23.07.2019, 10:11
Қараулар: 449
18 келіннің бетін ашқан орамал

18 келіннің бетін ашқан орамал

Есеновтер  әулетінде 43 жылдан бері сақталып келе жатқан орамал бар.
Осы әулеттің тұңғыш келіні Мәдина Есенова апамыздың айтуынша, орамал әулеттің құнды да қастерлі дүниесі көрінеді.

 

– Мен 1976 жылы 20 жасымда Есеновтер әулетіне келін болып түстім. Ол кезде мен де, жолдасым да Қотантал совхозында тұрамыз. «Тұңғыш келінімнің беташарына»
деп енем дүкеннен су жаңа шашақты ақ жібек орамал алып, келін түсіруге үлкен жауапкершілікпен дайындалған екен. Той күні енем жиналған ел-жұрттың алдында сол
ақ жібек орамалмен бетімді ашып, тума-туыстың батасын алдым. Жол-
дасым Ибрагим екеуміз қуаныш пен қайғыны, бар мен жоқты қатар бөлісіп, өмірдің өткелдерінен аман өтіп келеміз. Қазіргі тұрағымыз Ақтөбе қаласы болса да, шұрайлы Шыңғырлау ауданына қарасты Қотантал ауылында өткен өмірім өзіме сондай ыстық.

Игі істің бәрін жақсылыққа жоритын халықпыз ғой. Келін болып түскен кезімнен бергі 43 жыл ішінде менен кейін түскен әулеттің келіндерінің бетін сол жібек орамалмен ашатын болдық. Ол үлкен әулеттің қастерлі дүниесіне айналды. «Орамал тон болмайды, жол болады» демеуші ме еді дана қазақ. Өзімнен кейін күні бүгінге дейін киелі шаңырағымызға түскен 18 келіннің бетін сол бір шашақты жібек орамалмен ашып, жаңа түскен жас келіндерге жол көрсетіп келемін. Той үстінде келіндерімнің маңдайынан сүйіп тұрып, «Мен секілді абыройлы келін болып, ақ жаулықты ана, ардақты әжеге айна-лыңдар!» деймін. Құдайға шүкір, бүгінде бәрі де үбірлі-шүбірлі болып, әулетіміздің қадірлі келіндеріне айналды, – деп апамыз әдемі естеліктерімен бөлісіп, әсерлі әңгіме өрбітті.

«Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» дейтін қазақ жақсыны да, жаманды да келінмен байланыстырады емес пе? Бір әулеттің абысынды-келіндері бір-біріне демеу болып, әулеттің ынтымағын нығайтып, отбасылық дәстүрді сақтап, ұрпақ сабақтастығын  жалғастырғаны  көпке үлгі.

 Самат  БАЙБОЛАТ,
Шыңғырлау  ауданы