23.07.2019, 10:03
Қараулар: 553
Үш жігіттің тапқырлығы

Үш жігіттің тапқырлығы

Ертеде бір бай болыпты. Қарақұрым жылқысы сайға құлағанда, тұяқ дүбірінен тұтас елдің құлағы тұнады екен. Қойы мен қозысы жамырағанда, көптігінен жалпақ жұрттың көзі сүрінетін көрінеді. Осылай ырысы шалқып, бақуатты тірлік кешкен бай да қартаяр шағына таянды. Бір күні ер жеткен үш ұлын шақырып  алады.

– Жас кезімде жетімдіктің тақсыретін көп тарттым. Еншіме бөлінген екі-үш тұяқты өсіріп, еңбек еттім. Алланың қалауымен байлық бітті, көптен оздым. Бірақ, бұған мастанбадым, қамсыз жатып жастанбадым. Сендерге қандай тәрбие берерімді ойлап, түн ұйқымды төрт бөлген кезім болды. Міне, маған лайық мұрагерден озығы қайсы екен деп сынайтын күн келді. Үш жыл мерзімге алыс сапарға жіберемін. Көктемде орала-сыздар. Астарыңызға ат, ауқатқа ас бермеймін. Жол қаражатын да өздерің табыңдар. Туған жерден болашақ кәсіптеріңді аңғартар бір-ақ белгі ап кетіңдер. Қайтарда көрген-түйгендеріңізді де белгі қасына бір-ақ нәрсе қосып, тұспалын шешесіздер, – деді ақсақал. Ұлдары аса таң қалмады да дауласпады. Олар әке мінезін жақсы танитын.  Белдерін шарт түйді де, үш бағытқа жүріп кетті. Тұңғышы өзі жақсы көретін сәйгүліктің жалынан бір уыс қылды түйіп әкетті. Ортаншысы ескі кетпенді қолына ұстады. Ал, кенжесі бар болғаны ауыл сыртынан бір түп жусанды орап, салып алды. Мұны қалт жібермеген қария ұлдарына іштей батасын  берді  де,  елде  қала  берді.

Күндердің артынан күн, жылдардың артынан жыл жылыстап өтіп жатты. Тастүйін бекініп, тік жүретін еңсе еңкіш тартты. Күнші-лік жерге жететін көз қырағылығы кеміді. Алтын асықтай баптап, жетілдірген перзенттерінен хабар болмады. Ел-жұрт боп алаңдаса да, ешкімге сездірмеді. Бәйбіше ғана күнгей бетке көз жүгіртіп, «уһілеп» алады.

Сөйтіп, межелі мезгіл де жетті. Көктемді орталай бастары қосылған ағайындылар туған шаңыраққа жар-қырай амандасып кірді. Шапанын желбегей жамылған ақсақал ғана нығыз қалпын бұзған жоқ. Киіз үйдің ішінде дуылдасып отырған  жұрт сілтідей тынды.

Үлкен ұл әкесінің алдына аттың өрілген қылы мен қымыз толы торсықты қойды, кейінгі інісі кетпен мен дәннің масағын тастады, кіші ұл жусан мен жаңа ғана өсіп шыққан бәйшешекті ұсынды.

– Қарақтарым, мұнда қандай мән бар? – деді ұзын сақалы мен екі қасын қырау шалған қария.

– Әке, сіздің ізіңізді қуып, жалданып жылқы бақтым, – деді ағайындылардың алды, сұсты жүзді нар жігіт. – Иесі риза болып, жыл өтпей жатып, бір үйір берді. Қос тігіп, кең далада ыстық пен суықтан теперіш көрдім. Сөйтіп жүріп, жылқы мінездес, құс ұйқылы болдым. Қылқұйрықтың басы жүзге жетті. Соншалық уақытта түйсінгенім, қасиетті жануар иесімен киелі боларын сезеді екен, әмірімді қалтқысыз түсініп, үнсіз ұғынысты. Үйір басы – қара айғыр бөрі мен ұрыға алдырмады, дұшпанға шал-дырмады. Бие сүті – дәру, нәр. Асауға мініп, түн қорып, құрық ұстаған, қымыз ішіп қуат алған, желмен жарыса шапқанның рухы биік, жігері мығым болады екен. Халықты сақтау үшін аузына дат емес, астына ат салу керек екен. Сәйгүлікпен семсер ұстаса, жа-
ныңды жауға шалдырмас, басыңды дауға қалдырмас. Жылқымен дос болғанның көңілі хош. Арғы-мақ – ағайынның барағы. Міне, менің түйгенім, – деп жігіт шарт жүгі-ніп, отыра кетті.

– Диқаншылықпен айналыстым, – деді қоңырқай өңді, тарамыс денелі бауыры. – Бірінші жылым сәтсіз болды. Шыдадым. Келер жылы дәнді сұрыптап, қайтадан  ектім. Маңдай терім сорғалап, жер жыртып, жүлгеге су бұрып еңбек еттім. Жаз бойы қорып, күзде өнім алдым. Тәжірибе жинадым. Екі қарым талып, белім бүгілсе де, тайынбадым. Қара жерді емдім. Түсінгенім, тәтті жеміс ащы терден ғана шығады. Топырақ тәкаппарлықты сүймейді. Момын еңбекті, бірақ, қайтпас жігер, табандылықты талап етеді. Бос сөзді жарат-пайды. Нақты іспен ширатады, қай-ратты қылады. Таза ауа, күн нұры, диқанның ыстық демі, мөлдір су, жердің дана рухы сіңген бидайды қорек қылсаң, бал татиды. Ас атасы – нан.  Өмірдің кілті – өсіп-өнген дән. Осындай ой қорыттым.

Ал, шаңырақтың кенжесі біраз үнсіз тұрып сөз бастады:

– Мен шалғайда желдің, судың, құстың тілін білетін аса білімді ұстаз барын естіп, соған қызмет ет-тім. Етігін сүртіп, аяғын жуып, дәрет суын дайындадым. Бір жыл-
дан кейін дәрісін тыңдауға рұқсат етті. Әдеп сақтап, соған қатыстым. Шәкірттерінің қатарында ілімінен сусындадым. Үшінші жылы мені шаһарға жұмсап, бай кітапханадан кітап алып оқуымды тапсырды. Оның алдында: «Мақсат емес, мақсатқа жетер жол маңызды. Негізгі мәнге қара, бір-ақ ауыз сөзбен бәрін шеш. Көкейіңе қандай ой түйгеніңді маған айт» деді. Ұстаз тап-сырғасын, тапжылмастан сонда білім алдым. Түрлі ғұламалардың еңбектерін оқыдым. Келгеннен соң, берген жауабым көңілінен шықпады. Бірақ, батасын беріп аттандырып салды. Ауылға жақындағанда көзіме бәйшешек түсті. Лезде қуандым да, бетіме соққан самал желге: «Бәйшешек – ғұмыр, жусан – жұпар» деп сыбырлап, ұстазға сәлем айтуын өтіндім.

Бәрін баян етіп тұрған ұзын бойлы, жүзі жылы жігіт әңгімесін кілт үзіп, оқыстан күлдіреуішке қарап жымиды. Тыңдаған жұрт жапырыла көз тігіп, қонақтап отыр-
ған ақ көгершінді байқады.

– Ұстаз жауап қайтарыпты, айтқаныма риза болыпты, – деді ол. Көпшілік  аң-таң.  Бауырлары да қайран қалған кейіпте.

– Ау, сонымен, түйін қандай?

– Ұстазыңа ұқтырған қандай сыр?

– Ақсақал, түсінікті қып айт-сыншы!

Әр жерде жамыраған дауыс естіліп жатты. Қария үнсіз отырып, қолын көтерді.

– Е, е, е, ағайын-ау! Кенжемнің орнына мен-ақ жауап қайтарайын. «Бәйшешек – ғұмырдың» мәні:  адам өмірі қамшының сабындай қысқа, соның ішінде жастық шақ жалындап тез өтеді. «Жусан – жұпардың» шешуі: ұлымның ата-жұртын сағынғаны, кіндігі осында байланғаны, қысқа ғұмырда елге еңбек етсем деген ниеті. Қиындық жусандай ашқылтым болса да, оны еңсергенге, Отанға қызмет еткенге жұпар боп қайырылып келеді дегені. Ұстазына: «Басты көздегенім, мұра, байлық емес, көргенімді көп кәдесіне жарату» деп түсінгенін жеткізді. Шәкіртіне риза болған әулие ақ кептер жіберіпті. Яғни, «ниетің таза, көңілің шайдай ашық болсынды» айтып отыр.

Жиналған жұрт тіпті таң қалды. Ағалары бауырын құшақтап, мәз болысты.

– Ризамын ұрпағыма! – деді ақсақал қуаттанып. – Пұл өсірмеппін, ұл өсіріппін. Төрт түлікті үшеуіне теңдей бөлдім. Бірақ, менің орным-ды басып, үкім айтар, көпке жол сілтер кіші ұлым болады. Жігерлері шынықты, енді бастары біріксін. Әділдікті ту етсін, білім, қайратпен гүл ексін.

Кесімді пікірге бәрі риза болысты.

Расында, кейін ағайындылар жарасыммен ұрпақ өрбітіп, әулетінің өзі бір қауым ел шығарыпты. Имандылыққа селкеу түсірмей, тәрбие мен білімді қатар ұстап, ішке алауыздық жібермепті, сырт көз дұшпанды досқа айналдырыпты. Татулыққа бекіп, барша мұрат-мақ-сатына  жетіп  отырған  деседі.

 Нұртай  ТЕКЕБАЙ,

«Орал  өңірі»