25.07.2019, 21:04
Қараулар: 400
Ұршық ұмыт қалмасын

Ұршық ұмыт қалмасын

Бала күнімізде ауылда шуақта отырып, әңгіме-дүкен құ­ратын әже­лерді жиі көзіміз шалушы еді. Өт­кен-кеткенді қозғап, әріден сөз бастайтын көнекөз қарияларымыз­дың қолдары қатар қимылдап, қа­һарлы қыстың ызғарын­да киетін тоқыма киімдерін қамдап отыратын.

Әжелер бас қосқн сондай шақ­тарда ұршық иіре оты­рып, ке­сектей-кесектей аппақ тоқыма жіптерді әп-сәт­те-ақ төгіп-төгіп тас­тай­тын. Әйелдің шеберлігі мен ұқып­тылығын дәлелдейтін осы ұлттық мұраның бүгінде қа­дірі қандай? Ұлттық мұра бүгінгі ұрпақ есінде қанша­лық­ты сақталған? Жалпы, ұршықты насихаттаудың қан­дай ма­ңызы бар? Осы орайда ауылдың қадірлі тұрғыны, бүгін­де немере сүйген асыл әже, «Ақ тілеу» әже­лер ансамблі­нің мүшесі Бақыт Мұ­ратова апамызды сөзге тартқан едік.

– Мен 1947 жылы дүниеге кел­генмін.  Соғыстан кейінгі ауыр жыл­дар ата-анамызға оңай болмағаны рас. Жалпы, халқымыздың жоқтан бар жасайтын қасиеті бар ғой. Бар
асты талғажау етіп, қолдағы дү­ние­нің қызы­ғын көру­ге жазсын деп тілейді. Сондай кездерде қолөнер­дің халыққа үлкен көмегі болға­ны аян. Ұршық ұрпаққа не үшін ке­рек? Ол тек қолөнер емес. Қазақ халқы ұршық иіру арқы-лы қыздарын тәрбиелеген. Бір жерде отырып іс тігу немесе тоқы­ма тоқу үлкен шыдамдылықты, ұқыптылықты қа­жет етеді. Қыздар­дың шеберлігін шыңдайды. Олар­дың бия­зы мінезін  қалыптастыруға да үлесі зор, – дейді Бақыт апа.

Кейіпкеріміздің айтуынша, дү­кен­дерден сатып алған то­қыма киімдердің жылуы шамалы. Ұр­шық­пен иірілген жіптің жөні бөлек. Себебі, ол таза жүннен жасалады. Сон­дықтан да жылуы мол болып келеді. Шынында да, кезінде аналарымыз бас киімнен бастап, ая­ғымыздағы шұлыққа дейін тоқып беретін. Әсіресе, түбіттен тоқыл­ған дүниелер көп мақталатын. Ешкі жүнін тарап алып, түбіт жинай­тыны­мыз есімізде. Бақыт апай мұ­ны «Қақаған аязды күндері қолы­ңа түбіттен тоқылған қолғап кисең, терлеп кететін. Сондықтан болар, аналарымыз бұрын түбіт шәліні жамы­лып алып та шаруаларын жасап жүре беретін», – деп есіне алады.

Қазір іс тігу мен тоқыма тоқуды білмеу былай тұр­сын, біреулер ұр­шықтың не еке­нін ұмытқандай. Ауылдық жерде тұрып тоқу­мен айналыспайтын, жүн жуып, көрпе жаса­-
май­тын жандар бар. Біреулері ол жұмысты ұнат­паймыз де­се, енді бірі жүннің иісінен жиіркенетін көрінеді. «Осындай жандарды көргенде қарным ашады. Дегенмен мұның бә­рі – сылтау. Шаруаға епті адам қолөнер­ге де уақыт таба­ды. Қазір жастар «Жұмыстан келдік, шаршадық» деп жата  кетеді. Ал, керісінше, кешкі уақытта үй-ішімен әңгіме айта отырып, іс тіксе, көңілі серпіліп, демалып қалар еді. Осын­дай қол­өнер арқылы шаруасын дөңгелетіп, ісін жүргізіп отырған­­дар да бар. Оларды ұлттық өнердің қадіріне жет­кен жандар деп есептеймін», – деп ағынан жарылды апамыз.

Тарих беттеріндегі деректерге сенсек, ұршықты шаруа­шылықта пайдалану неолит заманынан бас­тау алады екен. Тіпті, қола дәуі­рін­дегі ескерткіштерден басы арнайы қыш­тан құйылған ұршық қалдық­та­ры да көптеп табылған. Тарихшы мамандардың айтуынша, ежелгі Шы­ғыс елдерін­де де қол ұршығы пайдаланылған көрінеді. Демек, бұл біз көріп жүрген дүниенің тарихы тереңде жатқанын аң­ғар­тады. Ал бүгінде тоқыма өндірісі жедел дамып, түрлі техникалар іске қо­сылғанмен, кейбір ауылдарда ұр­шық тек шаң басып жатып қалмай, мүлде жойылып бара жатқаны жанға батады.

Бұл туралы сіз не дейсіз, құр­мет­ті  оқырман?

Әсемгүл   БЕКЕШЕВА,
Тасқала   ауданы