25.07.2019, 21:20
Қараулар: 189
«Күн» көзілдірікті қалай таңдаймыз?

«Күн» көзілдірікті қалай таңдаймыз?

Рита   СӘРСЕНОВА,
Орал   қаласының   тұрғыны:

– Дүкен сөрелерінде көз-жанарыңды күннен қорғайтын көзілдіріктің сан алуан түрі бар. Тіпті базар маңындағы, көше бойындағы сауда нүктелерінен де көзілдірік сатып алып жататындар көп. Жалпы, күннен қорғайтын көзілдірікті қалай таңдау керек? Кішкентай балаларға күннен қорғайтын көзілдірік тағуға бола ма?

Жазира  ӨМІРЗАҚ,
Орал  қалалық  №5  емхананың  көз  дәрігері:

– Күннен қорғайтын көзілдірік сәндік аксессуар ғана емес, ол сонымен қатар жанарымызды күннен бөлінетін ультракүлгін сәулелерден қорғайтын құрал. Шектен тыс күн сәулесінің түсуі кішкентай балалардың да, ересектердің де көзінің торлы қабатына зиянын тигізуі мүмкін. Бұл уақыт өте келе көздің көру қабілетінің нашарлауына әкеп соғуы ықтимал. Оған қоса қорғанышқа немқұрайлы қарау салдарынан адам бетінде дақтар, көздің айналасына ұсақ әжімдер түсуі мүмкін. Ал осы маңызды қорғаныш құралын кез келген сауда нүктелеріне жүгінбей, арнайы оптикалық орталықтардан сатып алған дұрыс. Әсіресе, бүлдіршіндерге және мектеп жасындағы балаларға көзілдірік сатып аларда үнемдеуді мақсат етіп, тым арзанына қызықпаған жөн. Тым арзан көзілдірік күннен қорғау былай тұрсын, қабылдауды бұрмалап, көру қабілетін төмендетеді.

«Cosmetic» деген жазуы бар көзілдірік сәндік аксессуар саналады, оның күн көзін жұту қабілеті нашар. «General» деп таңбаланған көзілдірікті күн сәулесі орташа қалыпта түсетін орындарға тағуға болады, ал күн сәулесі молынан түсетін демалыс орындары, шипажай мен жағажайлардағы, таулы аймақтағы демалысқа шығарда «High UV-protection» деген жазуы бар көзілдірікті таңдауыңыз қажет. Көзілдіріктегі «UVA» және «UVB» деген жазулар ультракүлгін сәулелерден қорғау пайы-зын көрсетеді. Сонымен қатар «400 нм» деген жазуды да көзіңіз шалуы мүмкін. Бұл көзілдіріктің күннен қорғау мүмкіндігін көрсетеді, егер көрсеткіш 400-ден төмен болса, жартылай ғана қорғайды деген сөз.

Сары шынылы көзілдірікті ауа райы қолайсыз, тұманды немесе бұлтты күндері көлік айдау кезінде киген дұрыс, осындай сәтте көзге түсетін жүктемені азайтып, оның көргіштігін жақсартады. Қызғылт сары түсті шыны адам көзіне жарықтың шағылысу әсерін төмендетеді, жарықпен шағылысқаннан кейін көру қабілеті тез қалпына келеді. Жасыл шынылы көзілдірік табиғатта демалып, теннис ойнаған кезде, балық аулау және көлік жүргізу кезінде ыңғайлы. Жасыл түс көз рецепторларын жайландырады және қатты тітіркендіргіш күн көзіне қарсы тұруға көмектеседі. Көк түсті көзілдірікті көлік жүргізу кезінде мүлдем тақпаған дұрыс. Себебі ол жарықтың таралуын бұзады және бағдаршам түстерін шатыстырып алу қаупін күшейтеді. Қызыл түсті әйнек психикаға теріс ық-
пал етеді, көк пен қызғылт түс көзді талдырады. Қоңыр, жасыл және сары түсті шынысы бар көзілдіріктер мінсіз таңдау саналады. Тым күңгірт түсті көзілдірік тағу салдарынан жанарыңызға түсетін салмақ, жүктеме тым артады, айналадағы заттарды көру үшін көзіңізге біраз күш салуға тура келеді.

Күннен қорғайтын көзілдірікті тексерудің бірнеше тәсіліне тоқтала кетсек: оптикалық сауда орындарында көзілдірікті тексеретін спектограф, UV-тестер секілді арнайы құрылғылар болады. Ал одан бөлек, бренд көзілдіріктердің тауар туралы барлық мәлімет келтірілген сәйкес төлқұжаты, фирмалық сауда белгісі енгізілген қаптамасы және арнайы сүлгісі болады. Көзілдірік таққан кезде ыңғайлы болуы керек, мұрын қалқанын қыспауы және төмен еңкейген сәтте түсіп кетпейтіндей болуы тиіс. Оны киген күйі бір затты мұқият қарап көріңіз. Нысанаға алынған заттың түсі өзгеріске ұшырамауы және бұлдырамауы тиіс. Көздің саулығын сақтау көзілдіріктің линзасына байланысты болғандықтан, оны тексеруде асқан мұқияттылық қажет. Жалпы, линзалар әйнектен немесе заманауи полимерлерден дайындалады. Егер линзалар бұлдыратып көрсетсе, олар сапасыз арзан пластиктен жасалды деген сөз. Көзілдіріктің әйнегіне түрлі бұрыштан қарап көріңіз, әйнек бетінде ұсақ сызаттар, айғыз болмауы шарт. Сондай-ақ көзілдірікті линзаларын төмен қаратып, ақ парақтың бетіне орналастыру арқылы тексеруге де болады. Мұндай тәсіл линзалардың қаншалықты сапалы боялғандығын және шыны бетіндегі түрлі ақауларды анық көрсетеді.