25.07.2019, 21:13
Қараулар: 412
«Тұз айын» өткізіп алмайық! «Тұз өтіп кетпесін!»

«Тұз айын» өткізіп алмайық! «Тұз өтіп кетпесін!»

Тұздың дәмдік және тұрмыстық қасиеттерінен басқа денсаулыққа пайдалы тұсы өте көп. Мәселен, тұзды көлдің, яғни сордың шипалы балшығына түсіп, ем алатын уақытты қазақ арасында «тұз айы» деп атайды. Осы «тұз айы» шілденің шіліңгірі мен тамыздың ыстық күндеріне дөп келеді.

Облыс аумағында тұзды көлдер мен шипалы сорлар баршылық. Әсіресе, Теректі ауданының аумағындағы Шалқар көлі ежелден емдік қасиетімен танымал. Желді күндері судың бетін ақ жал толқындар жауып, оның шуылы нағыз теңіз-ді еске түсіретіндіктен, жергілікті халық арасында «шағын теңіз» деген әдемі атауға ие. Осы Шалқар көлінен 20-25 шақырым қашықтықтағы Әлжансорға жерлестерімізден бөлек, көрші ресейліктер де дертіне дауа іздеп жыл сайын келеді.

Жалпы, медицина тілімен айтсақ, балшықпен емдеу пелоидотерапия деп аталады. Грек тілінен аударғанда plos – сор немесе балшық, ал therapeіa – емдеу деген ұғымды білдіреді. Ал тұзбен емделу әдісі балшықпен емдеуге қарағанда медицинадағы жаңа бағыт. Ол галотерапия деп аталады. Осы орайда құрамында тұз қышқылы, кальций гидрокарбонат, магний және адам өміріне қажетті көптеген минералды элементтер бар Шалқар суы нағыз дала дәрігері.

 

Тұзды  су  мен  сор қандай  ауру-сырқауға ем?

Орал қаласындағы №6 емхана-ның пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметінің меңгеруші-сі, терапевт дәрігер Меңсұлу Жұматова тұзды балшықтың адам бойындағы мың түрлі дертке дауа екенін айтады. Сор өзінің физикалық-химиялық қасиеттеріне орай ион және газ құрамы, таза коллоидтар, шірінді заттар, темір, антибиотиктер, фолликулит секілді гомон тәріздес заттар арқылы ағзаға әсер етеді. Тұзды балшықты пайдалану нәтижесінде қан айналымы жақсарып, регенерация және зат алмасу үрдісі жақсарады. Оған қоса тұзды балшық ауырғанды басатын, қабынғанды жазатын, ұйыс-қан қан мен сарысуды сорып алатын ерекше емдік қасиетке ие.

— Осы қасиетінің арқасында сор ағзаның иммунді-биологиялық қызметін арттырып, тіндердің қорек-тенуін жақсартады және сүйек мүйізгегінің әктенуіне әсер етеді. Ағзаны уыттардан, ұсақ шірінді-лерден, қалдықтардан және ауыр металдардан тазартады. Көптеген бактерияларды өлтіреді, иістер мен газды өзіне сіңіреді. Қанның қыш-қыл-сілтілік тепе-теңдігін, сонымен қатар қан құрамындағы қант, холестерин, билирубин және хлоридтерді қалпына келтіреді. Балшықтың антибактериялық қасиеті оның құрамында радийдің болуымен байланысты.

Шипалы балшық аяқ-қолдың қимылын жеңілдетеді. Буындар қозғалысының аумағын үлкейтуге себеп болатын қалпына келтіру үрдістерін жылдамдатады. Шеткі
жүйке жүйесінің қызметін жақсар-тып, оның әр қилы ауруларының алдын алады. Рефлекстер мен сезгіштікті қалпына келтіреді және трофикалық сырқаттан айықты-рады. Остеомиелитті, полимиелит қалдықтарын, әйелдердің жыныс мүшелерінің созылмалы аурулары мен бедеулікті, көкірек қуысындағы жабысу үрдістерін, тромбофлебит қалдығын, сондай-ақ көптеген тері ауруларын емдеу барысында қолданылады. Бір ас қасық балшықты бір стақан суға езіп ішсе, бүйректегі тұздар кетеді, — дейді Меңсұлу Дүйсенбайқызы.

 

Емдік  балшықтың түрлері

Пелоидотерапия негізінен аппликация – балшықты денеге жағу, жараға таңу немесе ауырған орын-ға жапсыру жолымен жүзеге асады. Гинекологиялық ауруларда бал-
шықты ректальды немесе вагиналды тампондар түрінде пайдаланады. Емнің ұзақтығы аурудың асқынуына қарай төрт айдан бір жылға дейін. Тұзды балшықтың, яғни сордың түрі оның түсі мен құрамына байланысты жіктеледі. Ғылыми медицинада ақ және көк түсті балшықтың емдік қасиеті мол.

Ақ балшықтың құрамында каолинит минералы болғандықтан, каолин деп атайды. Оған қоса кремнезем, цинк және магний көп кездеседі. Ақ балшық жоғары сіңіргіштік қасиетке ие, сондықтан ағзадағы қажетсіз қалдықтарды сорып шығарады және өзге бал-
шықтарға қарағанда антисептикалық әсері басым.

Сары балшықта натрий, күкірт, 3-валентті темір бар. Көбіне косметологияда қолданылады. Целлюлитке қарсы күресте өте тиімді құрал.

Қызыл балшықтың құрамында мыс, калий, темір, алюминий, кремний бар. Қан аздықтың алдын алады, сондай-ақ гипертония мен аллергиядан сауықтыра алады.

Жасыл балшық мыс, темір, мырыш, фосфор, кобальт, магний, кальций, алтын, күміске бай. Мыстың қартаюдың алдын алатын тамаша емдік қасиеті бар. Жасыл балшық ісікті алады, май бөлінуді төмендетеді, терідегі ұсақ тесіктерді тарылтады. Әсіресе, косметология саласында кеңінен қолданылады.

Көк балшықта кобальт, кадмий тұздары өте көп. Қан айналымын жақсартады. Түрлі буын ауруларына шипа және қабынуға қарсы тұрады. Бағзы замандарда көк бал-
шықты ерекше қасиеті үшін ал-тынға айырбастаған.

Қара-сұр, қоңыр балшықта көміртегі көп мөлшерде кездеседі, құрамында жеткілікті мөлшерде темір де бар. Тахикардия, дерматит, тері ауруларында таптырмас ем. Теректі ауданына қарасты Шалқар ауылдық округінің аумағындағы Әлжансорда осы қара-сұр және қоңыр балшық.

 

Кімге  пайда, кімге  зиян?

— Сорды денеге сылап, жағып болғаннан соң, сырқат адамды жұқа матамен, оның сыртынан клеенкамен орап, жүннен тоқылған қалың киіммен немесе көрпемен қымтап жабады. Балшық ем-шарасын күнара жасап, денені 38-42 градус ыстық температурада 10-20 минут ұстайды. Жуынатын судың температурасы 36-37 градустан аспауы тиіс. Ем алып болған соң 1,5 сағаттай демалу керек. Емдеу курсы – 10-12 процедура. Көп адамдар білместікпен өзен-көлдің суына шомылып жатады. Ке-рісінше, салқын суға түсуге болмайды. Қол-аяқ, бетті тек қана жылы сумен шайған дұрыс. Бұл шарттарды бұзсаңыз, ауруыңызға ауру жамап алуыңыз бек мүмкін, — дейді Меңсұлу Жұматова.

Медицина саласында 25 жыл еңбек өтілі бар тәжірибелі дәрігердің айтуынша, тұзбен немесе сормен емделу кезінде дұрыс тамақтану да аса маңызды. Ыстық қызыл шай мен қойдың жас сорпасын жиі ішкен абзал. Көкөніс, салқын сусын, ағарғанға рұқсат жоқ.

— Тұзды судың және сордың көмегімен емделуге тыйым салынатын ауру-сырқау да бар. Мәселен, қан айналымының жетімсіздігі 2-3-4-дәрежедегі науқастар, аритмияның кез келген түрімен, сте-нокардияның жиілеген түрімен, жүрек демікпесімен, жүрек, қолқа және ірі тамырлардың аневризмасымен, асқынған остеомиелитпен, бронхоэктазбен, бронхиалды астманың жиі демікпесімен, бауырдың асқынған ауруларымен ауыратын адамдарға тұзды ем алуға мүлдем болмайды. Сонымен қатар инфаркт, миокардит, эндокардит ауруларында 8-12 айдан кейін, ревматизмнің қатты ұстамасында 6-8 айдан кейін ғана тұзды суға шомылуға болады. Ал жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруларында қан айналымының жетімсіздігі І дәрежеден аспауы тиіс. Негізі тұзға бармастан бұрын әр адам дәрігерге қаралып, өз ден-саулығын тексертіп алғаны жөн, —
дейді Меңсұлу Дүйсенбайқызы.

 

«Тұз  айының» жөн-жоралғысы  бар

Шыңғырлау ауданының тұрғы-ны Самат Байболат «тұз айының» өзіндік жоралғысы мен әдебі бар екенін айтады. «Ертеректе тегіс-тей бір ауылдың жасы мен жасамысы, үлкен-кішісі тұз айының бір күнін белгілеп, белгіленген күні әр адам артынып-тартынып ас-суын, қазан-ошағын, көрпе-төсенішін, жалпы айтқанда, сол күнге пайдаға жарайтын керек-жарағын қамдап, бүкіл ауыл бір трактордың тіркемесіне тиеліп, тұзды көл-
ге тартып отыратын. Тұзға түс-пестен бұрын үлкендердің айтуы-мен жасалатын ерекше рәсім бар. Әуелі аруақтарға бағышталып Құран оқылып, ақтық байланады. Содан ерлер жағы сордың жағасына шатыр тігіп, мал сояды. Әйелдер қазан-ошағын қамдап, ас қамына кіріседі. Ал кішкентай балалардың ермегі көл басындағы ақ шүберек-ке түйіліп байланған тиын-тебендерді жинау, одан қалды болып жатқан қарбалас тірлікті бақылау.

«Тұз айы» әдетте қырық күн шілдемен тұспа-тұс келіп, аспан айналып жерге түсердей ыстық болады. Сордың бетіндегі тұз тастары күнге шағылысып, бейне бір гауһар тастардай жылтырап, көз қарықтырады, ал қызуы табан күй-діреді. Үлкендер сордың ортасы-на он шақты қадам жүріп, біреулер кішкене тік күрегімен, кейбіреулер қолмен шипалы қара балшықты қазып, белуардан балшыққа кіріп отырады. Содан жұп-жұмсақ қара балшықты  үстеріне түгелдей жағып, бірде бір-бірімен емен-жарқын әңгіме айтып, бірде маужырап ұйықтап та алады.

Үлкендердің істегенін қайталап, Африканың бұйрабас балаларындай көзіміз жылтырап бір топ қара бала болып біз де отыратынбыз жандарында. Мықтап бір ескерер жайт, «балшық тера-пиясының» уақыты шектеулі. Уақыттың болғанын «Қарақтарым, тұз өтіп кетпесін! Тұрайық!» деген үлкендердің даусынан-ақ аңғарасың. Сөйтіп, олар біздерді өздері-мен бірге жетектеп, шатыр басына ала кетеді. Беті-қолдарымызды та-
за сумен жуғызып, үстімізді қым-тап, дастарқан басында отырған үлкендермен бірге ас беріп, ауқат-тандыратын. Ересектер сары самаурын мен шоқаяқтарын сайлап, терлеп-тепшіп отырып шай ішеді.

Осылайша көп дегенде үш рет қайта-қайта сорға түсіп, болғасын үстерінің балшығын тұзды сумен шайып, жабдықтарын жинап, кеш бата келген көлігімізбен теңселіп отырып ауылымызға жететінбіз шаршап-шалдығып. Одан сол күйі жуынбай үш күн жүретін тағы бар ақ сортаңы шығып. Неге олай екенін өзіміз де білмейміз. Жылда «тұз айының» науқаны осылай қайталанып тұратын әйтеуір. Ал сордың тері, буын аурулары, сүйек сырқырауы сықылды біраз дертке шипа екенін, бүгінде шипажайларда балшықпен емдеудің түрлі әдіс-тәсілі бар екендігін  біздер есейе келе білдік» деген жерлесіміз биыл
да жылдағы әдеттен танбай отбасымен сорға түсуге жиналып отырғанын тілге тиек етті.

 

Керек  кеңес

Емдік балшықты дайындаудың өзіндік ережелері бар. Ертеде халық емшілері өзен-көлдердің қасынан балшық алатын болған. Балшықтың дайындығын былай тексеруге болады. Оның азғантай мөлшерін сумен араластырып, одан шығыршық илейді де, балшықты терезенің алдына кебуге қалдырады. Кепкеннен кейін ол жарылмауы керек. Егер жарықтар болса, ондай балшықты ем үшін қолданбаған дұрыс.

Балшық неғұрлым тереңнен алынса, соғұрлым тазарақ болады. Себебі беткі қабаттар өзіне түрлі атмосфералық, соның ішінде қышқыл шөгінділерді сіңіріп алады. Сапалы балшық тек жұқа және тығыз болады.

Дайын балшықты ағаш немесе шыны ыдыста ылғалданбайтын жерде сақтау керек. Балшықты ме-талл ыдысқа салуға мүлдем болмайды. Мұндай ыдыста балшық уытты элементтерге айналады және тез кеуіп, өзінің емдік қасие-тін жоғалтады. Балшық салынған ыдысты газдалған, лас жерлерден аулақ, көлеңке жерде аузын ашық ұстаған жөн. Суық түсер алдында балшықты бірнеше сағатқа күнге қойып қояды, бұны балшықты пайдаланар алдында да істеу керек.

 

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал   өңірі»