25.07.2019, 21:34
Қараулар: 404
«Ақжайық»шипажайындағы жаңа жобалар

«Ақжайық»шипажайындағы жаңа жобалар

«Ақжайық»  шипажайына  жеткізетін  кір­ме  жол  жөнделіп, сумен  сауықтыру  кешені  салынбақ.  Осы  және  басқа  да  жағымды жаңалықтарға  аталмыш  сауықтыру  орнына  арнайы  барған  сапарымызда  хабардар болдық.

Кірме  жол  жөнделуде

Облыс орталығы – Орал қаласынан 45 шақырым қашықтықта, тамылжыған табиғат аясында орналасқан «Ақжайық» шипажайына келуге ниет білдіруші­лер легі еш толастаған емес. 180 орынға есеп­­телген сауықтыру орнында қара күзге дейін бос орын жоқ. Қазақстан­ның батысындағы төрт облыстың жә­не Ресей Федерациясының біздің өңір­мен шекаралас аймақтарының тұрғын­дары мұнда жиі келіп, тынығып, денсаулық­та­рын  түзеп  қайтады.

Шипажай директоры Альберт Са­фул­линнің айтуынша, 2018 жылы мұнда 3 357
адам табиғат аясында демалып қана қоймай, тиісті ем-домдарын да қабыл­дап, шипалы сумен денсаулықтарын тү­зеуге мүмкіндік алған екен. Мекеме бас­шылығының мәліметіне қарағанда, де­малушылардың саны 2017 жылғы көр­сеткішке қарағанда 157 пайызға артыпты.

Біраз жылдан бері айта-айта жауыр болып, шипажай демалушылары үшін де, қызметкерлер үшін де осы уақытқа дейін қолайсыздық туғызып келген кү­ре  жолдан бұрылғаннан кейін «Ақжа­йыққа» жеткізер кірме жолды жөндеу мәселесі биыл облыс басшылығы тара­пынан қолдау тапты. Арнайы осы мақ­сатқа облыс қазынасынан 241 млн. тең­ге бөлініп, жол жөндеу жұмыстары бас­талып та кетті. Жоба мердігері – «Дос­тықСпецТранс» ЖШС-ның учаске басшысы Мақсат Мушалиннің айтуынша, жолшылар 7 шақырымдық кірме жолды жөндеуге 15 маусымнан бастап кіріс­кен. Бүгінгі таңда қажетті құрылыс материалдары жеткізілген, 43 техника жұ­мыс істеуде.

– Бөлінген қаржы ретімен игерілуде. Жөндеу жұмыстарын 1 қазанда аяқтай­мыз деп межелеп отырмыз, – дейді учаске басшысы.

– Аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 288 шақырымды құрайды. Олардың тек 5 пайызы ғана жақсы жағ­дайда, 43 пайызының жай-күйі қана­ғаттанарлық, ал қалған 52 пайызы на­шар күйде. Жол жөндеу туралы ұсы­ныстарымыз аудан, облыс басшылығы  тарапынан қолдау тауып, биылғы 2019 жылы үш ауылдың кіреберіс жолы жөн­делетін болды. Соның біреуі – «Ақжа­йық» шипажайына баратын 7 шақырым­дық кірме жол. Сонымен қатар өңір басшысы Ғали Есқалиевтің тапсырмасымен облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендердің кіреберіс жолдарын жөндеу мақсатында бес жылдық жос­пар жасақталды. Алдағы уақытта осы жоспар бойынша жұмыстанатын боламыз, – деді Теректі ауданы әкімінің орынбасары  Қуаныш  Шарафутдин.

 

Шипасу   үшін   – «Алтын   диплом»!

«Ақжайық» шипажайында ем-дом ба­рысында пайдаланылатын минералдық судың сапасы ең үздік деп танылған.

– Қазақстандағы 200 емдеу-сауықты­ру орталықтарының 70 пайызының же­ке кеніші бар.  Солардың арасынан біз­дің «Ақжайық» шипажайы ең үздік деп танылды. Оған себеп –  шипажай маңы­нан табылып, емдеу ісіне пайдаланылып жүрген табиғи шипасудың, яғни (ми­нералдық судың) сапалық құрамының жоғары болуы, – деген шипажай директоры Альберт Сафуллин емдік судың құрамы және адам бойындағы қандай дерттерге дауа болатыны жайында кеңі­нен әңгімеледі.

– Минералды судың жүрек-қан тамырлары, жүректің ишемиялық  ауруына, тірек-қозғалыс жүйесі, қант диабе­ті, жүйке және әйелдердің ауруларын емдеуде өте пайдалы, емдік қасиеті жоға­ры екені дәлелденді. Асқазан-ішек жол­­дарын минералды сумен жуу әдісі ши­пажайдың емдеу-сауықтыру қызметін­де 2000 жылдан  бастап  жолға  қо­йыл­ған.

Келушілерді бойындағы сырқатынан сауықтыру жолында минералды сумен, қыздырылған балшықпен, парафинмен емдеу әдістері кеңінен қолданылып келеді.

Ғалымдар мен тәжірибелі маман­дар­дың тұжырымы бойынша,  «Ақжайық» шипажайы емдік шипасуының құрамында адам ағзасына өте пайдалы микроком­поненттер: йод – 10 мг/л, бром – 25-32 мг/л, фтор – 2,25-3,00 мг/л, бор – 2,5-3,00 мг/л және т. б. көптеп кездеседі.

«Ақжайық» шипалы суы  ем-дом бары­сында емдік ауыз су ретінде де, баль­неологиялық терапия мақсатында ван­на қабылдауға да қолданылып, ем қа­былдаушылардың дертінен сауығуына оң әсер етеді, – деді А. Сафуллин.

 

Бассейн мен сумен   сауықтыру кешені салынады

«Ақжайық» шипажайында бассейн және сумен сауықтыру кешенінің құры­лысы басталды. Болашақ нысанның ор­нына капсула салу құрметі ҚР  Кәсіп­одақ­тар федерациясының БҚО аумақтық бір­лестігінің төрағасы Аманкелді Таспихов, «Ақжайық» шипажайын ашылған сәтінен бастап 33 жыл бойы басқарған алғашқы директор, денсаулық сақтау саласының ардагері Марат Ақашаев және сауық­тыру орнының қазіргі басшысы Аль­берт  Сафуллиндерге  берілді.

Бой көтеретін жаңа нысанның демалушылар көңілінен шығары анық. Өйт­-
кені шипажай аумағындағы тынығушы­лардың орналасып, алаңсыз тұруына арналған бес қабатты ғимарат пен ем­дік шараларды қабылдайтын үш қабат­ты нысанның арасына ашық аспан астымен қатынау демалушылар үшін қо­лайсыздық туғызып жүрген болатын. Бұл жағдайдың қабылданған ем-домға кері әсерін тигізетіні де анық. Қыстың суы­ғында, күзгі-көктемгі лайсаңда, жаздың жаңбырлы күндерінде ыстық бумен (сумен) немесе қыздырылған балшықпен емделіп шыққан жан суықтап қалу­дан сақтанып, сол жерде ұзақ уақыт күтіп отыруына тура келетін. Міне, осы олқылықтың орны толып, демалушы­лар енді қос корпустың арасына жа­бық өткел арқылы қатынайтын болады.

Жоба құны – 354 млн. теңге. Оны қаржыландыру ҚР Кәсіподақтар федерациясы есебінен жүзеге асырылмақ. Аталмыш жабық өткел төрт айда іске қосылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар мұнда демалушы­лардың жан-жақты тынығуы үшін бар­­лық жағдай жасалған. Заман талабына сай жаңа құрылғылармен жабдықтал­ған клуб, кітапхана, бильярд, спорттық кешен, волейбол, баскетбол алаңдары демалушылардың бос уақытын тиімді өт­кізуіне қызмет етіп келеді. Айнала­сында тал-терек, қайың-қарағайға қоса, түрлі жеміс ағаштары жайқала өскен шипажайдың жанынан ағып жатқан Жа­йық өзенінің жағалауынан жабдықтал­ған жағажай демалушылардың қазіргі­дей қырық күн шілдеде суға шомылып, күнге қыздырынуға деген ықыласын арт­тыра түседі.

Айгүл    АХМЕТОВА