23.07.2019, 11:04
Қараулар: 357
Медиация — татулықты дәріптейді

Медиация — татулықты дәріптейді

Құқықтық мемлекетте, мемлекеттік сотпен қатар, қоғамдық  соттарда болуға тиісті. Даулардың тек мемлекеттік соттарда қаралуы, барлық жағдайларда адамдарға қолайлы және олардың мүдделеріне сәйкес бола бермейді.

Сондықтан да қазіргі уақытта татуластыру рәсімдеріне үлкен мән берілуде. Оның  қоғамдық келісімді нығайтудағы  және   қоғамның сотқа деген сенімін арттырудағы үлесі зор.

Осы бір күрделі мәселеге мән берген Елбасы Қазақстан Республикасы Судьяларының V съезінде  сәйкес дауларды соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған болатын. Бұл дауды шешудің қазіргі әлемдік үлгісі.

Медиацияның мақсаты кім дұрыс, кім кінәлі екенін анықтау емес, екі жақты татуластыру, бір мәмілеге келтіру. Медиация дауға қатысушылардың уақытын және қаражатын үнемдеуге көмектеседі. Себебі сотта іс қарау ұзақ және нысандандырылған рәсім. Ал, медиация тез және нысандандырылмаған рәсім және төленген мемлекеттік баж қайтарылады және сотта іс жүргізуге байланысты орын алатын сот шығындары болмайды. Істерді сотта  талқылау ашық жүргізіледі, медиация процесі-жасырын процес болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының 3- бабында бұл тәсіл, яғни дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және  тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету  медиацияның басты мақсаты екендігі көрсетілген, яғни  ол татулықты дәріптейді.

            Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асановтың  «Татуласу –дауды шешудің ең тиімді әдісі» үндеуі  бұл қазіргі уақытта дау –жанжалды татуластыру арқылы реттеудің өте маңызды болып отырғанының айғағы.

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық сотында  2019 жылдың бірінші жартыжылдығында медиация рәсімін қолданумен аяқталған азаматтық, әкімішілік және қылмыстық істер санымен өткен жылғы, яғни 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында медиацияны қолданумен аяқталған осындай істермен  салыстармалы түрде қарасақ, аудандық сотта дауларды татуластыру рәсімдері арқылы шешімін тапқан істердің артқанын көреміз.

Мысалы,  2018 жылдың  бірінші жартыжылдығында аудандық сотта қаралған азаматтық істердің 4 медиация рәсімін қолданумен аяқталған болса, 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында 11 іс татуластыру рәсімін қолданумен аяқталған.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығы мен 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында медиация тәртібімен тоқтатылған істер саны тең болса, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында медиация арқылы  12 әкімшілік іс ал,

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 20 әкімшілік іс бойынша іс жүргізу тараптардың медиация арқылы татуласуына байланысты тоқтатылған.

Жыл өткен сайын медиация қоғамда өз орнын бекіте түсуде. Қазіргі таңда бітімгершілік- дауды шешудің озық әдісі болып саналады. Мұны  Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі қылмыстық жауаптылықтан сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінен әкімшілік жауаптылықтан медиация тәртібімен татуласуға байланысты босату, азаматтық істер бойынша  татуласу аясының кеңеюінен көруге болады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының да көздеп отырғаны ел ішіндегі дауды азайту, барлық дауды сотта ғана  шешуге болады деген таптаурын көзқарасты өзгерту болып отыр. Ел ішіндегі татулық — тыныштық пен берекеттің тірегі.

Жәнібек аудандық сотының судьясы  Н.Б. Жұмәлі