15.07.2019, 22:44
Қараулар: 218
Ақ Жайықтың үздік тауарлары

Ақ Жайықтың үздік тауарлары

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау көрмесі өтті. Көрмеге азық-түлік, тұрмыстық тауар және өндіріс жабдықтарын шығаратын 40 кәсіпорын қатысты.

 

Күз айында байқаудың республикалық кезеңі өтеді және үздіктер арасынан ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері анықталады. Облыс әкімінің орын-басары Миржан Сатқанов көрмедегі тауарлармен танысқан соң, жергілікті кә-сіпорындардың әлеуетін арттыру басты мақсат екенін айтты.

– Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл көрме өндірістік және инновациялық бағыттағы бизнес өнімдерінің, азық-түлік тауарларының халыққа танылуына септігін тигізуде. Кәсіпкерлікті жаңадан қолға алғандар да қатысуда. Облыс бойынша бизнестің дамуына бюджеттен қаражат тұрақты бөлініп отырады. Жаңа жобаларды қолдауға әзірміз, – деді Миржан Сатқанов.

Өңірлік байқау қорытындысында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымын «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Орал сауда өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымын «KazStepServise» ЖШС, «SaRi Suppliers Plus» ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымын «Белес Агро» ЖШС,  «Каверина С. В.» ЖК, «Талецкий» ЖК иеленді. Аталған қатысушыларға «Қазақстанның үздік тауары» ескерткіш белгісі берілді.

– «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауына қатысқаныма қуаныштымын. Екі жыл бұрын Ақсай қаласынан кәсіпорындарға арналған киім-кешекті жеткізумен, сатумен айналыстық. Қазіргі уақытта өзіміз цех ашып, одан арнайы киімдерді тігіп шығара бастадық. Кәсіпорындардан, түрлі мекемеден түсетін тапсырысқа орай жаз айларына 500 дана, қысқы маусымға 500 дана киім тігеміз. Ол үшін материалды Қытайдан тасымалдаймыз, – деді «Самғау Компания» ЖШС-ның директоры Нұрбек Мақсот.

Көрмеге Бәйтерек ауданы Белес ауылынан келген жеке кәсіпкер Гүлбақыт Қуанышқалиева ұлттық бағыттағы дәстүрлі кондитерлік десерт тағамдарын жасайды. Мысалы, талқан мен шербетті пішіні әдемі түйірге айналдырып, «Zere» атауымен әп-әсем қорапқа салып қойыпты. Биыл кәсіпкерлікті бастауға берілетін 2 млн. теңге мемлекеттік грантты ұтып алыпты. Енді тағам пісіруге арналған жабдық сатып алмақ. Екі адамды жұмыспен қамтымақ болып, оларды үш айлық курсқа жіберіпті. Алдағы уақытта қоспасыз балмұздақ пен басқа  да  тәттілер  жасауды  қолға  алмақ.

Саябақтағы көрмеде елімізге танымал кәсіпорындар өнімдері де назарға ұсынылды.

 

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»