23.07.2019, 10:05
Қараулар: 197
Үздік студенттер «ҚазТрансОйлға» барады

Үздік студенттер «ҚазТрансОйлға» барады

Орал қаласындағы мемлекеттік оқу орындарында техникалық бағытта білім алып жатқан отызға тарта студент «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай өңдеу басқармасына қарасты «Орал» желілік өндірістік диспетчерлік бекетінде (ЖӨДБ) еңбекақысы төленетін өндірістік тәжірибеден өтуде.

Бұл осыдан екі-үш ай бұрын ЖОО, колледж басшылары мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жетекшілері арасында жасалған келісімге сәйкес жүзеге асып жатыр. Осы құжат бойынша аталмыш компания бес жыл бойы студенттерді өздерінің базасында өндірістік тәжірибеден өткізбекші. Биылдың өзінде республика көлемінен 433 жас қамтылмақшы. Оның 117-сі Батыс Қазақстан аймағындағы оқу орындарының студенттері болмақ.

Ал «ҚазТрансОйлдан» тәжірибеден өтуге екінің бірі ілікпек емес. Оқу орны жасақтайтын тізімге ену үшін жастар оқуда үздік, қоғамдық өмірде белсенді болулары керек. Өндірістік тәжірибе кезінде, яғни бір айы бойы аталмыш компания студенттерді апару-әкелу, арнайы киіммен және тамақпен қамту шығындарын өз мойындарына алады.

«ҚазТрансОйлға» қарасты «Орал» ЖӨДБ-де қазір 13 студент өз мамандықтары бойынша тәжірибеден өтуде. 1 тамызда 13 адамнан тұратын екінші топ келеді.  Олардың  арасында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің және БҚО жоғары аграрлық-техникалық колледжінің студенттері бар. Еңбегі үшін ЖОО студенттері 110-120 мың теңге, ал колледж студенттері 70-80 мың теңге көлемінде жала-қыларын алады.

«Үлкен Шаған» мұнай айдау бекетінің басшысы Шәміл Әмірхановтың айтуынша, осында келген әрбір студентке бір тәлімгер бекітілген. Олар жұмыстың ерекшелігін, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, машықтанушылардың істерін қадағалап жүреді. Егер өндірістік тәжірибе кезінде студенттер өздерін жақсы қырынан көрсетсе, ертең, яғни диплом алғаннан соң осында тұрақты жұмысқа орналасуларына мүмкіндік мол.

Мәди   ЫҚЫЛАС