының жеңімпазы атанған Мұхтар Ниязов пен әрі жазба, әрі айтыс ақыны Талғат Мы-қидың қағытпа қалжыңдарымен басталды.  Айтыстың аламанында талайды көрген ақын Мұхтар Ниязов әп дегеннен-ақ қарсыласының қарымын қайтарып тастамай, шаш-
бауын көтеріп, қолдап отырды. Ел-дегі әлеуметтік мәселелер, пойыз билетін таппай, сандалған жұрттың жанайқайы бірінші жұп айтысының негізгі өзегіне айналды. Дегенмен бірінші жұпта орамды ойларымен, ұтқыр әзілдерімен Мұхтар Ниязовтың бәсі басым болған сыңайлы. Уытты әзілімен көрерменді әп-сәтте өзіне баурап алған атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров пен қатты айтпай-ақ, қағытпа қалжыңымен қарсыласын бірден уысына түсіріп алған Жансая Мусинаның жекпе-жегі көрермен-
ді қиқулатқан шынайы айтыс болды. Шалқарбай мен Жансаяның айтысында да елдегі маңызды мәселелер айтылды. Атырауда болған оқиғада ұлт намысын қорғаған азаматтар, Ордаға барар жолдың қиындығы, өзге де көкейкесті мәселелер ақындар назарынан тыс қалмады. Жазғы демалыста жұлдыздардың шетелдерде демалатынын тілге тиек еткен Шалқарбай ақын қыздың қай жақта демалғанын сұрады.

– Барып  қайтқан шығарсың

Дубай жаққа,

Сол жақтың кереметі ойға

оралып.

Әлде барып жаттың ба

Анталияға,

Арқаңды массажбенен

майлап алып?

Теңізіне түстің бе рақаттанып,

Қажетті саймандарды

сайлап алып,

Сақтанып суға батып

кетпейін деп,

Беліңе баклажка байлап алып?

Ал енді қызықтырып

айтып берші,

Биыл жазда демалдың қайда барып? — деген Шалқарбайға  Жансая былай жауап берді:

– Саласың шабыттансаң

сарыныңа,

Тағы да төтеп берем арыныңа.

Жаз бойы Оралымнан

шыққан жоқпын,

Қашан да сыямын ғой

қалыбыма.

Өнердің арқасында ел-жер

көрдім,

Мың рақмет Құдайдың

дарынына.

Мен өзім құмда туған

құмшыл едім,

Байланған туған жердің

тамырына.

Он жылдық энергия

жинап келем,

Он күнге барып келсем Нарыныма, — деп ұрымтал тұста сөз тауып, сырғып шыға білген ақын қыздарына риза болған жұртшылық  ұзақ қол соқты.

Жекпе-жек айтыстың ерекшелігі – жүлде болған жоқ. Әдеттегідей уақыт шектемегендіктен, ақындар арындары басылғанша ойларын ірікпей айтуға тырысты. Екі сағаттан астам уақыт болған айтысты жиылған жұртшылық қа-тары сиреместен, сілтідей тынып тыңдады.  Жекпе-жек айтыс соңында сахнаға көтерілген айтыс жанашыры, танымал ақын Жүрсін Ерман биылғы «Алтын домбыра» айтысы Орал қаласында өтетінін айтты.

– Менің көптен іздеп жүргенім осындай жекпе-жек айтыс еді. Біз айтысты телевизияға лайықтап, уақытын шектеп, біраз бұзып алдық. Бұл жолы қазылар алқасы да болған жоқ. Ақындардың ешкім аузынан қаққан жоқ. Олар да ел-жұртты толғандыратын көкейкесті жайларды айта алатындықтарын тағы бір дәлелдеді. Осы сапарымыз барысында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қабылдауында болып, сегізінші «Алтын домбыра» ай-
тысын Оралда өткізу туралы ұсынысымызды білдірдік. Өңір басшысы мұны қолдады. Енді жыл соңында еліміздің ең мықты ақындары Ақ Жайықта бас қосатын болады, — деді Жүрсін Ерман.

Облыстық мәдениет басқар-масының басшысы Қадырболат Мұсағалиев жекпе-жек айтыс ұйымдастырып, көптің көңілінен шыққан рухани шара өткізген Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла мен мекеме ұжымына ризашылығын білдірді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,
«Орал   өңірі»