15.07.2019, 22:39
Қараулар: 569
Ән дүлдүлін дәріптеген күн

Ән дүлдүлін дәріптеген күн

Ән мен жырдың ордасы Қаратөбеде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған ІV республикалық «Жезтаңдай, күміс көмей ән дүлдүлі» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Байқаудың ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған шара орталық саябақтағы Ғ. Құрманғалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, дарынды әнші-
нің рухына тағзым етуден бастау алып, аудандық мәдениет үйін-
де өткен байқаудың ашылу сал-танатында қайталанбас өнер иесінің өмірі мен шығармашылығы жайында бейнекөрсетілім көрер-мен назарына ұсынылды.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев байқау қонақтары мен өнер додасының қатысушыларына «қош келдіңіз» айтып, ән мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне тілек-тестігін жеткізді.

Ән құдіретімен елдің рухын биіктеткен жезтаңдай әнші, дәстүрлі өнер әлемінде өзіндік орны бар біртуар тұлғаның есімін мәңгі есте сақтау, дәстүрлі ән мектебі-
нің ұлы көшін үзбей, келер ұрпаққа насихаттап, өнер әлемінде жаңа таланттарды табу мақсатында өткен байқауға еліміздің әр аймағынан 22 өнерпаз қатысып, бақтарын сынады. Екі кезең-нен тұратын өнер додасында ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосын бастаған қазы-лар алқасы үміткерлер өнерін бағалады.

Еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздар бірінші кезеңде Ғарифолланың бір әнін, Мұхиттың жоғары диапазонды туындыларының бірін және әр қатысушы өз аймағының әнін орындауға тиіс болды. Байқаудың алғашқы кезеңінің шарттарын мүлтіксіз орында-ған 12 әнші келесі кезеңге жолдама алды.

Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының қорытындысында сөз алған Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев өнер додасына төрелік еткен қазылар алқасы мен барша қаты-сушыға алғысын жеткізді. Сондай-ақ Алматы қаласынан арнайы келген Ғ. Құрманғалиевтің ұлы Санат Құрманғалиевке шапан кигізсе, келіні Ләйлә Қабылқайырқызы мен немересі Меруерт Санатқызына құрметпен гүл дестесін ұсы-нып, иықтарына зерлі камзол жапты.

Екінші кезеңде жоғары дауыс ырғағы мен орындаушылық шеберлігін көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айдана Қаржаубаева байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Атыраулық Берік Амантаев бірінші, Ақжайық ауда-нынан қатысқан Данияр Елеуов пен ақтаулық Нұрым Асқанов екінші орынды еншіледі. Дәстүрлі әншілер байқауының үшінші ор-нын ақтөбелік Әділет Күзембаев, сырымдық Армат Алдамжаров, қаратөбелік Нұршат Исламғалиев өзара бөлісті. Жезтаңдай әнші атындағы байқаудың дипломанты атанған Бейбіт Қажығалиев, Ті-лек Базаров, Кенесары Мизамов, Жұлдыз Сүндетқалиева, Әзімхан Баймағамбетов арнайы сыйлыққа ие болды.

«Бұл – өнер мейрамы. Бұл – ұстазымыз Ғарекеңнің аруағына табынған күн. Түкпірдегі Түркіс-таннан келіп, ұстазыма арналған байқауда төрелік еткеніме өз басым өте қуаныштымын. Алдағы өмірді Алла білер. Бірақ өнерді қадірлеген жерге, өнерді түсіне білетін елге өнерпаздың келгісі келіп тұрады. Бізден кейінгі ұлт-тық өнерді жалғастырушы – осы сахнада тұрған жас өнерпаздар. Бәріміз де қарапайым отбасында тәрбиеленген қара табан бала болдық. Осы деңгейге жеткізген әуелі Алла, екінші – ұстазым Ға-рифолла Құрманғалиев. Бізді көрген, ән додасына қатысқан талант-
ты жастарымыздың санасында Ғарекеңнің аты өшпек емес», – деді ҚР халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы Қажыбек Бекбосын.

Мәдени шараның гала-концертінде байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлерімен қатар біртуар дарын иесі Ғ. Құрманғалиевтің төл шәкірттері Қажыбек Бекбосын, Хай-дар Өтеғалиев, Қапаш Құлышева сахнаға шығып, көрермендерді бір желпінтіп тастады. Ал Атыраудан келген Гүлмайдан Сүндетова Ғарекеңе арналған «Ағаны аңсау»
әнін орындап берді. Кеш барысында байқауға қатысушы Данияр Елеуов Алматыдан арнайы әке-лінген Ғарифолланың өзі ұстаған домбырамен Таңжарбайдың әні «Бағиланы» орындап берді.

Серікбай  ХАСАНОВ,

Қаратөбе  ауданы

Ләйлә  ҚАБЫЛҚАЙЫРҚЫЗЫ,  Ғарифолла  Құрманғалиевтің  келіні:

– Атамыз туған жерін соншалықты жақсы көріп өтті. Өзі туған
өлке – Қаратөбе туралы үнемі айтып отыратын. Батыс Қазақстан туралы теледидардан, радиодан жақсы хабар естісе, «Менің елімде болып жатыр», «Менің жерлестерім» деп балаша қуанатын. Елден адамдар келіп жатса, бала сияқты мәз болып, бір марқайып қалушы еді. Атамыз «Елден едік» деп үйге келген қаншама балаға көмектесіп, оқуға түсуіне, жұмысқа орналасуына ықпал етті, үйге жатқызды. Атадан «Бұл балалар сіздің туыстарыңыз ба?» десек, «Елден маған келді ғой» дейтін де, соларға құрақ ұшып, көмегін беріп жататын.

Адам кіндік қаны тамған, туып-өскен жерін өле-өлгенше ұмытпай-
ды екен. Атамыздың туған жерге, елге деген сағынышы өзімен бірге мәңгілікке кетті. Енді, міне, сол туған халқы, елі мен жері қазақ халқының ұлттық өнеріне, музыкасына өлшеусіз үлес қосқан дарынды тұлғасы, атағы бүкіл қазаққа ортақ әйгілі әншілерін, төл перзентін ұмытпай, зор қошемет көрсетіп жатыр.

Мен – ол кісінің екінші келінімін. Қазір Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс беремін. Атаның ниетінен шығар, мен кәсіби музыкант болып кездестім. Өздеріңіз білесіздер, ол кісі арабша хат таныды. Өлеңдерінің бәрін арабша, ескіше жазды. Мен ол кісінің шығарған барлық әнін, шығармаларын нотаға түсіріп беріп отырдым. Ал атам өте ақкөңіл, ақылды, еңбекқор, жаны сұлу, аузында аталы сөзі бар мейірімді адам болды. Осындай тарихи тұлғаның туған жерінде республикалық деңгейде өткізілген байқаудың басы-қасында жүрген ұйымдастырушыларға Құрманғалиевтер әулетінің атынан алғыс білдіремін. Қазақ өнері тұрғанда, оған осындай жоғары деңгейде құрмет көрсетіліп жатқанда қазақ халқы мәңгі жасайды. Ең бастысы, елдің іші аман, іргесі бүтін, тыныш заман болсын!

 

Айдана ҚАРЖАУБАЕВА, байқаудың бас жүлде иегері:

– Мен Ғарифолла бабамыздың 110 жылдығына арналған IV республикалық «Жез таңдай, күміс көмей ән дүлдүлі» атты байқауға қатысып, бақ сынағаныма өте қуаныштымын. Доданың бірінші кезеңінде Мұхиттың «Кіші айдай», Ғ. Құрманғалиевтің «Ақжайық», Қызылдың «Ой көк» әндерін орындадым. Кең тынысты қажет ететін әндерді сәтті орындауыма байланысты екінші кезеңге жолдама алдым. Екінші кезеңде қазылар алқасының сұрауымен Мұхиттың «Зәуреш», Ғарифолла атамыздың «Естілмеген есімдер» әнін шырқап бердім. Аталмыш байқауда бас жүлдені иеленгенім маған ерекше шабыт сыйлады.

 

Абай СӘЛЕКЕЕВ, ауыл тұрғыны:

– Ғарифолла атамыз – туған жерін елге танытып кеткен батыс ән өнері мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Жез таңдай әншінің мерейтойына орай оздырылған республикалық ән байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Халық көп жиналды. Дәстүрлі әндерді тыңдап, бір жасап қалдық. Жас таланттар толқыны өсіп келе жатқанын көріп, көңіліміз марқайып қалды. Қазылар алқасының төрағасы Қажыбек Бекбосын сахнаға көтеріліп «Шырмауық» әнін орындағанда өте риза болдым. Ғарекеңнің шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде қазақтың ұлттық өнерін насихаттап, әндерін сол қалпында орындап жүр, демек, ән дүлдүлінің аты мәңгі жасайды, өнері өлмейді деп сенеміз.