23.07.2019, 10:27
Қараулар: 475
«Бұл жақтың адамдары жайдары екен»

«Бұл жақтың адамдары жайдары екен»

Былтырғы жыл «Орал өңірі» газетінің тілшісі, әріптесіміз әрі ұжымымыздың «кенжесі» Айымгүл Төлеуғалиева үшін өміріне түбегейлі өзгеріс сыйлаған айрықша жыл болды. Ол «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында шетелде білім алу бұйырған бақытты жандардың қатарынан табылды. Осылайша Айымгүл ағылшын тілін жетілдіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына аттанып, елордадағы «British concil» тіл үйрету орталығында үш ай оқыды. Ол қазіргі таңда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Оңтүстік Калифорния университетінде білімін жетілдіру бағытындағы алты айлық курсты бастап кетті.

«Америкадағы қызықты күндердің басталғанына екі айдан астам уақыт өтті. Бүгінгі күні Тынық мұхиты жағалауындағы табиғаты мамыражай Сан Диего қаласында тұрып жатырмыз. Ауа райы қандай жанға жайлы болса, адамдары да жайдары, жанашыр екен бұл жақтың. Көшеде кездескен жан-ның бәрі бір-біріне сәттілік тілеп, әдемі киіміңе, шаш үлгіңе, түр-келбетіңе мақтау айтуды әдетке айналдырған. Үй мен университет аралығындағы жол бойында қанша жанды жолықтырсаң, сонша түрлі жылы сөз естіп, күні бойы жаның жадырап жүреді. Қарапайым қоғамдық көлікке отыру кезіндегі тәртіпке қатты таң қалдым. Аялдамада адам саны көбейіп кеткен кезде топырламай, бірінің артына бірі қаз-қатар кезекке тұрып, аутобусқа кезекпен, бір-бірін кимелемей мінеді. Қоғамдық көліктің жүргізушісі әр жолаушыны жымиып қарсы алып, амандасып, сәтті сапар тілеуді ұмытпайды. Қызмет көрсету, тамақтану орындарындағы сервис деңгейі өте жо-ғары, бұл жерге келген қонақты қызметкерлер ашық-жарқын қабақпен жымиып қарсы алады. Кешкісін жұмыстан, күйбең тірліктен шаршап-шалдығып, қабағынан қар жауып келе жатқан адамды көрмейсің бұл қалада, керісінше, кешқұрым жандары жайланып, аяқтарын асықпай басып, әр сәттен ләззат алғандай, барлығы бірдей серуендеп жүреді. Бұл жақтан мен байқаған тағы бір ерекшелік – әр үш отбасының екеуі міндетті түрде ит асырайды екен. Әлгіні балаша мәпелеп, ерекше көңіл бөледі. Иттерге арналған арнайы саябақ бар екендігін білгенде қатты таңдандым. Отбасылық жұптардың бала тәрбиесімен айналысудан гөрі ит асырағанды жөн көретіндігі қазақы тәрбие көріп, «Балалы үй – базар» деген ұстаныммен өскен мен үшін біртүрлі көрінді», – дейді Айымгүл.

Елден шалғайда жүрген әріптесіміздің айтар естелігі, көңілге түйгені көп. Алыста жүріп елдегі жағдайға алаңдап, әр жаңалықты қадағалап, ел жаққа құлақ түріп жүруді әдетке айналдырған. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған достары бір-бірін тереңірек тану мақсатында әрқайсысы өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап әке-ліп, ұлттық салт-дәстүрлері туралы әңгімелейді екен.

«Тобымызда әлемнің түкпір-түк-пірінен жиналған сан түрлі ұлттың өкілдері бар. Солардың арасында қандастарымыздың ағылшын тілін білуге деген құштарлығын, тіл меңгеру барысындағы қағылездігін және кез келген жаңа материалды тез қабылдап, тез игеріп алатындығын байқадым. Бұл туралы ұстаздар да үнемі айтып, қазақстандық жастардың қабілеттілігі мен білімділігін мақтап отырады. Оңтүстік Калифорния университетіндегі ұстаздардың сабақ беру тәсілі, студенттерге деген қарым-қатынасы ерекше. Олар бізбен тең дәрежеде сөйлесіп, кез келген сұрағыңды назардан тыс қалдырмайды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы емін-еркін және жайдары қарым-қатынас білімді игеруге оң ықпал ететіндігін ұқтым», – деп ой бөлісті әріптесіміз.

Алыста жүріп, «Орал өңірі» газетінің редакциясындағы әріптестеріне сағынышты сәлемін жолдаған Айымгүлге біз де өз кезегімізде «Алла жолыңды оңғарып, әрдайым сәттілік серігің болсын!» деп тілек білдіреміз.

Аяужан  КЕРЕЕВА,
«Орал  өңірі»