11.07.2019, 22:22
Қараулар: 336
Ана өсиетіне адал азамат

Ана өсиетіне адал азамат

…1939 жылғы шілде айының он үшінші жаңасында жарық дү­ниеге көрінген Шораев Асқар Ишанұлының балалық шағы сұра­пыл соғыспен тұспа-тұс келді. Бұ­-
ған қоса сол замандағы ұр­пақтың жастық шағы да соғыс қи­ратқан халық шаруашылығын қал­пына келтіру кезеңімен сәйкес ке­ліп, өзге материалдық игілік­терді айтпағанда, ішер тамақ пен киер киімнен де қатты тарықты бұл буын. Осының бәрін біздің бүгінгі басты кейіпкеріміз «Көп­пен көрген ұлы той» ретінде қа­былдауға да пейілді еді, егер ар­-
қа сүйер асқар таудай әкесі қанмайданнан оралғанда… «Жығыл­ғанға – жұдырық» дегендей, тіпті әкесінің ағаларының бірі де, оғанқоса ортақ Отанды неміс фашис­терінен қорғауға аттанған наға­шы­ларының бірде біреуі елге оралмады. Сол боздақтардың бә­-
рі де Жеңіс үшін, бүгінгі ашық аспан, бейбіт күн, бақытты заман үшін майдан даласында мерт болып, баршасына жат жерден топырақ  бұйырды.

– Әкем 1942 жылдың қаңта­рын­да әскерге алынып, ел қор­ғау­ға аттанғанда анам Зейнел үйел­мелі-сүйелмелі жеті баламен қа­лып­ты. Бұл менің әлі үш жасқа да толмаған кезім ғой. Бір қыз, алты ұлдың кенжесі мен екенмін. Сұрапыл соғыс жылдары да, со­ғыстан кейін де біздің ауыл-ай­мақ­та біздің үйден бетер жағда­йы нашар, кедей отбасы болған жоқ, – деп бүгіндері қамыға ес­ке алады кіндік қаны Ақжайық ау-
­данының Ілбішін ауылдық кеңе­сінің аумағында тамған Асқар аға.

Иә, сөзбен айтудың өзі ауыр, еске алудың өзі қиын қиямет жылдар еді ол кезең. Бірақ қанша­ма қиындық көрсе де, қаншама мехнат шексе де абзал ана перзенттерін қатарынан кем қылмай жеткізуді өмірінің ең басты мұ­рат-мақсаты  санады.

– Анам жарықтық дастарқан басындағы әңгіме-дүкен бары­сында біздерге, перзенттеріне өті­рік айтпау, ешкімге қиянат көр­сетпеу, жамандық жасамау, егер мүмкін болса, қолыңнан келгенше жақсылық жасау жөнінде жиі айтып отыратын. Міне, сексен­нің сеңгіріне шыққанша анамның осы өсиеттерін бұлжытпай орындап келемін. Алдағы өмірімде де осы тура жолдан таймасым анық, – деп нық сөз сабақтады Ишан­ның  Асқары.

1962 жылы анасының қолына келін түсіріп, Альфия, София жә­не Рамазан есімді ұл-қыз сүй­ген Асқар ағаның өзі бүгінде он шақты немереге қоса, бес-алты шөберенің  ардақты  атасы.

Әке  рухына  тағзым

Асқар аға тек 40 жылдан соң ғана Отан үшін опат болған әке­сінің қайда жерленгенін біліп, әке зиратының басына барып, тағ­зым етіп қайтты.

… 1903 жылы өмір есігін аш­қан Ишан Шораев жоғарыда баян­дағанымыздай, 1942 жылдың қаң­тар айында Мерген ауылдық ке­ңесінен Чапаев аудандық әске­ри комиссариаты арқылы соғысқа ат­танады. Бірден Бугуруслан қала­­сында жасақталып жатқан қазақ­стандық полктің құрамына алынып, кейін бұл полк Саратов об­лысының Балашов қаласының ма­ңында әскери даярлықтан өтеді.

1942 жылдың шілдесінде Ишан Шораев қызмет ететін 206-ат­­-
қыш­­тар дивизиясы құрамындағы 748-ат­қыштар полкі шойын жол арқылы Воронежге таяу Лиски стансасы түбінде алғаш рет ұрыс­қа кіреді. Дивизия жауынгерле­рі фашистерге қарсы жан аямай майдан салады. Әр үй, әр көше үшін кескілескен шайқас болады.
Әсіресе, стансадағы мектеп ғима­ратын алу аса қиынға түседі. Се­бебі фашистер мектепке бекініп алып, пулеметтен оқты қарша бо­ратып, Кеңес әскеріне бас көтерт­пейді. Сол кезде минометшілер­дің асқан мергендігінің арқасын­да жаудың атыс ұясының көзі жо­йылып, сарбаздар еркін ты­ныстауға мүмкіндік алыпты.

206-дивизия одан әрі Воро­неж қаласы маңындағы Чижов плацдармын алуға қатысты. Немістер мұнда жаңа әскери бөлімдерін үсті-үстіне төгіп, авиацияны іске қосып, артиллериядан аяусыз ат­қылап жатты. Тарсыл-гүрсілден жер үсті, жеті қабат көк тұтас тітіркенді. Соған қарамастан, кеңес жауынгерлері жау плацдармын бұзып, бір деревнядан кейін екіншісін, бір қаладан кейін екінші қа­ланы босатты. 1943 жылдың қаң­тарына қарай дивизия Воронеж­ді азат етіп, Курск иініне жетті. Міне, осы төңіректегі Илек-Пеньковка деревнясы маңындағы ұрыс­­тардың бірінде, 1943 жылдың кү­зінде батысқазақстандық сарбаз Ишан Шораев ерлікпен қаза табады.

Жаужүрек жауынгердің қаза­сы туралы нақты хабар елге келмеген. Соғыс біткеннен кейін, яғни 1948 жылы «хабарсыз кетті» деген бір жапырақ қағаз ғана жетіпті. Әкесі жайлы қандай да бір де­ректі білуге ынтызар болған Ас­қар аға Ресей Федерациясы Қор­ғаныс министрлігінің Подольскі­дегі орталық мұрағатына екі рет аяқтай барады. Алайда мардым­ды жауап ала алмайды. Содан ке­йін Курск, Белгород, Воронеж қа­лаларына да табаны тиеді. Сөйтіп, қырық жылға жуық уақытын сарп етіп, майдангердің жорық жолымен өзі жүріп өтіп барып қана, ол әкесінің жоғарыдағы деревня маңында қаза болып, жерленге­нін анықтаған екен.

«Воронеж қаласына барға­ным­да, мені таңғалдырған жағдай – мұндағы халық соғыс тарихына өте құрметпен қарайды екен. Со­ғысқа қатысты кез келген мәлі­мет, кез келген жәдігер көздің қа­рашығындай сақталады. Осы ша­­һардағы №5 орта мектеп жа­-
ны­нан 748-атқыштар полкі құра­мында болған 206-атқыштар ди­визиясының музейі жасақтал­ған екен. Осы музейдің жетекшісі Барсукова  Мария Тимофеевна ди­ви­зия тарихы, оның тірі қалған, қаза болған және ха­барсыз кеткен ер­жү­рек сарбаз-сардар-
ла­ры туралы дерек-дәйектерді жыл­дар бо­­йы іздеп, тауып, бір кар­тотекаға жинап, үлкен жұмыс тын­дыр­ған. Әсіресе, мұра­жай қорын­да Воронежді азат етуге қатысқан Орта Азия рес­пуб­ли­­каларынан шақырыл­ған және қа­зақстан­­дық сарбаз­дар­дың есім­дерін көп кездес­тірдім. Жалпы, 206-ат­қыш­тар дивизиясы сапынан Ұлы Отан соғысы жылдарында 25 Кеңес Одағының Батыры шыққандығы да мен үшін айрықша жағымды жаңалық болды», – дейді А. Шо­раев.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Асқар ағаға «Әкем  мен оның қаруласта­ры жаудан қорғаған, сол үшін жандарын қиған өңірге тағы бір барып, есіл ерлердің әруағына тағзым етсем» деген ой маза бермейді. Ақыры ағамыз осы ниетін Батыс Қазақстан облысының сол кездегі басшылығына жазбаша жеткізеді. Көп ұзамай Батыс Қазақ-
стан облысы әкімдігінен Воронеж облысының губернаторы Алексей Гордеевтің атына май­дангер ұлының ниет-тілегі жа­зыл­ған жеделхат жолданады. Ал үшбу же-
делхатқа келген жауап­та былай делінген екен: «Воро­неж қа­ласында өткізілетін 1941-45
жыл­дардағы Ұлы Отан соғы­сы басталуының 70 жылдығына арнал­ған мерекелік шара-ларға Асқар Ишанұлы Шораевты қатыстыру мәселесі қарас-тырылып, оң ше­шімін тапты.
Қала әкімшілігі оған жан-жақты қолдау көрсетуге әзір». Осы қуанышты хабар құлағына тиісімен Асқар аға Воронежге асық­ты. Жауынгер даңқы мәр­те­бесін иеленген Воронеж де май­дангердің ұлын жатсынбай қар­сылады.

– 2011 жылы Ресейдің Воро­неж шаһарында Ұлы Отан соғысы басталуының 70 жыл­дығы­на арналған шаралар өте жо­ғары деңгейде өтті. Губерна­тор Алексей Гордеев мырза ме­ні өзі тұрған трибунаға, қасына шақырып, айрықша ілтипат білді­ріп, алғысын айтты. Одан кейін қаладағы музейлерді, соғысқа қа­­тысты ескерткіштерді аралап көр­-
дік. Әкемнің, оның қарулас­та­рының жанкешті ерлігіне басымды иіп, тағзым еттім, – деп тебіре­не еске алады бүгіндері Асқар аға сол  Воронеж  сапарын.

 

«Біз  Елбасымен  бірге  қара  металлургияда шыңдалдық»

 

Асқар Шораев – Қарағанды облысына қарасты Теміртау қала­сындағы металлургия комбинатында 33 жыл бойы табан аудар­май тер төккен еңбек ардагері. Жалын-жігері мол жас кезінде ыс­тығы 1000 градустан астам дом­на пеші арқылы қара металдан «өзен» ағызып, болат, шойын қо­рыта жүріп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге ең­-
бек майданында құрыштай шың­далған Асқар Ишанұлының өмір­ден көргені де, көңілге түйгені де көп.

Асқар ағайдың және бір қы­ры – оның жастайынан спортқа ден қойғандығы. Соның айға­ғын­дай А. Шораев – велоспорт пен шаңғыдан қазақ жастары арасы­-
нан шыққан КСРО-ның тұңғыш спорт шебері, Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңірген бап­ке­рі, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері. Бапкерлік жылнамасында Ишанның Асқары велосипед спортынан КСРО-ның 30 спорт шебері мен КСРО-ның бір (1) халықаралық дәрежедегі спорт шеберін даярлаған маң­дайалды маман. Бүгіндері ол – ту­ған өлкемізде велоспорттың өр­-
кендеуіне атсалысып жүрген азамат. Асқар Ишанұлы әлі күнге шейін облысымыздың ең шалғай аудан-ауылдарына дейін барып, жастарға патриоттық тәлім-тәр­бие беруге атсалысып жүр.

Еңбек жолын 1957 жылы өзі­нің туған ауыл-аймағы – қазіргі Ақжайық ауданына қарасты Ілбішін кеңшарында тракторист бо­лып бастаған Асқар ағай кезін­де  ауыл жастарына жетекшілік (ком­сорг) міндетті де атқарды. Оның 1959 жылдан бастап 1992 жы­лы зейнеткерлікке шыққанға дейінгі бүкіл өмірі Қарағанды металлургия комбинатымен тығыз байланысты.

– Мен жастарға Қазақстанның қара металлургия өнеркәсібінің қалыптасуы жөнінде жиі әңгіме­леймін. Өйткені орасан зор қа­жыр-қайрат пен жалын-жігерді, сондай-ақ темірдей төзім-тағатты талап ететін өнеркәсіптің бұл саласы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты тұлға, қай­раткер ретінде шыңдаған сала. Мұны өз естеліктерінде Ұлт көш­басшысының өзі айтып та, жазып та жүр.

Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақстан­ның қара металлургия саласы үшін қазақ жастарынан мамандар даярлау күрт қолға алынды. Сол жылдары аталмыш салада жұмыс іс­теуге аңсары ауған 500-ден аса қазақ жігіті Днепродзержинск (Украина), Сталинск (қазіргі Новокузнецк қаласы, Кемерово облысы, РФ), Ресейдің Челябинск қала­сын­да және Челябинск облысын­да­ғы Магнитогорск қаласына оқуға аттанды. Бұл қалаларда біз қара металлургия өндірісіне қажетті әр түрлі жұмысшы мамандық­та­рын меңгердік. Мәселен, құра­мын­да болашақ Президентіміз бар топ Днепродзержинскіде келешек кө­рікші (горновой) ретінде домна өндірісінің мән-жайына қанық­ты. Ал біздің топ Сталинскіде техно­лог-металлург мамандығын мең­герсе, Челябинскіге аттанған жігіттер токарь, фрезеровщик және шлефовщик болуға ден қойды. Ал Магнитогорскідегі замандаста­рымыз домна пешінің шебері, сал­қын шойын өндірісінің маманы және краншы секілді кәсіптерге маманданды.

Біз барған жерімізде теория­лық оқу мен өндірістік үрдіске қа­-
тар қанықтық. Мысалы, аптасына 2-3 күн оқысақ, 2-3 күн жергілікті өндіріс ошақтарында жұмыс істейтінбіз.

Қара металлургия – өнеркәсіп­тің ең ауыр саласының бірі. Тек мына бір-екі фактор-ақ талай адамның төбе шашын тік тұрғы­зары анық. Біз жұмыс істеген кез­-
дегі домна пешіндегі техноло­гиялық ыстық 1085°С шамасында, ал көрікшінің (горновой) күн­делікті жұмыс аймағындағы қызу +200 градус пен +500 градус аралығында болатын. Ол кезде автоматтандыру, компьютерлендіру деген атымен жоқ, барлық жұмыс түгелдей қолмен істеле­тін. Қаншама қарулы, тепсе темір үзе­тін жаста болсақ та, ауысымнан сілеміз қатып шығатын. Бі­рақ жастықтың аты жастық қой, шір­кін! Аз-кем тынығып алып, би кешіне немесе спортзалға тартатынбыз.

Иә, жұмыс өте ауыр еді, әсі­ре­се, қыстың күндері. Өзіңіз ой жүгіртіп көріңіз, алдыңнан 200°-500° аралығындағы ыстық шар­-пыса, арқа тұсыңнан Сарыарқа­­-
ның сақылдаған -40°, -45° аязы қа­риды, ал тура алдыңда болат, құрыш, шойын секілді ең берік, ең мықты металл түрлері «өзен» болып ағып жатыр. Оның үстіне өндірістік тәлімгер ретінде бекі­тілген сол кездегі «аға» ұлт өкіл­дері біздің ешқайсысымызға жа­рытып жылы қабақ таныта қой­ған жоқ. Олар бізден тек жұмыс­ты қатаң талап етуді білді. Не­сін жасырайық, ара-арасында на­мысқа тиетін ауыр-ауыр сөздер де айтылатын. Міне, осындай жағ­дайлардың салдарынан көп­теген қазақ жігіттері өздерінің «металлург болсам» деген ойынан айныды. Айналып келгенде, әу баста­ғы 500-ден аса қазақ жігітінің металлургия саласында біразыра­ғы, бірақ нағыз «қасқырлары», нағыз алғырлары қалды. Солар­дың бірі және бірегейі қазақ елі­нің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болатын. Сондай-ақ Марат Ырысбаев, Жеңіс Қайырмағамбетов, Жансұлтан Ыс­майылов сынды бірқатар қазақ жігіттері де нағыз кәнігі металлург болып қалыптасты. Тіпті «Қар­меткомбинатта» ұзақ жыл агломе­рациялық өндіріс басшысы­ның орынбасары болып қызмет істе­ген Марат Ырысбаевтың ұлы Ар­тур баламыз өзіміздің төл кәсіп­-
орнымызда тура әлгі қызмет­те бү­гіндері әке жолын жалғас­ты­руда. Әуелкіде металлургия са­ла­сындағы еңбек жолын қара жұ­мыстан бастаған біздің жігіттер­-
дің біразы бертін келе Теміртау­дағы Жоғары техникалық оқу орнын (ВТУЗ) және басқа да институттарды бітіріп, өндіріс командирлеріне айналды, – деп бір қайырды Асқар ағай.

Бірде металлургия майталманынан Бөкей ордасы колледжі­­нің студенттерінің бірі Елбасымен қашан, қандай жағдайда та­ныс­қандығын сұраған екен.

– Біздер 1960 жылғы маусым айының үші күні домна пеші ар­қылы бірінші рет өнім өндірдік. Бұл біздің қара металлургия са­ласындағы жанкешті еңбегіміздің алғашқы жемісі, бастамасы ғана еді. Сол кезде алабұртып толқып тұрған біздің арамызда Нұрсұлтан Әбішұлы да болды, – деп жауап беріпті Асқар Ишанұлы. Ал тағы
бір студент Елбасымен бірге өт­кізген ең әсерлі сәт жөнінде сұ­раған көрінеді.

– 1962 жылы 25-27 ақпан ара­лығында Қазақстан комсомо­лы­ның оныншы сиезі өтті. Жастар­дың осы алқалы жиынына елі­міздің ең ірі облыстарының бірі –
Қарағанды облысынан сайлан­ған 100-ден аса делегаттың үшеуі біздің комбинаттың өкілдері еді. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, қа­зір фамилиясын ұмыттым, Бану деген құрбымыз және мен, яғни Асқар Шораев. Біз сиезге жолай әсерлі әңгіме айтып, ән шырқап, тіпті кейбір мәселелер бойынша қызу пікір таластырып, өте жоға­ры көңіл күймен бардық. Бәріміз де жалындап тұрған жастармыз ғой, жол бойы, әсіресе, жасампаз еңбегімізбен туған елді жайнату жөнінде жиі әңгіме болды. Сиезге Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев қатысты. Осы сиезде Нұрсұлтан Назарбаев
сөз сөйлеп, металлургтердің өн­ді­рістік тыныс-тіршілігі және тұр­мыстық жағдайы туралы күрме­уі көп мәселелерді алға тартып, баяндама жасады. Сиезден кейін көп ұзамай түгел дерлік болмаса да, біраз мәселе шеші­мін тауып, өндірістік жұмысымыз да,
күнделікті тұрмысымыз да әжеп­тәуір жақсара түсті. Сірә, сондық­тан болса керек, осы сапар менің жадымда  ерекше  сақталыпты.

Жалпы, ауыр жұмыстан қолы­мыз қалт еткен сәтте Нұрекең қо­лына домбыра алып, ән салып, жанымызды жадырататын. Біздің жігіттердің бәрі дерлік спортпен,
әсіресе, күрес, бокспен белсен­ді айналысты. Сол жылдары Нұ­рекеңді күрес залынан жиі кө­ретінбіз. Егер өзіміздің қыз-жігіт­тер қол ұстасып, шаңырақ кө­те­ріп, отау құрар болса, барымыз­ды салып, комсомолдық той өт­кізетінбіз.

Осындай ортақ шаруаның бел ортасында қарайған ұйымдасты­ру жұмыстарының қиюын келті­ріп, Нұрекең жүретін еді. Өте ау­қымды жұмысбастылығына жә­не саяси биліктің шырқау шыңы­на шыққандығына қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы әлі күнге де­-
йін қыруар қиындықты бірге өт­керген жас кездегі дос-жаранда­ры мен өзіне өмірлік бағыт-бағ­дар берген ұстаздарын ұмытқан емес. Әрі ол қажет жағдайда қол­ұшын беріп, шуағын түсіруді де үнемі ескеріп отырады. Мі­не, нағыз адамға тән дос-жолдас­тыққа адалдық, жасы үлкенді ар­дақтау, туған еліңнің мүддесі үшін жағдайыңның бар-жоғына қара­мастан, жанкешті еңбек ету секілді осындай асыл қадір-қасиеттер бүгінгі жастарға да жұғысты бол­ғай, – деп жауап беріпті Асқар аға жастардың жаңағы сұрағына. Орайы келіп тұрған осы тұста Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев өзі­­нің 1985 жылы Алматыдағы «Қа­зақстан» баспасынан шыққан «Сталь­ной профиль Казахстана» атты кітабында Асқар Шораевтың Қазақстан магниткасында бірге шыңдалған замандастарының бі­-
рі екендігін айта келіп, Асқар аға­мыздың бертін келе Теміртауда­ғы металлургия комбинатының қо­ғамдық өміріне жылдар бойы белсенді араласқандығын, әсіре­се, спорттың бұқаралығын арт­тыру бағытында өте белсенді жұ­мыс істегенін атап өткендігін оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн санадық.

 

Ауыл-аймағына жанашыр   ақсақал

 

Қазіргі заманғы қазақ әде­бие­тінің негізін қалаушылардың бірі, академик-жазушы Сәбит Мұқанов бір сөзінде:

Туған жер, ешнәрсе жоқ сенен ыстық,

Себебі, сенде туып, сенен ұштық, – деп тебіренген екен. Мәселеге осы тұрғыдан келген­-
де, Ишанның Асқары да туған же­­рін ұмытқан емес. Асқар ағай­дың Ақжайық ауданындағы бүгін­дері Ақжол ауылдық округі деп аталатын өзі туып-өскен ауыл-аймағына жасаған жақсылығы көл-көсір. «Жақсының жақсылы­ғын айт, нұры тасысын» дегендей, сол іргелі істердің ірілерін ел-жұрттың жадында жаңғыртып көрелік. Алдымен айтарымыз, аға­мыз аталмыш ауыл-аймаққа кө­гілдір отын мен сапалы ауыз су құ­бырының тартылуына, округ ор­талығындағы мәдениет үйі мен мектептің күрделі жөндеуден өт­уі­не ұйытқы болды. Сосын спорт қалашығын салдырып, мектепке жергілікті шаруа қожалықтары­мен тізе қоса отырып, жиырма шақты велосипед алып беріп, спорттың бұқаралылығын артты­рып, ел ішінде, халық арасында салауатты өмір салтының нығаюына тікелей үлес қосты. Ауыл мекте­біне енді бірнеше жұп шаңғы алып бермек. Сонымен қатар Асқар Ишанұлы Құрбан айт, Ораза айт, Наурыз мейрамы, қайырымдылық айлығы мен «Мектепке жол» акциясы кезінде де әлеуметтік жәр­-
демді қажетсінетін жандарға жа­н­ашырлық танытудан жаңылған емес. Айтпақшы, А. Шораев тек аудан-ауылда ғана емес, тіпті облыс орталығында да спорттың кең қанат жаюына лайықты үлес қосып келеді. Мысалы, жағасына Орал қаласының орталық саяба­-
ғы қоныстанған Шаған өзенінің арғы бетінен веложол мен жас­тарға арналған шағын спорт қа­лашығын салу да Асқар Ишанұлы­ның идеясы болатын. Бүгінде бұл шаруа біраз еңсерілді.

– Туған ауылымнан анам Зей­нелдің атындағы мешіт салдыр­ғанда екі мақсатты көздедім. Бі­рі – жылдар бойы құла бейнет көре жүріп, мені тең құрбымнан кем қылмай жеткізген анамның рухына тағзым. Ал екінші көзде­генім, өз қаржыма салдырған аяу­лы анам атындағы мешітті сауат­ты имам-молдалармен қамту ар­қылы ауылдастарымның жат діни ағымдарға арбалуына жол бермеу. Шүкір, бұл мұрат-мақсатыма да жеткен сыңайлымын, – дейді Асқар ақсақал бұл күндері.

 

Саят   пен   саяхат

Асқар ағаның айтуынша, оны қаршадай бала кезінен балық және аң аулауға өзінің туған аға­сы, ата-анасының тұңғыш перзен­ті Қуаныш ағай баулыған көріне­ді. Жүріс-тұрысы ширақ, әлі күнге дейін даланы айтпағанда, ығы-жығы, адамы да, аутоарғымағы да көп қалада темір тұлпарын өзі жүргізетін Асқар аға ара-тұра аң­-
ға да шығып, балық аулауға да барып тұрады. Бәлкім, сенерсіз, бәлкім, сенбессіз, сексеннің сең­гіріне шыққан кейіпкеріміз күні бүгінге дейін сөздің тура мағына­сында құралайды көзге атқан мерген! Сірә, бұл да бір Құдай­дың бергені шығар. Әйтпесе, сексен жаста көп кісіге мәшине айдау, саятқа шығу,  бағбан ретінде бау-бақша баптау түгілі, құр әшейін жүріп-тұрудың һәм үйге кіріп-шы­ғудың өзі үлкен шаруа. Сондай-ақ ағамыз зайыбы Ләйлә апаны ер­тіп алып, ағайын-туыс, дос-жа­ран­ды айтпағанда, тіпті ара-тұра алыс­ты-жақынды шетелдерге де тартып кетеді. Мысалы, ағамыз­дың өзі былтыр 21 күн бойы өте­тін 3300 шақырымдық «Тур де Франс» веложорығын тамаша­лап келді. Үшбу веложарыс кө­рер­мен­ді көп жинаудан олимпиада ойындары мен футболдан әлем чемпионатынан кейін үшінші орында.

– Ойы-қыры, жыра-жықпылы көп, Пиреней тауларының асу­ларының ара-арасымен өтетін «Тур де Франсты» тамашалауға жиналған мың-сан бейтаныс кө­рерменнің біразы біздің коман­даға «Астана! Астана!» деп жанкү­йерлік танытқанда жан дүниең толқып, жүрегің тебіренеді екен, – деп ағынан жарылды бізбен әң­гіме-дүкен барысында ағамыз.

Тіл-көзіміз тасқа, сексенге сіз секілді жан дүниесі сергек, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы ширақ қалпында келген адам сирек. Әлі талай жыл осы қалпыңыздан танбай, айналаңыз түгел аман бо­лып,  жасай  беріңіз,  Асқар  аға!

Бауыржан   Әлжанұлы