11.07.2019, 22:39
Қараулар: 335
Әрбір жоба тиімділігі бойынша бағаланбақ

Әрбір жоба тиімділігі бойынша бағаланбақ

Сәрсенбі  күні  облыс әкімі  Ғали  Есқалиев  кезекті  жұмыс  сапарымен  Қаратөбе  ауданында  болды.  Өңір  басшысы алдымен   Қазақстанның  халық  әртісі, Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты, әнші-композитор  Ғ. Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған ІV республикалық  «Жез таңдай, күміс  көмей  ән  дүлдүлі» атты мәдени  шараның  ашылу  салтанатына қатысты.

 

Сапар барысында облыс басшысы Қаратөбе мектеп-гимназиясында болып, 2010 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген 300 орындық білім ұясын аралап, жертөледе жерасты суының көтерілуі мәселесіне байланысты мән-жаймен танысты. Жертөледегі жылу жүйесі құбырларының әбден таттанып істен шыққалы тұрғанын көріп, мектеп ғимаратын салған мердігер компания  басшылығымен бірге орын алып отырған жайдың себептерін анықтауды тапсырды.

Аудан орталығындағы «Қаратөбе сиезі» өткен тарихи орында болған лауазымды тұлғалар белгілі журналист, өлкетанушы болған Қайыржан Хасанов ағамыздың ұлы Ержан Хасановтың өз қаражатына салынатын музейдің құрылыс жобасымен танысты.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарында мемлекеттік бағ-дарламаларға сай жеңілдіктерді пайдаланып, кәсіпкерлік аясын кеңейткен Аққозы ауылдық округіндегі «Ермек» шаруа қожалығында болып, аталмыш шаруашылықтың  жұмысымен танысты.

Аққозы ауылдық округіне қарасты Жұмағали қыстағындағы «Ермек» шаруа қожалығында 500-ге тарта ірі қара бар. Аталмыш шаруа қожалығы 100 бас абердинангус тұқымын жерсіндіріп, 100 бас қазақтың ақбас сиырын өсіріп отыр. Өткен жылы Құмқұдық қыс-тағынан жаңа үй салдырып, екі құдық соқтырып, желден және күн көздерінен қуат алатын электр құрылғысын орнатқан. Қожалық-қа ауылдың он шақты азаматы жұмысқа тартылған.

Еңбек адамдарымен кездесуге келген облыс басшысына «Ермек» шаруа қожалығының жетекшісі Сә-кен Жұмағалиев шаруашылықта атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі әңгімеледі. Ал, округтегі жемісті істермен қатар өзекті мәселелер туралы «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Құсайын Мұқанов айтып берді.

Шаруашылық басында облыс басшылығымен кездескен аудандағы шаруа қожалықтарының жетекшілері мен кәсіп иелері өзен жағасынан тоғандар жасау, қыстақ-
қа электр жарығын тарту, көгілдір отын жеткізу мәселелерімен қатар, қой малына субсидия төленсе деген сияқты ойларын жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселелердің ұсыныс түсіру бойынша қаралатындығын жеткізді.

Өңір басшысының аудан активімен кездесу жиналысында аудан әкімі Жанат Асантаев Қаратөбенің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы  баяндады.

– Қаратөбе ауданының 2019 жылға нақтыланған бюджеті 4 млрд. 281,9 млн. теңгені құрайды. Осы жылдың 6 айына әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойын-
ша аудан бюджеті 2 млрд. 246,9 млн. теңгені құрады, соның ішінде жергілікті бюджетке 184,4 млн. теңге түсті (104,1%). Алдағы уақытта «Nazelprodukt» алкогольсіз сусындар шығаратын цехты іске қосу, «KazMeatIndustry» ЖШС Қаратөбе ауданында 5000 бастан 40 000 басқа дейін романовтық тұқымды қой өсіруге арналған кешен құрылысын салу жоспарлануда.

Жастар жылы аясында еліміздің алты өңірінде жүзеге асқан «Zhas Рroject» жобасына Қаратөбе ауданы бойынша 78 әлеуметтік жоба ұсынылды, яғни аудан бойынша
200-ден астам жас үміткер құжаттарын тапсырды. Жоба қорытын-дысымен 18 әлеуметтік жоба  үздік деп танылды. Бұл осы жобаны жүзеге асыратын 54 жастың кәсі-бін өркендетуге берілген үлкен мүмкіндік болып отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа-ласы аясында меценаттардың кө-
мегімен 2018 жылы 54 жоба жүзеге асты. Биыл 20 жоба жоспарланып отыр, – деді  баяндамасында аудан басшысы Жанат Асылханұлы. Сонымен қатар аудан бас-
шысы кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалар бойынша атқарылған жұмыстар мен алда атқарылатын келелі істер және міндеттерге тоқталып өтті.

Жиында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев тұрғын-дардың жер телімдерін алуына қолдау жасау, тұрғын үй салу мәселесі, Жусандыой, Ханкөл ауылдары арқылы өтетін жолды жаңартып, қатқыл табанды жол құрылы-сын салып,  Орал – Ақтөбе республикалық маңызы бар күре жолға қосу туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ Қоскөл ауылына бағытталған 9 шақырым жолды Ақтөбе трассасына қосуға Қоскөл ауылдық округінің жеке кәсіпкері А. Жолымбетов жол  жобасын жасақтап қойғанын айта келе, облыс басшылығы тарапынан қолдау болса деген ұсынысын білдірді. Сонымен қа-тар жастарға қолдау жасау, аудан орталығындағы ауылішілік 9 шақырым жолдың жөнделуі, бассейн салу жобасы жүзеге асса деген ойын да жеткізді.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы-ның маманы Маралбек Амантаев коворкинг орталығын ашу, Қалдығайты өзенінің арнасын кеңейту қажеттілігін, «Дипломмен ауылға»  мемлекеттік  бағдарламасы бойынша ауылға келетін жас
мамандарға ауданға бөлінген қаражаттың жетіспейтіндігін жеткізді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев  аудан активі алдында өңірде атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы келелі міндеттер туралы әңгімеледі.

– Мемлекет басшысы мамыр айындағы өңірге сапары кезінде біздің облыстың ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділі-гінің төмен екендігін айтқан болатын. Бұл көрсеткіште біз он алтыншы орында екенбіз. Бізден кейін Жамбыл облысы тұр. Бұл жөніндегі қателігіміз статистикалық есепті дұрыс жүргізбеуімізде болуда.

Жақында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бес жылға  арналған жоспарын жасақтадық. Оған барлық аудан мен қаладан ұсыныс-пікірлер жинақталды. Түскен өтініш көп. Олардың бәрін бірден орындау үшін бес есе көп қаржы қажет болады. Мемлекет тарапынан  бөлінген қаражаттың көмегімен ауқымды істердің тиімділігін жан-жақты қарауымыз керек, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар басты мән беретін мәселе бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, мал басы санының, өнімнің көрсеткіші т.б. статистикалық есептің нақты болуын, халықпен байланысты кү-шейтуді қадап айтты.

Қалдығайты өзенінің арнасын кеңейту туралы және  жас мамандарды, жастарды қолдау туралы түйткілдердің  өте орынды екендігіне тоқталып, бұл мәселелердің қадағалауында болатындығын жеткізді.

Биліктің халықпен байланысын күшейту мақсатында әр өңірге қоғамдық өкілдер белгіленгенін айтып, ауданға қоғамдық өкіл болған Ғарапша Сахиповты таныстырды.

Актив жиналысынан соң өңір басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша  қабылдады.

Ерболат   РАЙСОВ,
Қаратөбе   ауданы