25.07.2019, 21:23
Қараулар: 206
Сексеннің сеңгіріндегі бағбан

Сексеннің сеңгіріндегі бағбан

Қазталов ауданында білім саласында абыройлы еңбек еткен Ищанов Уахит ақсақалды танымайтындар кемде-кем. Біз бүгінгі мақаламызды ұзақ жыл шәкірттерін білім нәрімен сусындатып тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, сексеннің сеңгіріне шыққан, еңбек ардагері Уахит атаға арнадық.

Уахит атай саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған, шәкірттері мен ауылдастарына сыйлы жан. Бейнетті еңбектің зейнетін көргенге дейін Алма Оразбаева атындағы білім ошағында ұстаз, кейін мек-тепті басқарды. Зейнет жасқа жет-
кен күннің өзінде қарап жатпай, өз кәсібін қолға алды. Нарықтық замандағы өндірістік кәсіптің алғашқы қарлығаштарының бірі десек, артық болмас. Сол кезде көбі алыпсатарлықпен айналысып жатқанда, Уахит ата балаларының басын біріктіріп, кәсіп ашты. Кең-шарлар мен ұжымшарлар тарап,қойдың жүні аяқ астында тапалып қала бергені бәріміздің көз алдымызда. Сол кезде қойдың жү-нін пайдаға асырып, байпақ басу кәсібін қолға алған осы Уахит атамыз болатын. Оның цехынан шыққан байпақтарды аудан тұрғындары күні кешеге дейін киіп жүрді. «Заманына қарай амалы» демекші, байпаққа сұраныс болмай қалған кезде қолдағы малдың басын құрап, балаларын атакәсіпке жұмылдыра білді.

Иә, осындай еңбекқор жанның бүгінгі тіршілігі туралы ауылдастары бейхабар. Жасы ұлғайған қарияны білім саласындағы салтанатты шаралардан көріп қалып жүреміз. Табиғатынан ұяң, жүзінен мейірім лебі есіп тұратын Уахит атамыз кімді болмасын өзіне қаратып алады. Ал атаймен әңгімелесе қалсаңыз, қазыналы қарттың тарих-тан мол мағлұмат беретін қызық әңгімесін тыңдап тауыса алмайсыз.

Жақсы, әңгімеміздің негізіне кө-шейік. Жақында бір отырыста бау-бақша егу туралы әңгіме қозғалып, келіні Эльмирадан атайдың бақша дақылдарын егіп, өнім алып жатқа-
нын құлағым шалып қалды. Келінінен бұл ақпараттың дұрыстығын нақтылап, фотоаппаратымды асынып алып, кейіпкеріміздің үйіне қарай  аяңдадым.

Уахит атайды ауласындағы цехтан таптық. Бұл ғимарат байпақ бизнесі тоқтағалы жабылып, әулеттің ескі заттарын қоятын қоймасына айналған екен. Бейне бір музей секілді. Кәсіптерінің бастауы болған ғимаратты көздері қиып бұза алмайтындай. Амандасып, жөн сұрасқаннан кейін атамыз бақшасына бастады.

– Осы бір құтты орынға 1969 жылы көшіп келдік. Бұрын бұл жерде диірмен болған екен. Күні бүгінге дейін диірмен тастары жатыр. Жанұя-мызбен өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап бақша дақылдарын егуді қолға алдық. Кезінде ауқымды көлемде ексек, міне, үш жылдан бері шағын көлемде егіп келемін. Үйіміздің арты Қарасу тоғанына тиіп тұр ғой. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» демекші, тоғанның жағасында тұрып бақша екпесек, нағыз жалқаулықтың құрбанына айналатын секілді-міз. Мұнымен қоса, қимылдап қалған адамның қарап отыруы қиын. Сол себепті, қарап жатпай, қауқарым жеткенше, бақша салуды жөн санадым. Ерінбеген адамның еңбегі еш болмайтыны анық қой. Биылдың өзінде 200 түп қызанақ, 100 түп қияр, баялды (баклажан), асқабақ, болгар бұрышы, сарымсақ ектім. Бұл дақылдардың дәнін көктемнің алғашқы айларында үйде егіп бастаймын. Кейін сабағы көтерілген көшеттерді күн және топырақ жылысымен бақшаға егемін. Бақша дақылдарының ішінде қиярды егу оңай. Көп күтімді қажет етпейді және судың мол болғанын қалайды. Бір өсіріп алсаңыз, өніміне қарық боласыз. Бақша болғасын зиянкестердің болатыны белгілі. Олармен де күресуді үнемі жүргізу қажет. Әсіресе, қызанаққа үлкен бап керек. Қазір интернеттің заманы ғой. Зиянкестермен қалай күресу керектігін қарап алып, өз тәжірибеме қолданып келемін. Өнімділігі жаман емес. Жанұямызбен көшедегі шыққан тегі белгісіз бақша дақылдарын сатып алмай, өзіміздің табиғи, таза көкөністерімізді жеп отырмыз, – деп Уахит атамыз тәжірибесімен бөлісті. Атайдың әңгімесінен бақша егудің қыр-сырын бір адамдай  меңгергенін  байқадық.

– Жасың ұлғайғасын ауру-сырқаудың да нышаны біліне бастай-тыны жасырын емес. Менің де қан айналым жүйем сыр беріп, дәрігерлердің сөзіне қарағанда, жүрек тұсындағы тамырларым бітеле бастапты. Дәрігерлердің ота жасау ұсынысына келіспедім. Сосын олар жатпай, көбірек қимыл-дауға кеңес берді. Осы еңбектің арқасы шығар, әзірге денсаулығым жаман емес. Қыста қиындау. Қашан жаз шығады деп күтесің. Бақша болмаса, ауырып қаламын. Бір жағынан өзіме де ермек қой. Бұрын қолымыздан қалам түспейтін еді, енді, міне, кетпен-күректі серік қылдық, – деп жымиды атай.

Бағбандыққа қоса, атамыз үй құстарын да өсіреді. Әсіресе, тауық көп екен бұл үйде.

Міне, нағыз еңбекқор жанның бақшасына кіріп, талай нәрсені ұғынғандай болдық. «Жасым жетті. Болдым, толдым» деп жатып алмай, үйдегі балалардың нәпақасына аз-маз көмек болсын дегендей ерінбей еңбек еткен ақсақал. Елдегі жасы отызға жетпеген талай жас жігіттер «жұмыс жоқ» дегенді сылтау қылып, жалқаулықтан арыла алмай жүр…

 

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы