25.07.2019, 21:42
Қараулар: 207
Жайықтың жайын жақсарту – ортақ міндет

Жайықтың жайын жақсарту – ортақ міндет

25-26 шілде  аралығында М. Өтемісов атындағы  БҚМУ-да ҚР  Энергетика министрлігінің,  ҚР Экология, геология және табиғи  ресурстар  министрлігінің, Еуропадағы  қауіпсіздік  және  ынтымақтастық ұйымының, РФ  Орынбор облысының қолдауымен  және  Батыс  Қазақстан облысы әкімдігінің  ұйымдастыруымен  «Жайық  өзені бассейнінің  экологиясын  сақтаудың  бірлескен  институционалдық  және  экономикалық тетігі  бойынша  ұсыныстар  дайындау және  халықаралық  тәжірибелерді зерттеу мәселелері»  тақырыбында  семинар  өтуде.

«Жайық күні» қарсаңында екі күнге жоспарланған халықаралық семинарға ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы бағдарламалар кең­сесінің басшысы, елші Дьердь Сабо, ҚР Парламенті мен РФ Мем­ле­кеттік Думасының депутаттары, қос елдің ғалымдары, халықара­­-
лық  және  отандық  сарапшылар  қатысуда.

Семинардың алғашқы күні сөз алған облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев Қазақстан мен Ресейдің ортақ таби­ғи байлығы, шекаралас өңірлердегі мыңдаған тұрғынның тағ­дырын тоғыстыратын қарт Жайықты сақтауға, барлық салалар­дағы мемлекетаралық ынтымақтастықты тереңдетуге жә­не тату көршілік қарым-қатынастардың жаңа деңгейіне жетуге бағытталған аталмыш шараның ерекше маңызға ие еке­нін айтты.

Шарада ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы бағдар­ламалар кеңсесінің басшысы, елші Дьердь Сабо, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры Наталья Дәулетьярова, РФ Орынбор облысының табиғи ресурстар, экология және меншік қатынасы министрінің міндетін атқа­рушы Константин Костюченко, «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Тарасенко және қос елдің сарапшылары мен ғалымдары сөз алып, Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жан-жақты жақсартуға бағытталған бірқатар ұсы­-
ныс-пікірлерін ортаға салды.

Батыс Қазақстан, Атырау және Ресей елі­нің көршілес Орынбор облысында бірдей аталып өтетін «Жайық күні» қарсаңында ұйым­­дастырылған халықаралық семинар­ға бүгін ҚР Экология, геология жә­не табиғи ресурс­тар министрлігінің жауапты хатшысы Нұрлыбай Сәбит, облыс әкімі Ғали Есқалиев, Орынбор облысы губернаторының міндетін атқару­шы Денис Паслер, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нау­тиев, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, ҚР Пар­­ламентінің депутаты Ғұмар Дүй­сембаев қатысады деп күтілуде. Қос тарап Жайық өзені бассейні­нің экожағдайын жақсарту, өзен арнасын тазарту және тереңдету, жоғарыдан келетін су қарқынын арттыру, жасанды су қоймаларын салу, ортақ инвестициялық қор құру сияқты маңызды мәселелер­ді  егжей-тегжейлі  талқыламақ.

«Жайық күнін» атап өту дәстүрі 2017 жылы басталған болатын. Басты мақсаты – Жайық өзенінің экологиялық жағдайын саралау, Жайық өңірінің туристік ресурс­-
тары және экологиясын наси­хаттау, Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің көршілес облыс­тары тұрғындарының ара­сында­ғы достық қарым-қатынас­ты ны­ғайту.

 

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»