25.07.2019, 21:37
Қараулар: 456
Ұрлықпен айналысқан 48 топ ұсталды

Ұрлықпен айналысқан 48 топ ұсталды

БҚО  өңірлік  коммуникациялар қызметі  ұйымдастыр­ған брифингте  облыстық  полиция  департаменті  бас­шысының  міндетін  атқарушы,  полиция  полковнигі  Серік  Сүйінбаев  биылғы  жартыжылдықта  тіркелген  қыл­мыс­тардың  жалпы  саны 5%-ға  қысқарғанын  хабарлады.  Өткен  жылмен  салыстырғанда, қылмыстың  ашылуы 2%-ға артып, 70%-ды  құрады. Ұрлыққа  қарсы  іс-қимыл  жөніндегі  ведомствоаралық  бағдарлама  өз  нәтижесін  беруде. Арнайы  және  жедел  іздестіру  іс-шаралары  барысында  ұрлық  жасаған  жалпы 1087  адам  ұсталып,  осылардың  қатарындағы  кейбір  ұрылар­дың  сыбайласуымен  құрылған  48  қылмыстық  топ  әшкереленді.  Сондай-ақ  «өткен  жылдар»  санатына  енген  149  ұрлық ашылды.

 

Биыл өңірімізде 194 жыл­қы, 84 ірі қара, 142 қой-ешкі қолды болған. Қабылданған шаралар нәтижесінде ұрланған малдың 53%-ы, 83 жылқы, 42 ірі қара, жүзге жуық қой-ешкі – барлығы 224 бас мал иелеріне қайтарыл­ды. Мәселен, Жаңақала және Бө­кей ордасы аудандарының аумақ­тарында мал ұрлығымен айна­лысқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Ол топтың құрамында үш адам болған. Облыс бойынша жедел іздестіру нәтижесінде мал ұр­лығын жасаған 87 адам мен 13 қылмыстық топ ұсталды.

– Ауыл тұрғындары үшін мал бағу күнкөріс қамы болғандықтан, жедел қимылдауға тырысамыз. Бірақ ұрлықтың белең алуы мал иелерінің салғырттығынан және бақташылықтың дұрыс жолға қо­йылмауынан болып отыр. Малды жайылымға емін-еркін жібе­реді де, ұзақ уақыт қараусыз қалды­рады. Қылмыс көрсеткішінің 69% жағдайында мал жайылымда ұр­ланатыны анықталды. Жедел түр­де полицияға хабарламай, өз бе­тімен іздестіріп, уақыт оздырып алады. Содан қылмыстың ізін суыт­пай ашу мүмкіндігі төмендейді. Мал ұрлығы туралы өтініштері расталмаған жағдай да көп. Жедел іздестіру барысында жоғалған малды даладан табамыз. Ағым­да­ғы жылы қылмыстық құқықбұзу­шылық құрамы болмаған 91 факті тіркелді, яғни мал ұрлығы ретінде тіркелген жоқ, – деді Серік Сүйінбаев.

Полковниктің сөзінше, пәтер ұр­лығы 23%-ға азайғанымен, олар­­дың үштен бір бөлігі ашылмай отыр. 485 пәтер ұрлығының 317-сінде ұрылар үйдің ішіне емін-еркін енген. Осыған байланысты полицейлер халыққа баспанасын суық қолдан қорғау жүйесін ор­нату қажеттігін түсіндіруде. Нәти­жесінде биыл 346 пәтер иелері үйіне қарауыл көзін қойған.  Жеке күзет ұйымдары 3 669 нысанды, оның ішінде 1 597 пәтер және үй­лерді күзетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 5 мыңнан астам кі­реберіске домофоны бар ме­талл есіктер қойылған және кодтық құлыптармен жабдықталған. Об­лыста пәтер ұрлығымен айна­лыс­қан 300-ге жуық баукеспе және 7 қылмыстық топ анықталды.

– Қалта ұрлығының фактілері көбеюіне қарамастан, олардың ашы­лу көрсеткіші 7%-ға артты.  Бұл бағытта Орал қаласының поли­ция басқармасы құрған маман­дандырылған топ белсенді жұ­мыс істеуде. Ұрлық дерегінің 85%-ы ұя­лы телефондар қолды болғаны­на дәлел. Жәбірленушілердің тең жартысы дерлік полицияға екі күннен кейін жүгінген. Қалта ұр­лығының алдын алу мақсатында базарлардың, сауда, ойын-сауық орталықтарының және автопарк­тердің басшыларымен өзара іс-қимыл шаралары жолға қойыл­ды, – деді департамент басшы­сының  міндетін  атқарушы.

Оның айтуынша, облыста есірт­­кіге елтіп, тағдырын нашаға байлағандар да тыйылмай тұр. Жыл басынан бергі алты ай ішін­де есірткі қылмысына қатысты 291 дерек анықталды. Оның ішін­де аса ірі көлемде есірткі құ­ралдарын заңсыз сақтаудың 15, құрамында есірткі бар өсімдік­терді өсірудің 5 фактісі тіркелді. Екі есірткі притоны әшкерелен­ді. Заңсыз айналымнан 8 келіден астам есірткі және психотроптық заттар алынды.

– Бірінші жартыжылдықта «102» қауырт желісі арқылы 50 мың хабарлама түсті. Соның 4 мы­ңы ға­на қылмыстық істің орын алуына байланысты. Операторлар жағ­дайды анықтауға телефон шал­ған­дармен сөйлесуге 7 минутқа дейін уақытты жоғалтатын кезі болады. Жедел басқару орталы­ғы хабарламаны тіркеген соң, патрульдік топ бес минут ішінде қылмыс болған орынға жетіп болуы тиіс, – деді Серік Сүйінбаев.

Полковниктің мәліметінше, аса ауыр қылмыстар саны 10%-ға және ауырлығы орташа қыл­мыстар 15%-ға, кісі өлтіру саны 37%-ға, ұрлық 15%-ға қысқарды. Брифингте Серік Сүйінбаев по­ли­цияның халықпен өзара іс-қи­мылын жақсарту, басшылық қа­былдауын кезексіз және алдын ала жазусыз ұйымдастыру, сондай-ақ халықтың полиция ор­гандарына сенім деңгейін арттыру мақсатында өткен «Жолдағы қабылдау» акциялары жөнінде айтты.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,
«Орал  өңірі»