25.07.2019, 21:31
Қараулар: 496
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: «Ұлттық тәрбие ғана ұлтжанды тұлға қалыптастырады»

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: «Ұлттық тәрбие ғана ұлтжанды тұлға қалыптастырады»

Ақ Жайық өңірінің мақтанышы, Алаштың арқалы ақын қызы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева осы аптаның сәрсенбісінде Шыңғырлау ауданына арнайы сапарлап келді. Сапар барысында ақын ауданымызда арнайы жүзеге асып жатырған іргелі істермен танысты. Өнерін құрметтеп, өмірін өнеге тұтқан үлкенкішінің ыстық ықыласы ақын жүрегін тебірентті білем, Абай Құнанбаев ескерткіші алаңында жастармен кездесу кезінде әлем таныған қазақтың ұлы перзенті Абай-дың «Сегізаяқ» өлеңін жатқа оқыды. Ұлтымыздың рухани пайғамбарының әдеби мұрасынан өлең-жыр оқуын Ақұштап ақын елімізде жүріп жатқан ұлы шайырдың өлеңдерін жатқа оқу эстафетасымен байланыстырған ақын мұны әлеуметтік желіден қабылдап алғанын және енді облысымыздың көш басында жүрген белгілі азаматтарына жолдайтынын жеткізді.

Ауданымыздың музейі мен ескерткіштерін тамашалаған Ақұш-тап апамыз алыста қалған балалық шақтың әр сәтін, ауыл естелігін музей жәдігерлерінен көріп, тебірене түсті, толғана сөйлеп, өткен күннің өшпес естелігінен сыр тарқатты. Сонымен қатар ол Асан қайғы, Қалампыр Рахимова сынды тұлғаларға ескерткіш орнатып, жасыл желегі мол саябақ қалыптастыр-ған, осындай іргелі істерімен ауыл мәдениетін күрт ілгерілеткен ау-дан басшылығына ризашылығын білдірді.

Қайраткер қаламгердің мерейлі сапары аудандық мәдениет үйінде «Жайығым» деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін» тақыры-бындағы кездесу кешімен жалғасты.

Ұлт ұясы – отбасы. Халықтық тәрбие-тағылымның барша тұнығы да осы отбасынан бастау алады. Сондықтан да қаламгер ұрпақ тәрбиесі, саналы ұл, өнегелі қыз тәрбиелеу арқылы ұлттың кемел келешегін қамтамасыз ету, осы жолда әке-шеше мен ата-әженің үрім-бұтағына тікелей әсер-ықпалы жөнінде тереңнен толғап, кеңінен әңгімеледі.

– Тек толыққанды ұлттық тәлімтәрбие ғана ұлтжанды тұлға қа-лыптастыра алады, – деді Ақұштап ақын. Ақынның жан сарайынан ақтарылып, әр оқырманның сана-
сына ұялаған мәнді әңгіме, мазмұнды ғибрат, тартымды тағылым әлеуметті тез баурады. Емен-жарқын әңгімеге құрылған кездесу кеші ең алдымен ел қамын ойлаған ақынмен бір сырласу, ақылын тыңдап, өнегесін санаға сіңіру болды десе де болғандай.

– Шекаралас аудандардың ахуалы Елбасыдан бастап, ат үстіндегі азаматтардың бәрінің назарында. Жалпы, ауылдық елді мекендерді өркендету үшін көптеген мемлекеттік бағдарлама-лар жасақталып, іске қосылды. Солардың игілігінен шет қалмаңыздар. Мәселен, «Дипломмен ауылға!» деген мемлекеттік бағдарлама жас мамандарды ауыл-
аймаққа біржола орнықтыруды көздейді. Мемлекеттің мұндай қадамы аудан-ауылдардағы демографиялық ахуалдың да оңалуына  оң әсер етер деген үміттемін, – деп сөз сабақтады ақын-ана.

Сонан соң әдеби-мәдени шараны жүргізуші мәртебелі мейманға  Шыңғырлаудың тарихы туралы баян қылды. Іле-шала сөз тізгіні тағы да ақынға берілді. Дауылпаз кеудеге көп сыр қордаланған екен, көп тағылым тұныпты, солардың тиегі ағытылды бір. Санаға – нәр, ұрпаққа бағыт-бағдар боларлық көптеген дерек-дәйек айтылды.

Топталып ұшқан үйірің,

Достардай еді-ау жаны ізгі.

Адамнан кеткен мейірім,

Сендерде қалған тәрізді, – деп келетін «Даланың қарлығаштары-ай» өлеңі оқылды.

Анамын – бөбегін сағынған,

Ақынмын – жыр болып ағылған.

Көңілмін екіге бөлінген,

Жүрекпін екіге жарылған», – деп сыр шертті ақын-ана.

Қалмадым елі қасыңнан,

Мен болдым қызың, ұлың да.

Үйір ғып қойдың жасымнан,

Қамшыға, асау құлынға.

Жинамай асық қалтаға,

Ерекше сенің өсті «ұлың»

Бір күні менің арқама,

Төгіліп кетті қос бұрым… – деген әкеге деген сарқылмас сағыныш өлең боп өрілді. Ғибратты әңгіме мен сыршыл да ойлы өлеңжырға еліткен әлеумет ақынды жиі соғылған қол шапалақ-қошеметімен қанаттандырып отырды. Сахна төрінен ақын сөзіне жазыл-ған әндер шырқалып, жергілікті жұртшылықтың алғыс-тілектері жолданды. Шара соңында аудан әкімі Альберт Есалиевтің ақынға алғысхат тапсыруы, көрермен көп-
шіліктің Ақ Жайықтың Ақ шағаласынан қолтаңба алып, суретке түскен жарасымды қарбаласымен жалғасты.

Қаршыға  ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау  ауданы