23.07.2019, 10:00
Қараулар: 197
Шаршы тақтадағы шайқаста

Шаршы тақтадағы шайқаста

Орал шаһарында  генерал-майор Анатолий Дружининді еске түсіруге арналған шахматшылардың дәстүрлі халықаралық турнирі мәреге жетті.

 

Үш күнге созылған шаршы тақтадағы шайқасқа Ресей мен Өзбекстанның өкілдері де арнайы келіп, қатысты. Олардың қатарында Алексей Барсов, Мұртас Қажығалиев секілді гроссмейстерлер және онға жуық халықаралық дәрежедегі спорт шебері де болды.

Швейцарлық жүйемен өткен турнирдің алғашқы күні аталмыш спорттың блиц түрі бойынша өр-біді. 48 шахматшы бақ сынаған бұл сайыста жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Өтеғалиевтің мерейі үстем болып, жеңімпаз атанды. Тағы бір танымал жерлесіміз Роман Козлов жеңімпаздан жарты ұпай кем жинап, екінші орынға жайғасса, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ақтөбелік Кирилл Кудеринов үздік үштікті түйіндеді.

Сайыстың рапид түріне қатысқан 51 үміткердің 14-і әуесқой шахматшы болғанымен, ойын тартысқа толы болды.

Тоғыз турға созылған сайыста 7,5 ұпай жинаған жерлесіміз Роман Козлов жеңістің биік тұғырынан көрінсе, тағы бір жерлесіміз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлихан Ерғалиев екінші орын алды.

Ал ақтөбелік Кирилл Кудеринов бұл жолы да қоланы еншілеп, өз мықтылығын дәлелдегендей.

Өзбекстандық гроссмейстер Алексей Барсов турнирдегі ойынның екі түрінен де төртінші орынға табан тіресе, жерлесіміз Мұртас Қажығалиевтің тиісінше 9-10 орындарды місе тұтуына тура келді. Ресейдің Санкт-Петербор қаласынан келген он бір жастағы Иван Савельев өзіндік ойын өрнегімен ерекшеленді.

Айта кетерлігі, дүбірлі додада бақтарын сынаған оралдық жас ойшылдар да тым тәуір нәтижелерімен қуантты. Мәселен, Орал қаласындағы №16 мектептің оқушысы, 14 жасар Лаура Әбділдаева осы турнирде үздік ондықтан кө-рінді. Жас шахматшы жасөспірім-дер арасында 2015 жылы өткен ҚР біріншілігінің жеңімпазы. «Гроссмейстер Басов пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Кудериновпен жекпе-жекке шығамын деп ойламаған едім. Екеуінен ұтылсам да, тәжірибе алдым» – дейді Лаура. Ал №38 мектептің оқушысы Данияр Шанкиевтің тоғыз ойында 5,5 ұпай жинап, көпшілікті таңғалдырғанын сөзбен айту жеткіліксіз. Сондай-ақ қыздар арасында шеберлігімен көзге түскен А. Тайма-
нов атындағы №34 мектеп-гимназиясының оқушысы Айкөркем Мұхамбетжанованың келешегінен зор үміт күтуге болады.

Сонымен, жетінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық дода гроссмейстерлердің негізгі жүлдеден тыс қалуымен ғана емес, Ақ Жайық өңірінде мықты шахмат-
шылардың өсіп келе жатырғандығымен де есте қалмақ.

Аталмыш турнир – шахматтан біздің облыстағы ең ірі сайыс. «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы демеуші болған осы жарыстың жеңімпаз-жүлдегерлерімен қатар
жақсы нәтиже көрсеткен ойыншыларға қомақты қаржылай сыйлықтардың табысталуы да көңіл көншітті.

Сәндібек  ЖОМАРТҰЛЫ,
Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар