15.07.2019, 22:36
Қараулар: 419
«Тегін ақша» деп текке шашпайық!

«Тегін ақша» деп текке шашпайық!

Биылғы  1 сәуірден бастап  мемлекеттік билік тарапынан әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажетсінетін  күнкөріс деңгейі төмен және көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін  құжаттар қабылдау басталғаны белгілі.  Жанұядағы кісі басына 21 мыңнан ақша беріледі» дегеннен кейін түрлі пікірлер, қаңқу сөздер тоқталар емес. Осы үшін тұрақты жұмысынан бас тартып, туғанын сыртқа теуіп, өз малын өзгенің атына жаздырғандар да бар деседі. 

Қоғамда алуан пікір тудырған тақырыптың аудандағы жағдайын  білмек ниетпен алдымен аудандық  жұмыспен қамту орталығына бас сұқтық. Аталмыш орталықтың мәліметіне сай, бүгінде Қаратөбе  ауданы бойынша 307 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр екен. Оның 81-і – көп балалы жанұя. Құжат  қабылдау  әлі  де  жүргізілуде.

–  Атаулы әлеуметтік көмек – табысы төмен отбасыларға көрсетіп отырған мемлекеттің қол-дауы. Бір жыл бойы төленетін жәрдемақы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, кедейшілік құрығынан құтылуға беріліп отырған мүмкіндік. Қазір осы-ны халыққа түсіндіріп, ақшаларын барынша тиімді пайдалануға шақырудамыз. Әрине, «Өз ақшам, оны қалай жаратсам да өз еркім» дейтіндер де бар. Алайда  біздің мақсатымыз – халыққа көмек бе-ру, – дейді Қаратөбе аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Назира  Жұмағалиева.

Ауданда АӘК қаражатына мал, құс сатып алып, жағдайларын түзеуге кірісіп кеткен жанұялар да баршылық. Солардың бірі – Ханкөл ауылының тұрғыны Гүлшахира Боранқұлова. Көп балалы жанұяның Ақтөбе қаласынан көшіп келгендеріне үш
жыл болыпты. Осы кезге дейін пәтер жалдап тұрған олар жаңа қонысқа көшіп, қуаныштарында шек болмай жүр.

– Жұбайым вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Осы кезге дейін тапқан қаражатымызды пәтерге беріп жүрдік. Өткен айдан бері мемлекеттің тарапынан 86 мың теңге АӘК алдым. Осы қаражат арқылы банктен несие алып, баспаналы болып отырмыз. Жақында төртінші сәбиіміз дүниеге келеді. Осы кезге дейін баспана қиын-дығын көрдік. Енді өз жылы үйіміз бар, – дейді Гүлшахира.   Ал осы ауылдың тұрғыны Ай-нұр Жанатарова алғашқы алған ақшасына үй құстарын алған. Айнұр өзі ауылдық медпунктте кіші қызметкер болып жасай-ды. Отағасы жеке қожалықта жұмыста. Төрт перзент тәрбиелеп отырған ата-ана алдағы уақытта құс шаруашылығымен жүйелі айналыспақ ниетте.

Көп балалы ана Лида Хасен бол-са, жұбайы екеуі ірі қара алып, мал басын көбейтпек. Бір жылдары қолындағы малдары бруцеллезге шалдығып, барлығынан айыры-
лып қалған олар қайтадан мал бағумен айналыспақ. Олар сәуір айында тиген ақшаға баспақ алыпты. Ай сайын бір-екі малдан сатып алып отырмақ.

Осылай өз жұмысын бастап, әлеуметтік жағдайын көтеруге талпынып жатқандарға қоса, ел ішін-де барға қанағат ете алмайтындар да жоқ емес. Осыдан бірнеше
күн бұрын аудан әкімінің жекеблогына, сонымен қатар инстаграм әлеуметтік желісіндегі
@batys_kz парақшасына «не аисп жок не степендия жок. Укимет болгени не керек карапаиым халык ала алмаи сандалып журсе» (қаз-қалпында) деген пікір қал-
дырған желі қолданушысының жусандыойлық азаматша екендігін білдік. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы
Назира Жұмағалиеваны және Жусандыой ауылдық округі бойынша жетекші маман Айгүл Бақытжанова мен аудандық жұмыспен қамту орталығының округі
бойынша ассистенті Шынар Болатжанованы ертіп, шағым-данушының үйіне
бардық. Бірден көз жасына ерік берген ананы көргенде түсінбей тұрып қалдық. Алды-
мен қандай мәселе туындағанын сұрадым. Әңгіменің төркіні былай болып шықты.

Жусандыой ауылында тұратын Ж. есімді көп балалы ана сәуір айынан бері мемлекет тарапынан 105 018 теңге АӘК алады екен. Жұбайы мамыр айында қысқа мерзімді бір айлық оқуға жіберіл-ген. Ж-ның «Мемлекет ақшасын ала алмаймыз» деп жүргені мамыр айының ақшасы мен жұбайының бір айлық шәкіртақысы екен. Мә-селенің мәнісін білмей тұрып, бірден әлеуметтік желі арқылы өзіне назар аудартқан азаматша алдымен ауылдық округ әкіміне немесе жауапты мамандарға жолық-пағанын да мойындап отыр. «Ма-
ған ешкім келіп түсіндірген жоқ» дегенді сылтау еткен Ж. министрлікке де қоңырау шалыпты. Мамандардың айтуынша, АӘК-ның ақшасы айдың соңғы күндері аударылады екен. Ал қысқа мер-зімді оқудағы азаматтардың шәкіртақысы оқу аяқталған соң бе-
ріледі. Себебі ақшаны алғаннан кейін сабаққа бармай қалатындар көп  дейді.

Осы күнге дейін Ж-ның отбасына қайырымдылық айлықтары мен мемлекеттік мерекелер-де қоржын таратылып, көмектер көрсетіліп келген.

–  Шынар Болатжанова маған «АӘК-ның ақшасына мал немесе  тауық сатып алыңыз» деп күнде келеді. Мен ол ақшаға мал аламын ба, балаларыма тамақ аламын
ба? – деп ренішін білдірді жусан-дыойлық  кейіпкеріміз.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының округ бойынша ассистенті Шынар Болатжанова болса:

– Мемлекеттен алып жатқан ақ-шаны халық мақсатты пайдаланса екен дейміз. Бір жыл ғана беріле-тін көмекке жағдайын жақсар-тып, кедейшіліктен құтылуларына жәрдемдескіміз келеді. Мәселен, жусандыойлық көп  балалы  ана  105 мың теңге көлемінде АӘК алады. Сол қаржының аз бөлігіне ең болмағанда тауық, қаз сатып алса дейміз. Олардан болашақта көп пайда табуға болатынын түсіндіруге тырысып  жүрміз, – дейді.

Маманның айтқан сөзі орынды-ақ. Міне, халық арасында барға қанағат етпей, түймедей нәр-седен түйедей мәселе тудырып жүргендер де аз емес.

Жусандыой ауылдық округінде жыл басынан бері 24 отбасыға АӘК тағайындалса, сәуір айында олардың 16-сы мал алып, тұрмыс-тіршілігін түзеуде.

Тек бұл емес, жақын күні Төлен ауылының бір тұрғыны АӘК-ның ақшасын алып, көшеде шашып жүр деген сыпсың әңгімені құлағымыз шалды. Алайда сұрас-
тырып едік, кім екендігін таппай қойдық, қазақпыз ғой, білсек те айтпаймыз.

АӘК-ның ақшасын алып, еш-теңе жасамай, қалтаға басып отыр дегенді естіп, Сулыкөл ауылдық округі әкімдігіне де бардық.  Округ әкімі Берікқали Мұсаның айтуын-
ша, АӘК алатын отбасыларға тү-сінік жұмыстары үздіксіз жүргізі-леді екен. Сәуір айында бірінші рет ақша алғандықтан, мамыр айынан бастап бірнеше отбасы ақшаларын тиімді пайдаланбақ ниетте көрінеді.

Мысалы, үш баланың анасы, қалдығайтылық Бақтыгүл Батыр-ғалиева АӘК-ның ақшасын жинап жатқандығын айтады. «Ақшамды жинап, баспана алсақ деген ойы-мыз бар. Қазір тұрып жатқан үйіміздің құжаты да жоқ» – дейді. Ал көп балалы ана Бибігүл Дәріпова ай сайын қой мен ешкі малын алуды жоспарлап отыр.

Тұрақты жұмыс, мерзімді оқу, ақшалай көмек. Тұрмысын түзеп, кедейшіліктен құтыламын дегендерге барлық мүмкіндік жасалуда.

Біздің мақсатымыз да біреудің ақшасын есептеп, ішкі мәселеле-ріне араласу емес. Тек беріліп отырған «тегін ақшаны» әркім игілікке жаратса деген түсінік қалып-тастыру.

 

Ажаргүл  ӘЛИЕВА,

Қаратөбе  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар