16.07.2019, 16:44
Қараулар: 335
Бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі

Бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі

Биылғы суға шомылу маусымы басталғалы облыстың су айдындарында суға батудың 19 фактісі тіркеліп, 20 адам су түбіне кетті және оның 4-еуі бала. 2009 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі көрсеткішке көз жүгіртсек, осы уақыт аралығында облыс боййынша 262 адам, соның ішінде 72 бала суға батып кеткен. Мұндай қайғылы жайттың алдын алу, тілсіз жау тарапынан келген қауіп туралы хабарландыру мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті кешенді профилактикалық шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, жуырда жедел-құтқару жасағының оқу жағажайында БҚО ТЖД бастығы, генерал-майор Ж. Жұмашевтің қатысуымен көшпелі брифинг және БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Журналистермен тілдесу барысында Ж. Жұмашев қауіпті және шомылу үшін жабдықталмаған су қоймаларына 236 тыйым салу белгісі орнатылып, қазіргі таңда қосымша белгілерді жаңарту және орнату жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.

– Балалар арасында суға кету фактісін азайту мақсатында облыс көлемінде жүзуді үйрету курстарын ұйымдастыру қолға алынған болатын. Қазіргі таңда балаларға арналған жүзу сабақтары 26 орында жүзеге асырылады, оның ішінде ашық су айдындарында – 6, модульдік-қаңқалы бассейндерде – 16 және жабық бассейндерде – 4. БҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері қыс мезгілінде бассейндерде 553 баланы жүзуге үйретіп, жазғы кезеңде үш су айдынында – «БҚО ТЖД ЖҚЖ» ММ, «Евразия» туристік-сауықтыру кешені және «Самал» туристік лагері аумағында жүзуге үйретуді ұйымдастыруда, – деді Ж. Жұмашев.

Шара барысында БАҚ өкілдеріне суда құтқару қызметтері мен халықты құлақтандыру, сондай-ақ жүзуді үйрету, суда құтқару бойынша шеберлік сабақтары, суға батқан кезде алғашқы көмек көрсету бойынша шаралар көрсетілді. Сонымен қатар шомылу үшін жабдықталмаған жерлерге рейдтік тексеру ұйымдастырылып, жағажайдағы халыққа ата-аналардың балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдыруы, мас күйінде шомылу, жабдықталмаған және суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылудың қауіптілігі жайлы хабардар ету жұмыстары жүргізілді.

 

Батыс Қазақстан облысы ТЖД Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы