8.07.2019, 21:29
Қараулар: 76
Жайықты отызыншы рет жүзіп өтті

Жайықты отызыншы рет жүзіп өтті

Батысқазақстандық  мектеп  оқушыларының  «Жайық-Орал»  туристік-экологиялық  экспедициясы  осымен  отызыншы  рет  ұйымдастырылды.

1989 жылдан бері өтіп келе жатқан аталмыш жорық балаларға экологиялық тәрбие береді. Яғни олардың  қоршаған ортамен  және табиғатпен өзара тығыз байланыс орнатып, ондағы күрмеулі мәселелерді шешуге баулиды. Биылғы жорыққа 60-қа жуық бала қатысып отыр. Екі кезеңмен өткен экспедицияның алғашқы бөлімі  маусым айының 25-30-ы күндері аралығында болды. Жорықшылар Бөрлі ауданының Жарсуат ауылынан Төңкеріске дейінгі аралықта 167 шақырымды  жүзіп өтті. Ал 30 маусым — 5 шілде аралығында өткен  келесі кезеңде Төңкерістен Оралға дейін  162 шақырым  жүзген.

Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының бөлім меңгерушісі Ниязбек Ғатауовтың айтуынша, бұл кезеңге Ресей федерациясының Киров облысындағы  экологиялық  топ та қатысқан. «Балалардың бойында белсенді өмір салтын қалыптастырып, оларға экологиялық тәрбие беруде, табиғатты аялауға және қамқор болуға баулитын бұл жорықтың маңызы зор. Бұл экспедиция барысында олар Жайық өзенінің экологиялық жағдайына зерттеу жүргізіп, жай-күйімен танысты. Тазалау жұмыстрын жүргізіп, жағалауына тал-теректер отырғызды», — дейді Ниязбек Хамидоллаұлы.

Айта кету керек, экспедицияға туған өлкесінің табиғатын зерттеумен айналысатын 14-18 жас аралығындағы оқушылар қатысады. Олар далалық жағдайда өмір сүруді, жекелей және топтық  зерттеу жұмыстарын жүргізуді білуі қажет.

 

Ясипа   РАБАЕВА,
«Орал   өңірі»