18.07.2019, 21:25
Қараулар: 370
Ескендірдің ескірмейтін әндері

Ескендірдің ескірмейтін әндері

Шілденің 16-17-сі күндері Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ҚР халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің әндерін орындаушылардың


ХI халықаралық «Атамекен» фестивалі өтті. Фестивальдің ашылуында сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев байқауға еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Тараз, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Қызылорда қалаларынан және Өзбекстанның Нүкіс шаһарынан келген жас әншілер қатысуда екендігін айтты.

– Өнер сүйер қауым, ХI халықаралық «Атамекен» ән фести-валіне қош келдіңіздер! Бұл шараға дүлдүл әнші Ескендір Хасанғалиев, оның аяулы жары Дарико
Сопыжанқызы, әке даңқын асқақтатып жүрген ұлы Біржан Хасанғалиев арнайы келіп отыр.
Ақ Жайық төрінде жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан фестиваль көптеген жас талантқа жол ашып, өнер әлемінде өз орнын тауып, биік шыңға шығуына септігін тигізуде. Биылғы байқаудың ерекшелігі үміткерлер эстрада және романс жанрларын-да ән салады. Олардың арасынан дарынымен жарқырай көзге түсетін жаңа есімдер анықталатынына сенеміз. Келесі жылы Ес-кендір ағамыз 80 жасын тойлайды, сонымен қатар авторлық «Атамекен» әнінің жарыққа шыққанына 50 жыл толмақ. Даңқты тұлғаның мерейлі жылын ауқымды шаралармен атап өтеміз, – деді Қадырболат Мұсағалиев.

ХI халықаралық «Атамекен» фестиваліне 29 әнші қатысты. Байқауда ҚР халық артисі, әндер авторы Ескендір Хасанғалиев, ҚР еңбек сіңірген артисі Қанатқали Қожақов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Біржан Хасанғалиев, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Дәурен Сейітжанов, ІV халықаралық «Атамекен» фестивалі-нің І орын иегері, әнші-композитор Таңат Жексенбаев қазылық етті.

Келесі күні ХІ халықаралық «Атамекен» ән фестивалінің жеңімпаз-жүлдегерлері белгілі болды. Байқауда романс жанрының бас жүлдесін тараздық Дінмұха-
мед Көшкінбаев (650 мың теңге ақшалай сыйлық) жеңіп алды.  І және ІІ дәрежелі дипломдарға алматылық Ержан Жұманиязов пен Жандарбек Еркінбаев (450 мың теңгеден) ие болды, ІІІ дәрежелі дипломды өскемендік Мақсат Саматов (350 мың) алды. Романс жанры бойынша қостанайлық Гүлбақыт Жаңбырбаева мен тараздық Сәуле Жуатбекова дипломант атанды.

Эстрада жанры бойынша оралдық Айбек Дәулетқалиев бас жүлдені (650 мың теңге) иеленді. Бірінші орын оралдық Тарас Жауымбаев, екінші жүлде нұрсұлтандық Айдын Жұмабаевқа берілсе, ән бәйгесінде үшінші тұғырдан қарағандылық Самат Шонов пен нұрсұлтандық Мейіржан Самылтыров көрінді. Эстрада жанрынан өзбекстандық Рахим Орынғалиев, атыраулық Айдана Сағындық пен ақтөбелік Ернар Дүйсеев дипломант атанды. Жүлделі орын алған әнші-лерге лауреат атағы берілді.

– Шығармашылық еңбек нәти-жесінде 200-дей ән шығардым. Фестиваль қатысушылары ұзақ уақыт естілмей қалған әндерімді орындады. Бұл үрдісті маған
жасаған сый-құрметі деп қабылдаймын. Жыл сайын ұйымдастырылатын фестиваль жас талант-тардың репертуарын байытып жатқанына қуаныштымын. Жүлде алмаған өнерпаздарға айтарым, бағындырар өмір белестері алда.Талантыңды сынға салатын басқа да байқаулар бар. Әрдайым тыңғылықты дайындалып, өнерлеріңді көрсете беріңдер. Маңдайларың жарқырайтындарыңа сенемін. Келесі жылы 80 жастың асуын бағындырамын. Мен өмір бойы ізденістемін. ХI халықаралық «Атамекен» фестивалін өт-
кізуге қолдау білдіріп жатқан об-лыс әкімдігіне, облыстық мәдениет басқармасына және ұйым-дастырушы мекемеге алғысым шексіз, –  деді әндер авторы Ескендір Хасанғалиев.

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен марапаттау салтанаты гала-концертке ұласты. Концертте фестивальдің қадірлі меймандары, әкелі-балалы
Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтер бірге ән шырқады.

Рахим Орынғалиев, Өзбекстан, Нүкіс қаласы:

– Ұлтым – қазақ.  Әкемнің айтуынша, ата-бабаларым Ақтөбеден қоныс аударған. Орал қаласына алғаш рет қадам басып тұрмын. Жасыл желек табиғаты көз тартады. Қазақстанның халық артисі Ескендір Хасанғалиев шығармашылығымен «Qazaq» радиосы, интернет, телевидение арқылы кеңінен таныспын. Бала күнімнен есіміне қанық болып өстім. Фестивальдің алғашқы кезеңінде эстрадалық «Анаға сәлем», «Әдемі-ау» әндерін орындадым.

Гүлбақыт ЖАҢБЫРБАЕВА, Қостанай қаласы:

– «Атамекен» ән фестиваліне алғаш рет қатыстым. Танымал әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Нұрлы таң», «Сені ойлаймын» романстарын шырқадым. Бұған дейін де атақты әнші Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы кең тынысты әндерді орындап жүрдім. Фестивальден көріп түйгенім, алған әсерім ұшан-теңіз. Біраз әншімен тәжірибе алмастым. Жайық өңірінде жетіліп, қанаттанып, шабыттана түскенімді анық сезіндім.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,
«Орал   өңірі»